Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған шаралар

20.10.2016

Тәуелсіздікке 25 жыл: Шетелде тұратын отандастардың қатысуымен Халықаралық өнер фестивалі

6-7 қазанда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Алматы қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шетелде тұратын отандастардың Халықаралық өнер фестивалін өткізді.

Фестивальдің мақсаты – шетелде тұратын отандастарымызбен мәдени, рухани байланысты нығайтып және олардың ұлттық әлеуетін арттыру.

Фестивальға Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің өкілдері, республиканың барлық өңірлерінен оралмандар, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, әлемнің жиырмаға жуық мемлекетінен жиналған қазақ диаспорасының 50- ден аса өкілі және студенттер қатысты.

Қатысушылар алғашқы күні Алматы қаласының көрікті жерлеріне барып, әсем қаламен танысты. «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоғын қоюдан бастау алған Халықаралық өнер фестивалі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Алматы-тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты сурет көрмесінің ашылуымен басталып, жыр мүшәйрасы мен термешілер сайысына ұласты.

 Сайысқа түскен қатысушылар өз өнерлерін танытып, қазылар алқасының ше­шi­мi­мен жүлделі орындарға қол жеткізді.

Сурет көрмесінен: бас жүлдені Қытай Халық Республикасынан Үйсін Тұрсынбек (200 000 теңге), бірінші орынды ҚХР-дан келген Аршын Қабылбек (150 000 теңге), екінші орын Өзбекістандық Ержан Юсупов (120 000 теңге), үшінші орынды ҚХР-дан қатысқан Жалын Бауырхан (80 000 теңге) иемденді.

Ақындар мүшәйрасы арасында – бас жүлде ҚХР-дан келген Әділет Ахметұлына, бірінші орын Монғолиялық Айжан Табаракқызына, екінші орын да Монғолиядан қатысқан Қызырбек Дүгінбайұлына, үшінші орын Өзбекістандық Еркебұлан Қолғанатовқа берілді.

Термішілер сайысында – бас  жүлдені ҚХР-дан келген Сәулежан Тақзия, бірінші орынды Өзбекістандық Бауыржан Ермекбаев, екінші орынды ҚХР-дан Алтыншуақ Төлеген,үшінші орынды да ҚХР- дан келген  Сәния Өнерхан иемденді.

Бірнеше қатысушы ақшалай ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Кеш соңы гала концертпен аяқталды.

Өзгерту: 20.10.2016