«Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуы

25.12.2012

«Қазақстан -2050» стратегиясын түсіндіру жұмыстарына 100 бұқаралық ақпарат құралы тартылады-Д.Мыңбай

«Қазақстан -2050» стратегиясын түсіндіру жұмыстарына 100 бұқаралық ақпарат құралы тартылады-Д.Мыңбай

ҚазАқпарат. «Қазақстан -2050» стратегиясын түсіндіру жұмыстарына 100 бұқаралық ақпарат құралы тартылады. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президентінің «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңесте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай айтты.

«Қазақстан -2050» стратегиясының қазақстандық қоғамда отансүйгіштікті қалыптастыру, мәдениетті дамыту мен тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған ережелерін түсіндіру жұмыстары таяу кезеңдегі БАҚ-тың ақпараттық түсіндіру жұмыстарының ең басты басымдығы болады. Бұл жұмыстарға мемлекеттік тапсырысты орындайтын барлық БАҚ тартылады. Ал бұл шамамен  100 газет, телеарна, радиожурнал және интернет ресурстар», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ақпараттық жұмыстардың барлық тетіктері, атап айтқанда, логотиптер, арнайы айдарлар жасау, жаңалықтар топтамасын, ток-шоу, сарапталық бағдарламалар шығару, деректі фильмдер түсіру қолға алу жоспарланған.

Сонымен бірге елімізде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекке баулу сынды тақырыптар өзек болған 20-30 кітап жыл сайын шығарылады.

 «Министрлік Жазушылар одағымен бірлесе отырып, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін жарыққа шығарудың жаңа қадамдарын құрастыруда. Ендігі  жерде еліміздің ақын, жазушыларына жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекке баулу, қазақстандық құндылықтарды қастерлеу және басқа да өзекті тақырыптар бойынша жазылатын жаңа шығармаларына арнайы тапсырыстар берілетін болады», - деді ол.

Министрдің пайымынша, бұл шешім арқылы еліміздің баспа саясатын алдын ала ұзақ мерзімге межелеуге, жылына 20-30 шамасындағы жаңа шығарманың оқырман қолына жетуіне жол ашылатын болады.

«Жоспарланған шараларды іске асыру арқылы біз зиялы қауымды ұлттық құндылықтарды насихаттау мен жаңа қазақстандық патриотизмді орнықтыру ісіне жұмылдыра түспекпіз», - деді Д.Мыңбай.

Сонымен қатар, Д.Мыңбай Тіл білімі институты жанынан латын қарпіне көшу жөніндегі арнайы орталық құру қажет, деп атап өтті.  

«Қазақстан-2050» Стратегиясы тіл мәселесіне жаңаша серпін берді. Елбасы 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру жөнінде нақты міндет жүктеді. Соңғы 90 жылдың  ішінде қазақ әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, араб алфавиті, одан төте жазу, одан кейін латын қарпі, соңында кирилицаға дейінгі күрделі жолдан өткені өздеріңізге мәлім. Әлбетте, соңғы 70 жылда  қазақ ғылымы мен білімі кирилица жазуының арқасында жан-жақты дамып, рухани қазынамыз толыға түсті. Алдағы кезеңде латын қарпіне көшу арқылы біз бұл проблемаларды шешіп қана қоймай, әлемдік ақпараттық-коммуникативтік кеңістікке кеңінен ықпалдаса түсетін боламыз», - деді ол.

Осы орайда министр Мемлекет хатшысына алға қойылған міндеттерді толық жүзеге асыру үшін филологтар мен әлеуметтанушылар, тарихшылар, экономистер және басқа мамандық иелерінің күш жігерін біріктіре отырып, Тіл білімі институтының жұмысын қайта бағдарлау не болмаса осы мекеме жанынан латын қарпіне көшу жөніндегі арнайы орталық құру ұсынысын жасады.  Оның атап өтуінше, бұл құрылымның алдына бұған дейін осы жолды жүріп  өткен Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Молдава, Түркия елдерінің тәжірибелерін тыңғылықты зерттеп, зерделеп қана қоймай, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру бағдарламасын әзірлеу жөнінде келелі міндет қойылмақ.

 Сонымен қатар  жоғарыда аталған мемлекеттер латын қарпіне көшуде бірқатар қателіктерге бой алдырғандығын, ал біздерге ол олқылықтарға жол бермеуге толық мүмкіндік бар екендігін баса айтқан Д.Мыңбай: «Бұл бағыттағы аса ауқымды жұмысты жүйелеуге Үкімет тарабынан жіті бақылау мен үйлестіру шаралары жүретін болады. Үкімет тарабынан арнайы комиссия құру жөнінде бастама көтеріп отырмыз», - деді.

30 томдық терминологиялық сөздікті дайындау барысында соңғы кезде терминологиялық сәнге айналған әсірешілдік қағидаттардан бас тартуға тырысамыз, деп атап көрсетті Д.Мыңбай.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша терминологиялық жұмыстың талаптары түгелдей қайта қаралуда. Атап айтсақ, биылғы жылдан бастап әзірленіп жатқан 30 томдық терминологиялық сөздікті дайындау барысында соңғы кезде терминологиялық сәнге айналған әсірешілдік қағидаттардан бас тартуға тырысамыз», деді ол.

Естеріңізге сала кетейік,  Елбасы өз Жолдауында: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.  Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет.  Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн. Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. Біз өмірді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес», деп атап өткен еді.

Сонымен қатар Д.Мыңбай жастар арасына танымал шетелдік авторлардың шығармаларын анықтап, қазақ тілінде жарыққа шығару үшін байқау жарияланатынын хабарлады.

«Қазақ тіліне аударып басып шығару үшін біз таяу мерзімде жастар арасында танымал шетелдік авторлардың шығармаларын анықтау бойынша жалпы республикалық конкурс жариялайтын боламыз», деді ол.

Сонымен қатар министрдің атап өтуінше, елімізде қазақстандықтардың лингвистикалық қорын өрістету ісіне, яғни орыс және ағылшын тлдерін меңгерулеріне мемлекет тарапынан барлық деңгейде қолдау көрсетіле беретін болады.

«Жыл сайын көптілді меңгеріп жатқан жастарымызды ынталандыру мақсатында түрлі олимпиадалар мен форумдар және конкурстар өтетін болады. Алайда бұл жұмыс тек республикалық деңгейде ғана қалып қоймауы тиіс. Біздің ойымызша, аймақтарда да көптілділікті қолдау бойынша ынталандыру ісі және осы салада жұмыс істей келетін кадр мәселесі қайта қаралуы керек», деді Д.Мыңбай.

Өзгерту: 25.12.2012