Жарияланымдар, Сұхбаттар

26.03.2015

Наурыз – ізгілік нышаны

«Жас Қазақ» газеті, 20.03.2015 ж.

«Наурыздың берер несібесі мол» дейтін ырымды берік ұстанған қазақпыз. Әрине, әрбір мерекенің өзіндік салмағы бар. Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыз­дың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бастауы» деп ұғады. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан» деп, Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп берді.

Қазір Наурыз дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп, ұртын майлап қонақ болып кететіндер мен сырттан бақылайтындар болып, екіге бөлініп кетті. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы. Біз осыған назар аударуымыз керек. Сондықтан да Наурызға қажет іргелі ізденістер мен тарихи әрі заманауи шаралар турасында айтар болсақ, мұның бірнеше жолы бар.

Бірінші. Неге біз бала әлеміне қаяу түсіреміз? Ең әуелі, Наурыз балалардың есінде қалуы тиіс. Наурызды тойлай отырып, біз бар шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Жаңа жылға сәби неге үйір? Рождество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі баланың тілін табады. Сыйлық сыйлайды, тарту-таралғысын жасайды. Отбасы мүшелерін, үлкендерді де назардан тыс қалдырып көрген емес. Осы тәрізді дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Сөйтіп, Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Сол себепті, Наурыздың қадір қасиетін жан-жақты қамти отырып, бүлдіршіндерімізге шын мәнінде, мереке сыйлайық десек, олар тасада қалып қоймауы керек.

Екінші. Күнтізбелік Жаңа жыл – 1 қаңтар өзінің мықты идеологиясымен, сан алуан белгілерімен отбасылық мерекеге айналғаны мәлім. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында (10 КҮН) наурыз демалысы (каникул) белгіленуі тиіс.

Бұл жерде мектеп оқушы­ларының бұрынғы 24 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы ІІІ-тоқсан демалысы он күнге жылжып, олар осы Наурыз мейрамын отбасымен, ағайын-тумаларымен қарсы алуға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ тоқсан аралық демалыстардың арасында жиілік тепе-теңдігінің сақталуына мүмкіндік туады. Төмендегі кестеге мән берейікші.
Үшінші. Жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім бар. Мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. Бұған қоса, мекемелер, көшелер, саябақтар жауқазын гүлімен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. Сол арқылы біз Еуропаға ерекше қастерленетін қызғалдақтың, жауқазын мен бәйшешектің түпкі отаны қазақ даласы екенін де ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.
Төртінші. Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – КҮН мен ТҮННІҢ (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай ЖАҢА КҮНДІ қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал. Елбасы өз сөзінде «Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстыратын бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан тіршілік жаңаратын наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс» деген. Ендеше жарықтың ұзаратын, күн нұрының молығатын ЖАҢА КҮННЕН үлкен де, кіші де жақсылық тілейтін.

Бесінші. Күні кеше ғана батыстық ағайындар Амал мейрамын тойлады. «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтті. Ал бұл ерекше күн Ұлт Көшбасшысы ел дамуының кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасыны қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарға құрылған.

Осыған орай, Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынсақ артық бола қоймас. Бұл мақсатта Наурыздың сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай көрісу күні, қайырымдылық жасау күні, ата-бабаны еске алу күні, тал егу күні, ақ дастарқан күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды қалыптастыру қажет.

Тіпті қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік және тағы басқаларын ас та төк емес, әдемі де шақты етіп әзірлеу процесін де жолға қоюымыз қажет.

Алтыншы. Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында еліміздің іскер азаматтары, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шараларына көңіл бөлгені жөн. Бұл игі істе Қазақстанның белсенді жастарын, волонтерларды Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдырсақ, жүрегімізге жақын мерекенің мәні мен сәні арта түсетініне ешкім дау айта алмаса керек. Керек десеңіз, Наурыздың рухани мәртебесі арта түсуі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды табыс ету мерзімін де Наурыз мейрамына ауыстырған абзал.
Жетінші. Сондай-ақ Наурызға әбден жаттанды болған арзанқол шапан мен камзолдан арылатын мезгіл жетті. Осындай қасиетті де ерекше күндері әркім өзіне жарасатындай, сән-салтанатымен, мақтанышпен киетіндей қазіргі заманғы ұлттық киім үлгілерін неге тіктірмеске?
Мұның бәрі айналып келгенде, экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады. Ел арасында ұлттық киімге, кәдесыйларға, тағамдарға деген сұраныс пайда болады да, кәсіпкерлерің сапалы өнімге көңіл бөле бастар еді.

Сегізінші. Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие деп айттық. «Қырықтың бірі – Қыдыр» сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған факторды көреміз. Қыдыр баба көпшіліктің алдында қашанға дейін бата береді? Қиялды ұштай түсетін мүмкіндіктен ада болғанымыз ба? Ендеше, Қыдыр бабаны Наурыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Несі бар, сыйлықтар да үлестірсін! Әсіресе, Қыдыр атаның мейірімі бүлдіршіндер көңілімен ұштасқаны керек.

Тоғызыншы. Наурыз мейрамы аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды жандандырудың жолын қарастырсақ. Сондай-ақ бұқаралық спортты және халықтық дәстүрлерді насихаттау мақсатында, велошеру, марафон секілді бүкіл халықтық сипаты бар спорт сайыстарымен қатар ұлттық ойындардан жыл сайынғы республикалық «Наурыз» спартакиадасын ұйымдастырсақ, Ұлыстың ұлы күнгі мейрамы мән-мазмұндық тұрғысынан байи түсер еді. БАҚ-тың да мүмкіндіктерін пайдалануға айрықша назар аударғанымыз абзал. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын тойлау барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық және мазмұндық жағына мән беруі тиіс. Наурыз идеясын насихаттау барысында аймақтар арасында телекөпірлер өткізу, телемарафондар мен тақырыптық бағдарламалар, ақпараттың басқа да формаларын ұйымдастырудың маңызы зор.

ТҮЙІН


Елбасының Ұлытаудағы сұхбатын тағы бір еске түсірейікші. «Әулиебұлақтың жағасы қандай көркем. Мына тұрған қайыңдар, мынау жер сонау Жошы ханның да, Алаша ханның да, Тоқтамыстың да, Едіге батырдың да – бәрінің көзін көрген шығар. Мінекей, дүние деген осылай ылғи тұра береді. Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ ата-бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!»
Міне, ұрпақтар үндестігі осынау Наурыз мейрамынан нәр алуы тиіс.

 

Автор: А. Мұхамедиұлы

ҚР Мәдениет және спорт министрі

Өзгерту: 26.03.2015