Жарияланымдар, Сұхбаттар

05.11.2014

Елорда энергиясы

"Егемен Қазақстан" газеті. 05.11.2014 ж.

Қалалардың да адамдар сияқ­ты, өз тағдыры бар.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.


Қандай да бір дәуірдің даму негізі кездейсоқ құбылыс па, жоқ, әлде оларға ықпал ете білген ерекше тұлғалар ма деген сұрақ адамзатты ойландырғалы қашан?! Адамзат тарихында оқиғалардың қалыпты тәртібін өзгерте білетін тұлғалар бар.

Қалалар мен адамдар

Олар өз замандастарынан бірнеше қадам алға болжай білетін, өз ісіне жан дүниесімен құлай берілген тұлғалар. Олар қасаң қалыптарды өзгертуге жүрек­­сін­бейді, олардың жүрек жылуы адамдардың жүрегіне жол тауып, олардың дамуға деген құлшы­ны­сын оятады. Міне, тарихты жасайтын да, соңынан ертетін де осылар.

Әлем тарихы бізге қашанда жаратылыспен байланысты керемет құбылыстар арқылы танылған. Қиратушы, сол сияқты жаратушы – батырлар да бар, біреулер қалаларды қиратса, енді біреулер ғасырдан ғасырға өздері туралы мәңгілік естелік қалдыра отырып, сол қалалардың құрылысын салады. Нәтижесінде, батырлық іс-қимылдардың арқасында адамзат тарихында шешуші рөл атқа­ратын тарихи қалалар – өр­­ке­ниет орталықтары бой көтереді.

Өркениеттің алғашқы қадам­дары қалалардан басталған. Ал, қалалардың бой көтеру тарихы алуан түрлі. Олардың кейбіреуі керуендер өтетін жолдардың айрығында орналасса, енді біреуі адам аяғын баспаған ен даладан бой көтерген. Олардың қатарында қамал-қалалар, өзенді кемежайлар немесе теңіз порттарының, шіркеулердің, фабрика немесе базарлардың маңында, адамзат рухының күштілігін білдіретін табиғат құбылыстарына қайшылықпен салынған қалалар бар. Сол сияқты, өз бейнесін ғасырдан ғасырға өзгертпей алып келе жатқан, бүгінгі таңға дейін ел таңданар орталықтарға айналған қалалар да жеткілікті.

Уақыт пен кеңістікті ажырату қиын. Алайда, олардың түйі­су орындары бар. Олар – астана-қалалар. Астаналықтың ерекшелігі – ұлттық кеңістік пен үйлестірудің әлемдік жүйесінің ұлттық мәдениетінің мазмұны. Саясат кеңістікті қалыптастырады, ал кеңістік өз кезегінде саясатты қалыптастырады.

Астананың басты мақсаты қазақ ұлтын өзіне және өзгелерге таныстыру. Астана – ұлттың тарихын, шағын түрде ұлт бейнесін дәріптейтін бейнелер. Жаңа астаналар мемлекеттерге өзін жаһандану әлеміндегі саяси және экономикалық кеңістікте жаңаша көрсетуге мүмкіндік береді, мемлекет ішінде ресурстардың табысты жұмылдырылуына қатысты жағдай жасайды. Сондықтан да, әр астананың ұлт уақыты мен ұлт кеңістігін саралауға қатысты өз ерекшелігі бар. Астанада ұлттың қазіргісі, тұрмыс жайымен қатар, оның болашағы мен жоспарлары көрсетілуде.

Астанада қалалардың бастап­қы­д­а бір ғана адамның тілегінен туындап, нәтижесінде халық пен мем­­лекеттің тағдырын өзгерт­кен­ді­гі­не, дамудың жаңа деңгейіне шық­­қан­дығына қатысты мысалдар жеткілікті.

Алғашқыда астаналар мемле­кет­тің түйіні, қозғаушысы немесе өзегі ғана емес, ол мемлекеттің өзі бол­ды. Ежелгі діни астаналар, негі­зінде шіркеу қалалар, шір­кеулік кешендердің маңына орналасқан қалалардан тұрған. Осы діни қала­лар­дың ерекше маңыздылығы ас­пан мен жердің арасы, Жаратушы мен адамның ара­сындағы дүниені тану тәртіп­терін байланыстырушы түйін болғандығында.

Өркениет пен қалалардың тарихи дамуын қадағалау да қызықты.

Өркениет көшбасшылары

Қалалардың дамуы қашанда астана қаласының тарихын өзгерте отырып, нәтижесінде халықтың болашағын қалыптастырған ұлы билеушілермен байланысты.

Адамзат тарихында аңызға ай­нал­­ған тарихи қала – Рим. Оның «мәңгі қала» атануы тегін емес, өйткені Рим тарихы біздің дәуірімізге дейінгі 753 жылдан бас­­талып, осы уақытқа дейін жал­­ғасын табуда. Рим империя­сы құлағаннан кейін де, әрбір еуро­­палық астана өзін Риммен салыс­тыратын еді. «Екінші Рим», «Үшінші Рим» сияқты атауларды да ескеру қажет. Рим барша Ежелгі әлем мәдениетінің, өнері мен ғылымының тоғысу оры­ны болды. Барша ежелгі өр­ке­ниеттің жинақталған білімі (Шумер, Ежел­гі Египет, ежелгі Гре­кия, Асси­рия-Вавилон, Крит-Ми­кен мәде­ниеттері және т.б.) Римде сақталып, жүйеленіп, талданды. Сондықтан да, Рим империясы барлық салада тамаша нәтижелерге қол жеткізді.

Римдіктердің алғашқы және ерек­ше жақсы көретін императорлары Октавиан Августің аты Рим мә­дениетінің «алтын ғасырымен» байланыстырылады. Ол өзінің Рим­ді кірпішпен қаланған қала түрін­де қа­былдап, мәрмәрлі шаһар етіп таст­ап бара жатқандығын мақ­тан еткен. Ол астананың көлемді құры­лы­сына ба­са мән берген, астананы сая­си ж­әне мәдени орталыққа айнал­дыр­ған жасампаз император. Ол Римнің өркендеуіне барлық күш-жігерін салды.

Астанада және империяда Окта­виан билеген кезеңде Рим им­пе­­риясы гүлденіп, әлем орталы­ғы­на айналды, құрылыс белсенді жүр­гізіліп, көптеген сәулет өнері­нің туындылары пайда болды. Құры­лыстарды жүзеге асыру бары­­сына сол кездегі ғылым мен техни­­ка­ның үз­дік жетістіктері пай­да­ланыл­ды. Ок­тавиан дәуірі әлем­ге кер­емет та­рихшы Ливийді және атақ­ты ақын­дар – Меценатты, Верг­и­лий­ді, Гора­цийді, Овидийді таныс­тырды.

Империяның алғашқы дәуірін­дегі астананың мәдени өмірінің құрылуына Римнің ғана емес, сон­дай-ақ, бүкіл Италияның, әсі­ре­се Рим провинциясының бел­сен­ді түрде атсалысуы оның ерек­ше­ліктерінің бірі болып табылады.

Адамзат тарихының басым жүйе­лері әлемдік үш діннің орта­лы­ғы, үш жүз жылдан астам уақыт ішінде жалпы әлем мен қайта ж­а­ңарудың символына айналған Қа­сиетті қала – Иерусалим арқы­лы өтеді. Иерусалимді басқар­ған­дардың ішінде ежелгі қала­ның гүл­денуімен аты аңызға айнал­ған­дар – Давид пен Соломон. Ал­ғаш­қысы қалаға өсиет кемесін сый­ласа, екіншісі шіркеу салып, әке­сі­нің қала­сын бес есеге арттырды.

Қасиетті қала Иерусалим туралы алғашқы рет планетамыздың миллиондаған тұрғындарына біз­дің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжыл­дықтың ортасында белгілі бол­ған. Қаланың бейнесі Иудей патша­лы­ғының тарихын түбегейлі өз­гертіп, бытыраған тайпаларды бір­тұтас халыққа біріктірген, аты аңыз­ға айналған Давид патшаның есі­мі­мен байланысты. Сол кездегі діни, мәдени және рухани өмірді бірік­тірген Иерусалимді астанаға ай­нал­дырған да Давид. Иерусалим ер­­те­гілер мен аңыздардың ерек­­шесі, та­ри­хи жолдардың ай­ры­­ғын­дағы аңыз қала. Оның көше­­лерін­де ежелгі тарихқа жан бі­­тіп, шындыққа айналады.

Иерусалим бүгін де көпшіліктің арнайы тоқтайтын орындарының бірі. Саяхатшылар мен тәу етуші­лер қасиетті орындарды тамсана аралайды: Құдай табыты ғибадат­ханасы, Храм тауы, Майлы тау, Гефсиман бағы – тарих пен аңызға толы, көне қаланың енсіз көшелері шиыршықтанып, шағын алаңдар айрықтармен бірігіп, таралып жатады. Христиандар орамы, мұ­сыл­мандар орамы сияқты атау­лар үш бірдей әлемдік діннің қуа­ты­мен нәрленген Иерусалим сияқ­ты тамаша қаланың ұлы тарихын білдіреді.

Әлемді өзгертетін, тарихи ма­ңы­­зы бар мысалдардың бірі – І Пет­р­дің Ресейді еуропалық мем­л­е­кетке айналдырып, жаңа ас­тана – Санкт-Петербургті салуы. Санкт-Петербург қаласы – басы­нан жүзеге асырылғанға де­­йін толығымен І Петрдің жоба­сы. Ол қала салуға мүлдем жарамай­тындай жерде адамдардың қажыр­лы­лығының арқасында салынып, Ресейдің табысты болуына – теңізге, халықаралық сауда жол­дарының салынуына ықпал етті.

І Петр – әлемдік деңгейдегі қай­­­­рат­­­кер, талантты реформашы жә­не Ре­сейдің даму жолын едәуір ал­ға жылжытқан жаңа мемлекет құ­ру­­шы. Петрдің уақыты, оның мем­­лекет құрылысына қос­қан жеке үлесі, Ресей флоты даңқы­ның артуы Петербургтің құры­лы­­­сымен тығыз байланысты. Бір сөз­­бен айтқанда, осы қаланың ар­қа­­сын­да Ресей қысқа мерзім ішін­де эко­номикалық, саяси және мә­де­ниет тұрғысынан табысты елге айналды.

Америка Құрама Штаттарында қанша астана болды? АҚШ Бри­тан империясынан бөлінген кез­ден бастап тоғыз шақты астана болды. Сонымен қатар, жаңа астананың даму жоспарлары мен оған үміткерлерді қарастыру ХІХ ғасырда да жалғасын тапты. Ас­тананың батысқа ауысуын жақ­таушылар Миссисипи өзенінің жағасындағы басқа қалаға, мысалы, Сент-Луис немесе бір күнге ғана астана болған Ланкастер қаласына ауыстыруды ұсынған. Алайда, ел тағдырын Құрама Штаттарының алғашқы президенті Джордж Вашингтон шешті. Ол өзінің кере­мет ұйымдастырушылық қабілеті­мен отанының көркеюіне орасан зор үлес қосты. Сондай-ақ, жол­дар торабын жүзеге асырып, Еуро­памен сауданың дамуына, ең бас­тысы – оның өз атымен аталған жаңа астананың салынуына ықпал етті. Америкалықтар үшін оның тарихта ұлт атасы болуы тегін емес. 1791 жылы негізі қаланып, бірінші америкалық президент Джордж Вашингтонның құрметіне аталған Америка Құрама Штаттарының астанасы тек бұл мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар барша адамзат тарихының жаңа бетін ашты.

Жаңа астананың құрылуы мемлекет үшін маңызды, ел дамуына ықпал ететін, тәуелсіздік идеясын білдіретін ерекше жоба болып отырған шақта Вашингтон қазіргі тарихтың мысалы болмақ.

Тарихи ұқсастықтарды шексіз жалғастыруға болады, алайда бір нәрсе күмәнсіз – мемлекет пен ха­лық­тың тағдыры оның астанасымен тығыз байланысты.

Болашақ аумағы

Астананы ауыстыру – дәуірлік оқиға. Гүлденуге жол ашу астананы құрудан басталды. Бұл ең алдымен – біздің Елбасымыздың еңбегі. Оның басшылығымен біздің мемлекетіміздің өткен жолы – өркендеу мен жасампаздықтың жолы. Ол бабаларымыздың рухани тәжірибесін ұмытпастан, жаңа­лық жасаудан жалтармай, ерікті талдау жасау және халық­тың қалауына сүйену арқы­лы қан­дай нәтижелерге қол жеткізу­ге бо­латындығын көрсетті. Н.Ә.На­зар­баевтың тарихи миссиясы болашақ Қазақстанның тағдырына айналып, тарихтың бағытын өзгертті.

Елбасымыз үшін астананы ауыстыру туралы шешім қабылдау оңай болған жоқ, бірақ бұл шешім Қазақстанның жарқын болашағы үшін қабылданған дұрыс шешім еді. Осындай шешімнің қабыл­дануына Н.Ә.Назарбаевтың дана­лы­­ғымен қатар, көрегендік қа­сие­ті ықпал етті. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Аста­на­ға «Әлем қаласы» мәртебесі беріл­ді. 2001 жылы Астанаға ресми са­пар­мен келген Рим Папасы Иоанн Павел ІІ: «Сіздердің мем­ле­кет­теріңізді көру көптен бергі арманым еді. Міне, бүгін сол арманыма жетіп, осы жердің топырағын басып тұрмын. Мен Қазақстандағы өзара достық қарым-қатынасын сақтаған дін өкі­лдеріне ризашылығымды біл­ді­ремін. Еуропа мен Азияның кін­дігінде орналасқан осындай қонақжай, кеңпейіл елдің бас қаласы – Астананы көруді жазған Құдайға мың да бір алғысымды айтамын», деген еді тебіреніп.

Тарихтың ерекшелігі сол – адам баласының жады жеңушілер мен жасаушыларды, яғни қиын да болашағы бұлыңғыр кезеңде халық үшін өзіне жауапкершілік алуға және халықты соңынан ертуге дайын тұлғалардың есімдерін еске сақтайды. Міне, сондай кезде ежелгілер Жаратқанның сыйы атаған қасиет – көшбасшы болу қасиеті қажет болады.

Тек біздің еліміз ғана емес, соны­мен қатар, барша кеңестен кейінгі күрделі экономикалық және әлеуметтік дағдарыс кезе­ңін­де болашақты болжай біліп, оны жүзеге асыру үшін керемет дара қасиеттер қажет еді. Күдікті, әлсіздік пен өз күшіне деген сенімсіздікті жоя отырып, адам­дарға деген сенім мен үміт отын ұялату қажет еді, сондықтан да Президент қоғам алдына дағ­дарыстан шығып, экономиканы қалпына келтіріп қана қоймай, табысты да болашаққа ұмтылған мемлекет болу, халықаралық қауымдастықтардың сенімінен шығу, саяси, экономикалық және мәдени үдерістердің толыққанды қатысушылары болып қана қоймай, алдыңғы орындарға қол жеткізу мақсатын қойды.

Жаңа Астананың құрылысы жөнін­дегі жоба осы орынды мақ­саттардың негізі болды, қоғамдық көзқарастарды, жалпы елдің рухани кеңістігін жаңаша қайта қа­лыптастыруға мүмкіндік берді. Ас­та­наның салынуы халықтың нығаюы­ның, жұмылуының маңыз­ды кезеңі болды. Бұл тек нағыз Ел­ба­сы ғана қабылдай алатын бірегей шешім еді.

Көп жылдар бойы Ұлыбри­тания­ның премьер-министрі болған әлемдік деңгейдегі саясаткер Маргарет Тэтчер Нұрсұлтан Назарбаевты «қалыпқа сыймайтын тұлға, ол болашақты болжай алады» деп ерекше бағалаған. Дәл айтылған сөз.

Елбасымыздың еліміздің жар­қын болашағы үшін атқарып отыр­ған еңбегі орасан зор және бар­ша Қазақстан халқының тара­пы­нан қолдау табуда. Өзінің жеке қасиеттерінің, табан­ды да тынымсыз еңбегінің, жаңа жет­іс­тіктерге жетуге деген құл­шы­ны­сының арқасында Елба­сы­мыз еліміздің және әр адам­ның болашағына қатысты бағыт­тарды айқындап берді. Біз Пре­зи­дент­і­міздің мәдениет пен өнерді сақ­тау және дамыту саласындағы қолдауын толық сезінеміз. Қазақ­станда осы салада бірқатар іс-ша­ралар атқарылды: жаңа театр­лар, көркемдік галереялар, заманауи музейлер ашылуда, театр­лан­ған қойылымдарға қатысу үшін ең үздік өнер шеберлері, әлем­дік дең­г­ейдегі жұлдыздар шақырылуда.

Біздің Астанамыз – заманауи және классикалық сәулет өнерінің жаңа жетістіктері тоғысқан бірегей, қайталанбас, жаңашыл жоба. Қалада ерекше жылдамдықпен бой көтеріп келе жатқан керемет мұражайлар, өнер сарайлары, тамаша спорт кешендері, театрлар ауқымдылығымен, техникалық жабдықталуымен таңғалдырады. Жаңа «Астана опера» театры – сәулет өнерінің үздік туындысы! Оның техникалық жабдықталу деңгейі үздік әлемдік сахна алаң­дары­нан бірде-бір кем емес.

Көз алдымызда гүлденіп келе жатқан жас Астана – өзгерудің, шығармашылық пен озықтықтың символы. Астана сәулет өнерінің бірегей тәжірибе алаңына айналды. Ең озық та батыл жобалар осы жерде, қысқа мерзімде жүзеге асырылады.

Осылайша, Астананың құры­лы­сына қатысты басты жоба­ның, бірегей кешеннің авторы – Амстердамдағы Ван Гог музе­йі жобасының авторы, Куа­ла-Лумпурдағы халықаралық әуе­жайдың және Осакадағы ұлт­тық этнологиялық архивтің ав­торы, белгілі жапондық сәулет­ші Кисе Курокава. Курокаваның негізгі жобасы бойынша жасал­ған Астананың сәулет жара­сым­дығындағы заманауи әрле­ну мен ұлттық бояу қалаға қайталанбас ажар берді.

Астана хай-тек түріндегі сәу­лет өнерінің жетекшісі болып танылған британдық сәулет­ші Норман Фостерге де өз шығар­машылық ойларын жүзеге асыру­ға мүмкіндік берді. Норман Фос­тер – Лондондағы Millennium Bridge және Бейжіңдегі әлемдегі ең ірі әуежайды, Берлиндегі Бун­дестагты және Майндағы-Фран­кфурттағы Коммерцбанкті салған, Лондондағы Wembley стадионы мен Нью-Йорктегі Hearst корпорациясына арналған атақты мұнараны тұрғызған сәулетші.

Астанада Норман Фостер бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайын тұрғызды. Сонымен қатар, сәулетшінің командасы Қазақстанның астанасы үшін жаңа ойын-сауық орталығы – «Хан Шатыр» мен «Назарбаев Орталығының» құрылысын салды.

Жер бетіндегі ең үлкен залдар­дың бірі – Астанадағы «Дала гүлі» жаңа Орталық концерт залы Сапиенц университетінің про­фессоры, Халықаралық сәу­лет академиясының вице-прези­денті, Ресей сәулет-құрылыс ғылымдары академиясының және Мәскеу Халықаралық сәулет акаде­миясының, сол сияқты Фран­ция сәулет академиясының мү­шесі, аты аңызға айналған сәулет­ші Манфреди Николеттидің қаты­суымен салынған. Осы бір ерекше сәулетшінің шығар­машылығын «өндірістік төңкеріс нүктесі» деп атайды. Манфреди Николетти сәулет өнерін табиғаттың астары ретінде қарастырады. Оның жобалары табиғат нысандарына негізделген, экологиялық таза «төзімді» биоклиматтық шешім­дер­ді ұсынады. Оның «Бұрандалы көк тіреген үй» (1974) атты кеңі­нен танымал 600 метрлік жобасы аспалы көпірдің тартылмалы құрылымын аэродинамикалық нысанмен және жұмыс істейтін «жасыл» негіздермен біріктірген. Осы бір ерекше сәулет құбылысы Астананың Орталық концерт залы кеңістігінің шексіздігі туралы әсер қалдырады.

Біздің Астанамыз – болашақтың қаласы, өткен мен қазіргіні, Шы­ғыс пен Батысты, Азия мен Еуро­паны, дәстүрлер мен заманауи жаңашылдықты біріктіретін ерекше жоба.

Осылайша, жоғарыда айтыл­ғандарды қорыта келе, Астана – адамдардың жүрегін­де мақтаныш тудыратын, жаңа Қазақстанның бейнесін қалыптастыратын ұлы саяси, экономикалық, тарихи, мә­дени жоба екендігін айтқым келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев даналық қасиет­терінің нәтижесінде, тарих үшін ең қысқа мерзім ішінде жаңа да жас, тәуелсіз Қазақстанды әлем­дегі келешегі зор, қарқынды дамып келе жатқан әлемдік мем­ле­кеттердің бірі ретінде танытып, ха­лықаралық беделін нығайта білді. Қазақстанды өркендеудің, даму және табысты болудың белесті биігіне шығарды.

 

Авторы: Арыстанбек Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі

Өзгерту: 05.11.2014