Жарияланымдар, Сұхбаттар

18.09.2015

Ана тіліміз –арымыз, нарымыз

Ана тілі" газеті. 17.09.2015 ж.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен сұхбат

– Арыстанбек Мұха­ме­диұлы, біздің әңгімеміз алды­мыздағы жексенбіде атап өтілетін Қазақстан халқы тілдерінің күні қарсаңында болып отыр. Бір жағынан алғанда бұл Тіл мерекесі ғой…

– Атаулы күн болғаннан кейін мерекеден еш кемдігі жоқ. Міне, сол себепті де ең алдымен бүкіл жұртшылықты, тіл майталмандарын Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы тілдері күнімен шын жүректен құттық­таймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір арымыз да, нарымыз да» деген сөзі тіліміздің құдірет-қуатын кемітпей, оның рухын биік ұстауға шақырады. Осы мақсатта мен де барлық отандастарымызды халқымыздың тұла бойындағы ар-намысы болып отырған қасиетті тілімізді құрметтеуге шақырамын.

– Алғашқы сауалымызға кезек берейік. Еліміздегі «Тіл туралы» Заң жөнінде не айтар едіңіз? Заңның орындалуы, қадағалануы қалай?

– Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заң – республикадағы тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, елімізде қолданылатын барлық тілге құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.

Осы Заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» делінген. Осы мақсатта жергілікті және орталық атқарушы органдарда қазақ тілін меңгеру үшін жағдайлар жасалған.

Мысалы, бүгінгі таңда 88 респуб­ли­калық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі оқыту орталықтары жұмыс істейді. Осы орталықтардың ішінде тек қазақ тілін оқытатыны 17, қазақ және ағылшын тілдерін оқы­татыны 46, үш тілді үйрететіні 25. Оқыту орталықтарының саны жыл­дан-жылға өсіп келеді.

Министрлік Заңның ­орындалуын бақылауды жүзеге асырушы орган ретінде жүйелі түрде тексеріс жұмыстарын ұйымдастырып, құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне тұрақты мониторинг жасайды. Үстіміздегі жылдың жартыжылдығы бойын­ша мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 83% болды. Әрине, бұл көрсеткіш әлі де құжат айналымын толықтай мемлекеттік тілге көшіру бойынша біраз жұмыстар атқаруды талап етеді. Соның бірі барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы, қаржы саласындағы ішкі-сыртқы құжат айналымын толықтай қазақ тілінде жүргізу болып отыр.
Заңның орындалуы ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен өтетін Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия отырысында да қаралып келеді. Комиссия отырысында жергілікті және орталық атқарушы органдардың басшыларымен қатар ұлттық компания жетекшілерінің Заңның орындалуы бойынша есептері тыңдалып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясын арттыру бойынша хаттамалық тапсырмалар берілуде.

Осы ретте айта кететін мәселенің бірі жарнама, хабарландыру, көрнекі ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы жиі сын айтылып жатады. Көшеде ілініп тұрған жарнамалардағы қателер, дұрыс аударылмауы немесе басқа тілдерде ғана жарнамалау сияқты жайттар баршылық. Бұл мәселе Заң талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың назарында және өңірлерде осы мәселені шешу мақсатында тұрақты түрде рейдтер жүргізіледі.

Жалпы мемлекеттік тілді білу және оны құрметтеу әр азаматтың парызы деп білемін. Заңның өз деңгейінде орындалуына барша қазақстандықтар үлестерін қосады деген сенім бар.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ терминологиясы біртіндеп дамып келеді деп айта аламыз. Қазақ тілі тарихында бұрын-соңды болмаған салалық терминологиялық сөз­діктер топтамасының әзірленуі – соның айғағы. Одан бөлек жыл сайын түрлі салалық сөздіктер жа­рық көруде. Бірақ өкініштісі – терминдерді қолдануда бірізділік жоқ. Бұл мәселе қалай реттелуі керек?

– Шынымен де, ­терминология саласының дамуымен қатар, жекелеген кемшіліктердің орын алып отырғандығы рас. Өздеріңізге белгілі, кез келген сөздік – бұл авторлық еңбек. Сөздіктер, негізінен, құрастырылатындықтан, автордың жеке ұстанымымен тікелей байланысты. Ал біздің мақсатымыз – әр терминнің оларға қойылатын талапқа сәйкес бір ұғымды білдіруі, бір тілдік бірлік ғана болуын қамтамасыз ету. Осы ретте терминдерді реттеу, біріздендіру бағытында Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясының отырыстарында мүмкіндігінше көбірек термин бекітіп, солардың негізінде салалық терминологиялық түсіндірме сөздіктер әзірленуі, оларды қолданысқа енгізу қажет. Бүгінгі таңда Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы тарапынан Терминкомда қаралатын терминдерге лингвистикалық сараптама жасау, терминдердің дефинициясын анықтау, салалық терминологиялық анықтамалықтар әзірлеу жұмыстары қолға алынып отыр. Терминком шешімдерін көпшілік құптайтынын ескерсек, бұл жұмыстар терминдерді біріздендіруге ықпал ететіні анық. Терминология комиссиясының шешімдері, өз кезегінде, респуб­ликалық БАҚ-тарда, «til.gov.kz» порталында жария­ланады. Алдағы уақытта қазақ тілі терминдерінің бірыңғай электрондық базасын құру жоспарланған және терминдерді ғалым, мамандармен бірге жан-жақты талдап, талқылап, бір сөзбен айтқанда, сүзгіден өткізіп барып, сапалы терминдерді ғана бекіту үшін терминологтар мен аудармашылар пікір алысатын электрондық алаң құру көзделуде.

– Тілдің маңызды саласының бірі – ономастика. «Ана тілі» газеті де бұл мәселені назардан тыс қалдырған емес. «Ұлы дала атаулары», «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» айдарларымен ұдайы мақа­лалар беріп келеміз. Елімізде жер, елді мекен, көше атауларын бүгінгі көзқарасқа, ұлттық санаға сай өзгертуде қандай жұмыстардың қолға алынып жатқанына тоқтала кетсеңіз…

– Тәуелсіздік алған уақыттан бергі аралықта елімізде көптеген елді мекен, көшелердің атаулары өзгертіліп, көп жағдайда тарихи әділеттілік үстемдік құрып, ономас­тика саласында ауқымды жұмыс жүргізілді. Алайда жергілікті жерлерде атау беру және қайта атау туралы шешім қабылдау тиісті дәрежеде ашық және жүйелі жүргізілмеуі салдарынан нысандарға көп жағдайда елге еңбегі сіңбеген белгісіз адамдардың есімдерін негізсіз беру жағдайлары орын алған. Көптеген жерлерде көше атауларын бейберекет ауыстыру сәнге айналып, келеңсіз жағдайлар қоғамда теріс пікір тудырып, сынға алынды.
Осыған байланысты ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс барысында әсіресе атау беру тәртібін жүргізуде ашықтық қағидаттарын, яғни халық пікірін ескеру мәселесіне баса назар аударылды. Нәтижесінде ономастика мәселелеріне қатысты министрлік тарапынан әзірленген Заң жобасы мен заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, қолданысқа енгізілді. Міне, биыл ономастика саласын реттейтін жаңа заңнамаға сәйкес Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге байланыс­ты батырлардың есімдері өскелең ұрпаққа үлгі ретінде мектептерге, көшелерге берілді.

Дегенмен, ономастика сала­сындағы заңнама талаптарын орындау­да заң нормаларын әркелкі ұғынуға байланысты мәселелер туын­дауда. Мұндай жайттар құқықтық салдарларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты бүгінгі таңда ­ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жанынан зиялы қауым өкілдері, заңгерлер, Республикалық ономас­тика комиссиясының мүшелері, тәуелсіз сарапшылар, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы тіл мәселесімен, оның ішінде ономастика саласымен айналысатын мамандардан тұратын жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге талдау жасап, нысандарға атау беру және қайта атау беруге қатысты критерийлерді нақтылау жұмыстарын жүргізуде.

– Елімізде үш тілді, қазақ тілімен қоса орыс, ағылшын тіл­дерін білу керектігі жөнінде талап бар. Әрине, көп тіл білген жақсы. Мұны құптаймыз. Алайда қа­зақ баласының алғашқы кезде, яғни бастауыш сыныптарда өзге тілдерді араластырмай өзінің ана тілінде білім алғаны дұрыс емес пе? Мәселен, бесінші сыныптан бастап-ақ басқа тілдерді оқытсақ, «қолымызды мезгілінен кеш сермеген» болмас…

– Сауалыңызды түсініп тұрмын. Әрине, мектеп табалдырығын алғаш аттаған қазақ баласының ана тілімен ауызданғаны дұрыс. Мұны мен де қолдаймын. Негізінде солай болады да. Сонымен бірге қосымша орыс, ағылшын тілдерін жүргізу керектігі жөнінде де айтылып жүр. Орыс тілінің жайы бұрыннан белгілі, көпшіліктің үркексоқтайтыны ағылшын тілі ғой. Бұл жерде бүгінгі уақыт талабын да ескеру қажет. Қазіргі жағдайды осыдан он бес-жиырма жыл бұрынғы кезеңмен салыстыра алмайсыз. Өмір ағымы қарқынды. Ағылшын тілін меңгеру – заман талабы. Бүгінгі таңда ағылшын тілін 1,5 млрд-тай адам меңгерген, ол 12 елдің мемлекеттік тілі болып табылса, 90 мемлекетте екінші тіл ретінде кеңінен қолданылады.

Ағылшын тілі – халықаралық тіл. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзінде «Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін  ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – XXI ғасырдың заңы», ақпараттар ағынына ілесудің бір жолы – ағылшын тілін меңгеру екендігіне тоқталып өткен болатын.
Халыққа үш тілді білу мәселесі жаңалық емес, Елбасымыз бұл мәселені 2007 жылы көтерген. Осы уақыттан бері Министрлік тарапынан республика бойынша жыл сайын үш тілді жетік меңгерген жастар арасында түрлі байқаулар, олимпиадалар ұйымдастырылып, ынталандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар әлеуметтік зерттеу нәтижелері де үстіміздегі жылы «ағылшын тілінде түсінемін, тілдесе аламын» дейтіндердің үлесі 20,4% болғанын көрсетіп отыр.
Тілдерді білу жеке адамға ғана емес, қоғамның дамуына пайдалы. Тілдерді білу арқылы сол елдердің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне ден қоямыз. Бұл елімізде халықаралық мәдениет пен экономикалық байланыстардың дамуын жандандырады.
Бүгінде шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс атқаруда сол саланың маманы ғана болу шарт емес, кәсіби білімді қажетті шет тілдерінде қолдана білу де маңызды.
Мемлекеттік тіл, орыс тілі, ағылшын тілі және тағы басқа тілдерді білу азаматтардың білімін көтерумен қатар, жаңа шығарма­шылық тәжірибесін де ­арттырады. Ешқандай ел халықаралық аренада бір ғана тілмен шектеліп, оқшау­ланып қалмайды. ЮНЕСКО мамандарының пікірінше, үшінші мыңжылдықта адам баласы ең кемі үш тілді меңгерген болуы керек.

Осы ретте үш тілді білім беру идея­сын құптағанымыз жөн деп білемін.

– Тілге қатысты шаралардың жиі өтетіндігі белгілі. Фестивальдер, байқаулар…Мұны дұрыс делік. Осы шаралардың қазақ тілін оқып-үйренуге ықпал-көмегі бар ма?

– Бар деп нық сеніммен айтуға болады. Шаралар – бұл да тілді үйренуге, құрметтеуге ынталандыратын жолдардың бірі.

Барша қазақстандықтарды бі­ріктіруші негізгі факторлардың бірі – мемлекеттік тіл. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекеттік тіліміз де көркейіп, қолданыс аясы кеңеюде. Осы ретте Министрлік Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау бойын­ша бірқатар шараларды жүзеге асырып отыр.

Соның ішінде үстіміздегі жылғы қыркүйек және қазан айларында өткізілетін Қазақстан халқы тілдерінің ХVII республикалық фестивалі аясында республика бойынша барлығы 585 шара өткізілу жоспарланған болса, оның шамамен 81-і ауқымды шаралар болып табылады.
Ұйымдастырылып отырған шаралар алуан түрлі: ғылыми конференциялар, фестивальдер, дөңгелек үстелдер, поэзия кештері, семинарлар, ақындар сайысы, жылжымалы концерттер, форумдар, жыр мүшәйралары, байқаулар, сұхбат кештері, көрмелер, ашық есік күндері, акциялар, флешмобтар, ашық сабақтар, ертеңгіліктер, гала-концерттер, пікірлесу сағаттары, интеллектуалды-танымдық ойындар, шоу-бағдарламалар және т.б. Мұның бәрі адамдарды қызықтырмауы, оларды ойландырып-толғандырмауы мүмкін емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында биыл бірінші рет үш тілді мең­герген мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» конкурсы, үш тілді меңгерген жалпы жастар арасында «Тіл – тұнық ойдың кәусары», қазақ балалары арасында орыс тілі білгірлерінің «Ой-сана» байқауы, «Абай оқулары» және «Бөкей оқулары» сияқты республикалық байқаулардың ауданаралық және облыстық кезеңдерін өткізумен қатар, өзге де түрлі байқаулар, викториналар және т.б. жоспарланған.
Әрине, бұл шаралардың барлығы жас­тарды патриоттық сезімге, мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныстарын арттыруға үлкен ықпалын тигізері сөзсіз.

– ҚР Конституциясының 6-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды» делінген. Осыған байланысты қандай жұмыстар атқарылуда?

– Биылғы жыл Қазақ елі үшін айтулы жылдардың бірі болып отыр. Еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлау үстінде. Ассамблеяның 20 жылдығы қазақстандықтардың бірлігі мен елдігін, бейбітшілігі мен тұрақтылығын, жарасымдығы мен үндестігін нығайта түсері сөзсіз.

Осы ретте елімізде Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тілі мен өзге ұлттардың тілін оқытуда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Респуб­лика бойынша облыстық, аудандық орталықтарда, ЖОО-да, этно-мәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде тілдерді оқыту орталықтары қызмет атқаруда. 2011 жылы 18 республикалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептерінде мемлекеттік тіл және өзге ұлттар тілі оқытылса, 2015 жылы бұл көрсеткіш артып, 21 этно-мәдени бірлестіктерде оқытылуда.

Орталықтар заманауи техникалық құрал-жабдықтармен, оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, видео-сабақтармен, қазақ тілін қарқынды оқыту бойынша CD-дискілермен, салалық сөздіктермен қамтамасыз етілген.

Үстіміздегі жылдың ақпан айын­да Министрлік қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастары арасында «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық байқау өткізді.
Байқаудың мақсаты республика­дағы мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастарына қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, тіл татулықтың, достықтың тетігі, тәрбиенің көзі, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру болып табылады.
Сонымен қатар, республика бойынша орташа есеппен жалпы 585 мың өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгерген, оның ішінде орташа деңгейде меңгерген 2,5 мың мемлекеттік қызметші, 21 мың азаматтық қызметші және 8,5 мың басқа саладағы қызметкерлер болып табылады. Ал жоғары деңгейде меңгерген 875 мемлекеттік қыз­метші болса, 28 мыңы азаматтық қызметшілер екені анықталып отыр. Осы ретте бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады.

– Елбасы осыдан үш жыл бұрын қабылданған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында» тіл саясатын сауатты және дәйекті жүргізу керектігін айта келіп, «Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақ­­стан­дықтардың 95%-ы қазақ тілін білуге тиіс екенін білесіздер» деген болатын Аталған межеге де көп уақыт қалған жоқ. Мемлекет басшысы қойған талап үдесінен шыға аламыз ба?

– Әрине, бұл – ел алдындағы үлкен міндет. Өздеріңіз білетін «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» аталған ­межеге жетудің жолдары нақты аталып көрсетілген.
Соңғы жылдары әлеуметтік зерттеу нәтижелері мемлекеттік тілді еркін білетіндердің үлесінің жыл ­сайын артып келе жатқанын байқатады. 2011 жылға қарағанда 2014 жылы мемлекеттік тілді білетіндердің үлесі 26%-ға артқан. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді еркін білетіндердің үлесі 72%-ды құрады.

Жалпы біздің Министрлік мемле­кеті­міздегі тіл саясатын жүргізе­тін уәкілетті орган болғандықтан, барлық мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Тәуелсіздік алғалы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер саны жылдан-жылға артуда, алды елге қызмет ету жасына да жетті. Бала – біздің болашағымыз, бүгінде қазақ тіліндегі балабақшалар, мектептер саны жыл сайын артуда. Жалпы халық арасында қазақ тілінде білім алуға деген оң бетбұрыс бар екенін Білім және ғылым министрлігінің ақпараттарынан байқауға болады. Республика бойын­ша мектеп жасындағы қазақ балаларының 87,2%-ы ана тілінде оқиды. Соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша «Алтын белгі» алған мектеп бітірушілердің қазақ тілінде оқығандары, халықаралық ғылыми жарыстарда жүлде алған балалардың ішінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің шәкірттері басым екендігі байқалады. Бұл біздің келешегіміздің қазақ тілінде білім алған жастарымыздың қолында екенінің айқын көрінісі емес пе?!

Мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу мақсатында республика ­бойынша ересек тұрғындарға арналған үздіксіз білім беру моделі арқылы тілді оқытудың стандарттары әзірленіп, типтік оқу-әдістемелік кешені қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді меңгерудің деңгейін анықтау КАЗТЕСТ жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. ­Республика бойынша 2011 жылдан 2014 жыл аралығында 80 мыңға жуық азамат аталған жүйе бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтады.

Сондай-ақ қазіргі уақытта электронды БАҚ-тарда да мемлекеттік тілдегі сапалы бағдарламалар көбеюде, балаларға арналған анимациялық фильмдер жүйелі түсірілуде.
Интернет желісі арқылы онлайн режимінде қазақ тілін оқытудың түрлі бағдарламалары әзірленіп, орнатылуда. Жалпы тіл үйренемін деген жұртшылыққа республика бойынша мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс атқарып жатыр. Жыл ­сайын қазақ тіліндегі бас­­па өнімдері: ғылыми, танымдық әдебиеттер, түрлі оқу құралдары, қарқынды оқытудың интерактивтік әдістемелері шығарылып, респуб­лика бойынша тегін таратылуда. Аталған өнімдер тек қана тіл үйретіп қоймай, халқымыздың салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін насихаттауға да бағытталған. Халық арасында мемлекеттік тілімізді насихаттау жұмыстары да сырт қалған емес. Осындай ұсақ, көзге көрінбес әрекеттердің барлығы да нәтижесінде үлкен бір бүтінге айналары сөзсіз. Атқарып жатқан жұмыстарымыздың барлығы ел игілігі үшін, алға қойған мақсатты жұмыстарымызға қол жеткізу үшін екенін айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Әңгімелескен
Нұрперзент ДОМБАЙ

Өзгерту: 21.09.2015