Мәдениет және спорт мәселелері бойынша қоғамдық кеңес

29.12.2016

Мәдениет және спорт мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің 2016 жылғы қызметі туралы есеп

ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылы 2 қарашадағы Заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік талаптарға сәйкес Мәдениет және спорт министрлігімен конкурстық негізде Жұмыс тобын және Қоғамдық кеңесті құру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қоғамдық кеңестің құрамы мен Кеңес туралы ереже Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының 2016 жылғы 29 ақпандағы №59 және №60 бұйрықтарымен бекітілді. 

Қоғамдық кеңес құрамындағы мүшелердің 2/3-і (10 адам) азаматтық қоғам өкілдері болып табылады. Олардың қатарында, белгілі қоғам қайраткері М.Ж.Жолдасбеков (Қоғамдық кеңес төрағасы болып тағайындалды), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Парламентаралық Ассамблеясының мүшесі А.А. Башмаков; республикалық үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері – Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Н.М. Оразалин, Қазақстанның Азаматтық Альянсының вице-президенті А.С. Платонов (ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты), ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б.Қ. Тілеухан (ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты), ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті Д.Қ.Сәдуақасов, Мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің республикалық кәсіподағының төрайымы С.К. Иманқұлова, сондай-ақ мәдениет және спорт саласының сарапшылары енгізілген.

Бүгінде Қоғамдық кеңеске жүктелген міндеттемелерге сәйкес оның құрамында спорт және мәдениет салалары бойынша жекелеген комиссиялар жұмыс жасауда. Мәдениет саласы бойынша комиссияға – Т.Н. Әлпиев, спорт саласы бойынша – Ж.Ә. Үшкемпіров жетекшілік етуде.

Қоғамдық кеңес құрылған сәттен бастап оның 4 отырысы өткізілген. Кеңес отырыстарында ұйымдастырушылық қызмет мәселелері қаралып, 2016 жылға жұмыс жоспары қаралып бекітілді, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының есебі тыңдалып, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен әзірленген нормативті-құқықтық актілердің жобалары талқыланды. 

Ү.ж. 20 мамырда өткен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының есебі талқыланды. Қосымша баяндамашы ретінде Қоғамдық кеңестің төрағасы М.Ж.Жолдасбеков сөз сөйлеп, Мәдениет және спорт министрлігінің қызметіне өз бағасын берді.

Кеңес отырыстарында Министрліктің ақпараттық саладағы жұмысын жандандыру жөнінде ұсынымдар айтылып, сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған Көркемдік кеңестердің қызметін жандандыру ұсынылып, мәдениет саясаты саласының өзекті мәселелері жөніндегі пікір алмасуларда қоғамдастық өкілдерінің қатысуы назарға алынды. Сонымен қатар, республика аумағында спорттық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндігінше көп көңіл бөліну қажеттілігі айтылып, спорттық объектілер мен аула клубтарын салуға мемлекеттік-жекешелік әріптестіктер, инвесторлар мен меценаттардың әлеуетін пайдалану - бұл мәселені шешудің оңтайлы жолдарының бірі екені жеткізілді.

Іс-шараға Қоғамдық кеңестің мүшелері мен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты С.Т. Сейдуманов, ҮЕҰ көшбасшылары мен мәдениет және спорт саласының сарапшылары қатысқан. Жалпы қатысушылар саны – 50 адам.  Қоғамдық кеңес мүшелерімен Министрдің есебі қабылданып, отырыстың нәтижесінде Қарар қабылданды.  

2016 жылғы 7қыркүйекте Ішкі істер органдары мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің (2016 жылғы 2 қыркүйектегі №6 хаттамасы) және Мәдениет және спорт мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырыстарында (2016 жылғы 1 қыркүйектегі №2 хаттамасы) қабылданған шешімдерге сәйкес Астана қаласында Бірлескен қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдауда: «Гендерлік сезімтал қоғамдық сананы жетілдіру (гендерлік стереотиптерді жою)»;«Жыныстық белгілері бойынша зорлық-зомбылықты жою»мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, Мәдениет және спорт мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес оның 4-тоқсандағы отырысы 2016 жылғы 22 желтоқсанда өткізілді. Кеңестің отырысы барысында «Қазқайтажаңарту» РМК-ның әзірлеген Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қорғау аймағының шығыс бөлігін реставрациялау, консервациялау және музейлендіру және кесененің қорғау және іргелес аймақтарын дамыту жоспарына қатысты екі жобасы қаралды. Бұл мәселе бойынша «Қазқайтажаңарту» РМК-ның директоры Арнұр Жасабекұлы Қарымсақов және «Қазқайтажаңарту» РМК ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры Сәдуақас Сахиұлы Ағытаев баяндама жасап, кеңес мүшелері мен шақырылғандарға аталған жобаларды таныстырды. Қызу талқылаудың нәтижесінде Қоғамдық кеңес мүшелері аталған жобаларды қолдап дауыс берді. Сонымен бірге, Кеңес мүшелері тарапынан Түркістан қаласыныңдаму жоспарында, оның ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қорғау және іргелес құрылысты реттеу аумағында жобаланатын нысандардың мақсаттық бағытының мәдени-рухани және ағартушылық сипатта болуына басымдық беру жөнінде ұсыныс жасалды.

Қоғамдық кеңестің отырысында қаралған тағы бір қоғамдық маңыздымәселе «Щит Родины» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы мемориалдық тумбаларда бірқатар батырлардың қате жазылған қайтыс болған жылдарын түзету туралы ұсынысы болды. Бұл мәселе бойынша Мәдениет және өнер істері департаменті директорының міндетін атқарушы Күміс Қарсақбайқызы Сейітова баяндама жасады, сондай-ақ Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкері Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов бұл сұрақ бойынша тарихи және ғылыми тұрғыдан түсініктеме берді.

Аталған отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелерінің қарауына Қазақстан Республикасында кинематографияны дамытудың2050 жылға арналған тұжырымдама жобасы таныстырылды. Бұл құжаттың мазмұнын түсіндіру бойынша Мәдениет ғылыми зерттеу институтының директоры Хазбулатов Андрей Равильевич баяндама жасады. Кеңес мүшелері құжаттың маңыздылығын ескере отырып, жобаны бірауыздан мақұлдады.

Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелерімен дене шынықтыру және спорт, тарихи-мәдени мұра объектілерін, мәдениет пен өнер ескерткіштерін қорғау және пайдалану, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны ұсыну және Министрлік жетекшілік ететін т.б. салаларды қамтитын 81 нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралып, қорытындылар берілді. Бұл ретте, нормативті-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері министрлікпен өткізілетін іс-шараларға тұрақты түрде қатысып отырады.

Өзгерту: 29.12.2016