Мәдениет және спорт мәселелері бойынша қоғамдық кеңес

28.07.2016

Мәдениет және спорт мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің 2016 жылғы 1-ші жартыжылдықтағы қызметі туралы есеп

ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылы 2 қарашадағы Заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік талаптарға сәйкес Мәдениет және спорт министрлігімен конкурстық негізде Жұмыс тобын және Қоғамдық кеңесті құру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қоғамдық кеңестің құрамы мен Кеңес туралы ереже Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының 2016 жылғы 29 ақпандағы №59 және №60 бұйрықтарымен бекітілді.  

Қоғамдық кеңес құрамындағы мүшелердің 2/3-і (10 адам) азаматтық қоғам өкілдері болып табылады. Олардың қатарында, белгілі қоғам қайраткері М. Жолдасбеков (Қоғамдық кеңес төрағасы болып тағайындалды), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Парламентаралық Ассамблеясының мүшесі А. Башмаков; республикалық үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері – Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Н. Оразалин (ҚР Парламент Сенатының депутаты), Қазақстанның Азаматтық Альянсының вице-президенті А. Платонов (ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты), ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б. Тілеухан (ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты), ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті Д. Сәдуақасов, Мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің республикалық кәсіподағының төрайымы С. Иманқұлова, сондай-ақ мәдениет және спорт саласының сарапшылары енгізілген.

Бүгінде Қоғамдық кеңеске жүктелген міндеттемелерге сәйкес оның құрамында спорт және мәдениет салалары бойынша жекелеген комиссиялар жұмыс жасауда. Мәдениет саласы бойынша комиссияға – Т.Әлпиев, спорт саласы бойынша – Ж.Үшкемпіров жетекшілік етуде.

Қоғамдық кеңес құрылған сәттен бастап оның 3 отырысы өткізілген. Кеңес отырыстарында ұйымдастырушылық қызмет мәселелері қаралып, 2016 жылға жұмыс жоспары қаралып бекітілді, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының есебі тыңдалып, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен әзірленген нормативті-құқықтық актілердің жобалары талқыланды.  

Ү.ж. 20 мамырда өткен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының есебі талқыланды. Қосымша баяндамашы ретінде Қоғамдық кеңестің төрағасы М. Жолдасбеков сөз сөйлеп, Мәдениет және спорт министрлігінің қызметіне өз бағасын берді.

Кеңес отырыстарында Министрліктің ақпараттық саладағы жұмысын жандандыру жөнінде ұсынымдар айтылып, сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған Көркемдік кеңестердің қызметін жандандыру ұсынылып, мәдениет саясаты саласының өзекті мәселелері жөніндегі пікір алмасуларда қоғамдастық өкілдерінің қатысуы назарға алынды. Сонымен қатар, республика аумағында спорттық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндігінше көп көңіл бөліну қажеттілігі айтылып, спорттық объектілер мен аула клубтарын салуға мемлекеттік-жекешелік әріптестіктер, инвесторлар мен меценаттардың әлеуетін пайдалану - бұл мәселені шешудің оңтайлы жолдарының бірі екені жеткізілді.

Іс-шараға Қоғамдық кеңестің мүшелері мен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты С.Т. Сейдуманов, ҮЕҰ көшбасшылары мен мәдениет және спорт саласының сарапшылары қатысқан. Жалпы қатысушылар саны – 50 адам.  Қоғамдық кеңес мүшелерімен Министрдің есебі қабылданып, отырыстың нәтижесінде Қарар қабылданды.   

Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелерімен дене шынықтыру және спорт, тарихи-мәдени мұра объектілерін, мәдениет пен өнер ескерткіштерін қорғау және пайдалану, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны ұсыну, спорт, дін істері саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету және т.б. салаларды қамтитын 45 нормативті-құқықтық актілердің жобасы қаралып, қорытындылар берілген.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері министрлікпен өткізілетін іс-шараларға тұрақты түрде қатысып отырады.

2016 жылдың 2-ші жартыжылдығында өтетін Қоғамдық кеңес отырыстарында «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын, ҚР Кинематографияны дамыту тұжырымдамасының жобасын, Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 3-ші кезеңін (2017-2019 жж.) талқылау жоспарлануда.

Сондай-ақ нормативті-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Өзгерту: 28.07.2016