Өткізілетін іс-шаралар күнтізбесі (аңдатпалар)

28.02.2018

Анонс. Бояулар фестивалі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебімен бірлесіп, 2018 жылдың 3 наурыз күні сағ. 15.00-де балалар шығармашылығының «Бояулар фестивалі» атты көрмесін ашады.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің құрылу тарихы сонау 1981 жылдан басталған. Қазіргі таңда, Алматы қаласындағы алғашқы мамандандырылған оқу орны: «Бейнелеу өнері», «Техника және дизайн», «Клуб қызметі» салалары бойынша білім беруде.

30 жылдан астам тарихы бар өнер мектебі бүгінге дейін 100-ден аса байқауларға қатысып келеді. Атап айтсақ, «Қазақстан-жаңа әлемде», Mitsubishi Asian Children's Enikki Festa (Азия Тынық мұхиты Федерациясы Клубтарының және ЮНЕСКО ассоциациялары), «Невская палитра» (Санкт-Петербург), «Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан», «Қызғалдақ-адам» (ҚР Нидерланды Елшілігі), «Lidice» (Czech Republic), «Невская палитра» (Санкт-Петербург көркем бояулар зауыты), "Экология жаны" (Мәдениет Басқармасы Әкімшілігінің қалалық округі Калининград қ.).    

Қабырғаға сурет салу жобалары бойынша да мектеп оқушылары белсенділік танытуда. Олар, «Сүйікті қалама - сүйікті балалар» (2006 ж.) – Медеу-Шыңбұлақ жолындағы қоршауларды көркемдеу, «Қала Күніне» (2015 ж.) орай ұйымдастырылған Алматы қаласының ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы ұзындығы – 400 метрлік қабырғаға салынған кескіндемелер.    

Өнер мектебі жыл сайын өтетін Республикалық Пленэр-шеберлік-кластардың ұйытқысы болып отырғандықтан, бүгінде еліміздің және шетелдің танымал мамандары бейнелеу және қолданбалы өнер туралы шығармашылық сабақтарын өткізіп келеді.

2003 жылдан бері өткізілетін ЮНЕСКО-ның – Бүкіләлемдік «Әлем балалары сурет салады» атты альбомдық сериясын мектеп мақтанышы деуге болады. Ол бейбітшілікті нығайту, еларалық ынтымақтастық, адамгершілік құндылықтар, балалар шығармашылығындағы:  мүсіндеу, сәндік-қолданбалы өнер, қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттауға шақырады.     

Осы жоба аясында «Балалар әлемді бейнелейді. Орталық Азия» және «Балалар әлемді бейнелейді. Түріксой» атты кітаптар сериясы және «Балалар әлемді бейнелейді» Республикалық байқау  жеңімпаздарының еңбектері жарияланған түрлі-түсті альбомы жарыққа шықты.  2016 жылдың қыркүйек айында Мәскеуде ТМД елдерінің арасында өткен Халықаралық  «Кітап өнері» байқауында «Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан» альбомы  "Балалар мен жасөспірімдер кітабы" номинациясы бойынша жеңіске жетті.  Ал, Ә. Қастеев атындағы өнер мектебі І дәрежелі дипломмен марапатталды. 

Мектеп түлектері тек Алматы қаласының көркемөнер колледждері, жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, сондай-ақ Мәскеу, Санкт-Петербург, Англия, Израиль, АҚШ, Чехия, Канада және басқа да елдерде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізе алады.  

 «Бояулар фестивалі» көрмесі түрлі жанрлар мен техникада орындалған бейнелеу өнерінің  түрлерін: сурет бойынша академиялық жұмыстар, кескіндеме, шығармашылық композиция, сондай-ақ халықтық және заманауи сәндік-қолданбалы өнер коллекцияларын кеңінен таныстырмақ. Әртүрлі жастағы оқушылардың жазған дипломдық жұмыстарына  арналған экспозицияға назар аударуға болады. Соның ішінде, жоғарғы курс оқушылары орындаған баспа графикасы – линогравюра экспозициясы ерекше орын алады.     

Бейнелеу және қолданбалы өнер әлемімен таныстыру мақсатында мектеп ұстаздары мен оқушылары арнайы шеберлік-кластар ұйымдастырады.

Көрмеге балалар жұмысының 200-ден аса бейнелеу және қолданбалы өнер туындылары қойылады. Көрме 2018 жылдың 13 наурызына дейін жалғасады.

Өзгерту: 28.02.2018