Жаңалықтар

30.12.2016

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Жаңа жылмен құттықтауы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Жаңа жылмен құттықтауы

Қымбатты достар!

Сіздерді келе жатқан Жаңа 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

2016 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы белгісімен өтті. Барша ел бойынша осы атаулы мерекеге арналған жүздеген шаралар өткізілді. Олардың әрқайсысы Қазақстан халқының бірлігі мен достығын нығайтуда ерекше маңызға ие болып, мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарының айғағы болып табылады.

Өткелі жатқан жыл мәдениет және спорт саласындағы айрықша маңызды шараларға толы болды. Елордада бірегей оқу орны Қазақ ұлттық хореография академиясы және оның жаңа сахна алаңы «Астана Балет» театры ашылды.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының Астанаға көшуі жылдың маңызды шаралары қатарына енді. Бұл аты аңызға айналған қазақстандық брендтің жаңғыруына бастау салды. Ұйым негізінде «Астана Мюзикл» жаңа музыкалық театры ашылып, «Достар серті» алғашқы қазақстандық мюзиклдің тұсаукесері өтті.

Биылғы жылды қазақстандық кино жылы деп атауға болады. Отандық кинматография саласының дамуына үлкен қадам жасалды. 2016 жылы біз көрермендердің назарына Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасы, қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов туралы Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі, Қазақстан және Ресей түсіруге атсалысқан режиссер Андрей Шальопаның «28 панфиловшы» фильмі, Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» тарихи эпопеясын және тағы көптеген басқа кинотуындыларды ұсындық.

Халықаралық мәдени сұхбаттың дамуында Алматы қаласында ЮНЕСКО қамқорлығымен Мәдениеттер жақындасуы орталығының ашылуы ерекше орын алады.

Қазақстандық спортшылардың жаңа есімдері әлемдік спорт Олимпінің шыңынан көрінді. Ұлттық құрама команда мүшелерінің Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарындағы жарқын жеңістері қазақстандық спорттың тарихында алтын із қалдырды. Дмитрий Баландин, Данияр Елеусінов, Василий Левит, Елдос Сметов, Галбадрах Отгонцэцэг, Эльмира Құсайынова, Карина Горичева және т.б. секілді жеңімпаздарымыз өскелең қазақстандықтарға табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісіне айналды. Паралимпиада спортшысы Зульфия Габидуллинаның алтын жүлдесі мен Раушан Қойшыбаеваның парапауэрлифтинг бойынша күміс жүлдесі барша халқымыздың жүрегінде ерекше мақтаныш ұялатты.

2017 жылы бізді одан да жарқын және маңызды шаралар күтуде – Алматы қаласында 28-ші қысқы Бүкіләлемдік Универсиаданың және Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. Ел тарихындағы жаңа парақтарды ашып, мемлекетіміздің есімін әлемдік экономика, мәдениет және спорт саласына бірлесе енгіземіз.

Жаңа 2017 жылы барша қазақстандықтардың шаңырақтарына амандық, саулық, береке, бірлік және армандарының орындалуын тілеймін!

Ізгі ниетпен,

А. Мухамедиулы

Өзгерту: 30.12.2016