Жаңалықтар

17.03.2017

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Ұлттық олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты (Астана, 2017 ж. 17 наурыз)

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Ұлттық олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты (Астана, 2017 ж. 17 наурыз)

 17 наурыз, 2017. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мемлекет басшысы қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, олимпиадалық қозғалыстың қазіргі әлемдегі ерекше рөлін атап өтті.

– Біз халықаралық олимпиадалық қозғалысқа қосылдық. Ол тәуелсіз жаңа Қазақстанды құру ісінің маңызды бір бөлігі болып саналады. Себебі, олимпиадалық қозғалыс дегеніміз спортпен ғана шектелмейді ғой. Бұл – ашықтық, бірлік, өзара құрмет құндылықтарына, тән мен жанның жетілуіне негізделген өмір философиясы. Олимпиада моделі бойынша универсиадалар, құрлық ойындары мен басқа да жарыстар өткізіліп тұрады. Олимпиада жеңімпаздарының үлгісі бүкіл әлемдегі миллиондаған баланы спортпен шұғылдануға жігерлендіреді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы елімізде халықаралық спорт шараларын дайындау және өткізу тиісті деңгейде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.

– Қазақстан әлемдік олимпиада қауымдастығының лайықты мүшесіне айналды. Біз спорттың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Кейінгі 25 жылда туымыз барлық олимпиадада желбіреп, спортшыларымыздың жеңісінің құрметіне әнұранымыз асқақтады. Таяуда ұлттық құрамамыз Алматыда өткен Қысқы универсиадада өз деңгейінің биік екенін даусыз дәлелдеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік спорт аренасында өз орнын бұдан әрі бекемдей түсетініне сенім білдіріп, спортшыларымызға жаңа жетістіктер мен жеңістер тіледі.

Соңында Елбасы іс-шараның құрметті қонағы – Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының президенті Ахмад әл-Фахад әл-Сабахты спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады.

Өзгерту: 17.03.2017