Жаңалықтар

29.08.2017

Астанада Конституция күніне орай мерекелік концерт өтті (Астана, 2017 ж. 29 тамыз)

Астанада Конституция күніне орай мерекелік концерт өтті (Астана, 2017 ж. 29 тамыз)

29 тамыз, 2017. Астана. Бүгін «Қазақстан» Орталық концерт залында Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты концерт өтті. Отандық және шетел өнерінің жұлдыздары және еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары Астананың бас сахнасында туған елге деген сүйіспеншілік пен мерекелік көңіл күй сыйлады. Бас ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Осы кеште тәуелсіз Қазақстанның үздік музыкалық шығармалары мен әлем мәдениетінің шедеврлерін қазақстандық әншілер жоғары дәрежеде орындады.

Жас әншілерден құралған «Қыз Жібек» (Орал қ.) тобы Конституция күніне салтанатты арнауын орындады.

Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Астана балет» театрының әртістері, «Астана Опера» балет труппасыжәне «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көрермендерге «Шашу» биін тарту етті.

Мерекелік концертте Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева,  халықаралық конкурстардың лауреаты Ерболат Құдайбергенов және «Астана» балет труппасы «Гәкку» ариясын,  халықаралық конкурстардың лауреаттары Рахат-Би Абдысағин мен Санжарали Көпбаев вокалды-симфониялық «Үш  қоңыр» композициясын, Қазақ Ұлттық Хореография Академиясының және «Астана Опера» балет труппасының студенттері Л.Минкустың «Пакита» балетінен полонез-мазурка сыйлады.

Оңтүстік Қазақстан облысының домбырашылар ансамблі мен Астаналық барабаншылар ансамблі қосылып мерекелік кеште Құрманғазының атақты «Балбырауын» күйін 600 өнерпаз бір сәтте орындады.

Экспо-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінде өз елдерін таныстыруға келген Африка, Бразилия, Латын Америка, Таиланд және Шотландиялық қонақтар қазақстандықтарға әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашты. Сахнада өздерінің әсем және шаттыққа толы шоуларын көрсету арқылы қонақжай Астанаға ризашылықтарын білдірді.

Қазақстандықтардың сүйікті «Атамекен» әнін «Евровидение-2017» байқауының лауреаты Кристиан Костов жаңаша үлгіде орындады. 17 жасар өнерпазбен  ҚазҰӨУ-нің «Елігай» балалар хоры және «Астана Опера» балалар хорының орындаушылары көрермендерді ерекше дауыстарымен таңқалдыра тамсандырды.

Салтанатты кешке ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Байғали Серкебаев қатысты. Қазақстандық аты аңызға айналған А-Студия тобының жетекшісі өз отандастарын Конституция күнімен және алда келе жатқан Астананың 20 жылдығымен құттықтады.     ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алытынай Жорабаева, Байғали Серкебаев және халықаралық байқаулардың лауреаты Кристиан Костов, Сон Паскаль, Анна Уварова «Елімнің жүрегі – Астана» (авт. С. Коңырбаева, М.Түгелбаев) атты тамаша әннен тарту етті.

Мерекелік жиынды  Н.Тілендиев пен Қ.Мырза-Әлидің «Өз елім» патриоттық әнімен Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов және «МузАрт» тобы мен концерттің барлық қатысушылары бірге орындап мерекелік жиынның шымылдырығын жапты.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызкүнгі республикалық референдумда қабылданған күнімен атап өтіледі. Дәстүрлі түрде еліміздің барлық облыстарымен қалаларында көркемөнерпаз шеберлерінің концерттері мен мерекелік бағдарлама өтеді.

Өзгерту: 31.08.2017