Жаңалықтар

09.10.2017

«Astana Musical» театрында жаңа премьера (Астана, 2017 ж. 9 қазан )

«Astana Musical» театрында жаңа премьера (Астана, 2017 ж. 9 қазан )

2017 жылдың 9-10 қазанында Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана мюзикл» премьерасы өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жаңа музыкалық жобасын жас болсада көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Астана мюзикл» театры ұсынады.

Қойылымның қоюшы-режиссері – «Астана Мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Авторлары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков және Артур Оренбургский. Мюзикл барысында ұлы Абайдың әндері, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова, Қайрат Баекенов және Хамит Шаңғалиевтың заманауи музыкалық туындылары орындалады.

Қойылым барысында адамзатқа ортақ қасиеттер – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынына куә боласыздар. Мюзикльдің «Астана» деп аталуында да үлкен мән бар. Себебі таңдырдың бұралаң жолы жырақтатып жіберген сан тағдырлар әсем қала Астанада тоғысады. Астана – орындалар асыл армандардың, жарқын болашақтың қаласы.

Бір кездері атажұртынан жыраққа жер ауып кеткен Хамит ақсақалдың немересі Жанар атасының аманатын арқалап, Астанада өтіп жатқан өнер байқауына келеді. Жүрек түкпіріндегі атамекенге деген сағынышын әнмен жеткізген Жанардың әсем дауысына, әдемілігі мен нәзіктігіне Нұржан бір көргеннен ғашық болады. Екі жастың бір-біріне деген сезімі үйлесім табады. Бәйтеректің ұшар басына шығып, арман-тілектері тоғысқан екі жастың ғашықтық әндері ерке Есілдің айдынында тербеліп, Астана аспанында қалықтайды. Нұржанның достары Айдос пен Айнаш та өмірдің өткелдерінен бірге өтуге уағдаласады.

Араға ұзақ жылдар салып Сарыарқа төрінде кездескен Хамит ақсақал мен Халима әже де балалық шақтың балғын кездерін еске түсіріп, ерекше тебіренеді. Немерелері Нұржан мен Жанардың қадамына сүйсінген адал болмысына елжіреген ата мен әже ақ баталарын береді.

«Астана Мюзикл» театрының репертуары мәдени өміріміздің елеулі оқиғасына айналатын тағы бір жаңа қойылыммен толықпақ. Қазақстандағы «мюзикл» жанрының қалыптасуы мен дамуы үшін тер төгіп жүрген талантты ұжымның талантына Елорда тұрғындары мен қонақтары «Достар серті», «Ер-Төстік», «Ромео и Джульетта» және басқа да музыкалық шоулары барысында куә болған еді.

Өзгерту: 13.10.2017