Жаңалықтар

14.02.2018

«Манонның» алматылық көрерменге арналған премьерасы (Алматы, 2018 ж. 14 ақпан)

«Манонның» алматылық көрерменге арналған премьерасы (Алматы, 2018 ж. 14 ақпан)

Алматылықтардың көптен күткен оқиғасы орын алды: 14 ақпан күні Абай атындағы МАОБТ сахнасында ХХ ғасырдың әйгілі хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» балеті қойылды. Жеңіл жүрісті ханым туралы қайғылы оқиғаға лық толы зал жиналды, оған салмақты негіз де бар – бұл балеттік эксклюзивті қазіргі таңда тек «Астана Операдан» көруге болады, оған дейін Қазақстанда ешқашан қойылмаған және әлемдік сахналарда да «Манон» сирек кездеседі.

«Астана Опера» театрының Алматыдағы гастролі 10-18 ақпан күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.

- «Манон» спектаклінде «Астана Опера» балет труппасының түгел дерлік қатысады. Осынау күрделі қойылымға ұзақ дайындалдық. Абай атындағы МАОБТ сахнасында өнер көрсету өте жауапты болды, себебі залда бізге тілектес, дегенмен де талғампаз көрермен отырды, әрине, арасында ұстаздарымыз да болды. Барлық әртіс кішкене толқып, қобалжыды, ал қазір бәрі де ойдағыдай өткені үшін өте бақыттымыз. Бұл спектакльдің күрделілігі қарапайым емес хореографиясында жатыр. К.Макмиллан осы балетті қойған кезде қысқы Олимпиадалық ойындарға барғаны белгілі. Оған мәнерлеп сырғанаудың қатты әсер еткені соншалық, хореографияда әртістер үшін ыңғайсыз, бірақ ерекше әдемі күрделі элементтер пайда болды. Мен бұл спектакльді – «төзімділікті сынау» деп атаймын. Меніңше, біз бұл сыннан өттік, - деп атап өтті басты партияны орындаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева.

Алматының қырағы балет сыншылары әртістердің шеберлігін ғана емес, сонымен бірге тиісті декорацияларын, киімдерін және XVIII ғасыр кезеңіне сахна жабдықтарының тұтастай сәйкестігін жіті қадағалап, баға берді.

- Патшалық сән-салтанат, өткен ғасырдағы киімдердің айрықша үлгісі әсем безендірілуімен ерекшеленді, менің ойымша, бұл Манонның киімінде көрініс тапты – ол көптеген бант және желбіреуіштермен көмкерілген еді. Бас киімдері де таң қалдырды: оны киген ханымдар сондай нәзік, сүйкімді көрінді, тұтастай алғанда, XVIII ғасырға тән сезімділік, біртүрлі боямалылық жағдайы жасалды. Ақсүйектік сәннің үстемдігі барлығынан – декорациялардан да, киімдерден де сезіліп тұрды. Орындаушылыққа келер болсақ, Мәдина Басбаеваның дарынын атап өтер едім. Манонның бейнесін өте таза әрі жігерлендіріп жүзеге асырды. Оның әріптесі – Рүстем Сейітбеков те Де Грие рөлінде тіпті керемет болды, әртістер Жюль Массненің музыкасын дәл қолданып, көрсете алды. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір өнер көрсетудің бірі – Леско рөліндегі Бақтияр Адамжан. Солист бүгінде мансабының биік шыңында тұр. Оның бейнені жеткізуінен орасан зор ләззат алдық, ол техникалық тұрғыдан өте мықты! Спектакльден қызыққа толы ортақ әсер қалыптасты – кинода отырып, болып жатқан оқиғаларды сыртынан ғана қадағалап тұрғандай сезіндік, - деп атап өтті балет сыншысы Флюра Мусина.

Балет Жюль Массненің музыкасына қойылған. Хореограф Кеннет Макмилланның өзі жазған либретто негізінде аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың оқиғасы» романы (1731) жатыр. Жюль Массненің түрлі шығармаларынан алынған музыкалық нөмірлерді жинақтап, танымал музыкант Лейтон Лукас пен оның ассистенті, балет труппасының концертмейстері Хильда Гонт оркестрге бейімдеді. Балеттің музыкалық көркемдеуіне ғашықтардың басты тақырыбы ретінде Ж.Массненің атақты «Элегиясы» да енді. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Оркестрге өңдеген әрі аранжировкасын жасаған – Мартин Йетс. Декорациялар мен костюмдер Николас Георгиадистың эскиздері бойынша орындалған. Балет труппасының көркемдік жетекшісі және «Астана Опера» сахнасында «Манон» балетін қоюға бастамашы болған – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Сэр Кеннет Макмилланның жұбайы – леди Дебора Макмилланның сөзінше, «Астана Опера» сахнасындағы «Манон» балеті қазіргі кезде осы балеттің әлемдегі ең үздік қойылымы болып табылады!

Еске салар болсақ, Манон партиясын осы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Де Грие – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков, Леско – көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан, Г.М. мырза – Жәнібек Иманқұлов, Лесконың көңілдесі рөлін көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Рүстемова орындады. Басты кедей – Бостон Қожабеков, Бикеш – Алтынай Қағазбаева, Қарт мырза – Руслан Темірбеков, Түрме қызметкері – Олжас Маханбетәлиев.

Өзгерту: 18.06.2018