Жаңалықтар

10.11.2016

Алғашқы қазақстандық мюзиклдің жаңа көрсетілімі өтті (Астана, 2016 ж. 9 қараша)

Алғашқы қазақстандық мюзиклдің жаңа көрсетілімі өтті (Астана, 2016 ж. 9 қараша)

9 қараша, 2016. Астана. «Қазақконцерт» Орталық концерт залында «Достар серті» мюзиклінің жаңа көрсетілімі өтті. Жаңа музыкалық қойылым бірегей туынды болып табылады. Алғашқы қазақстандық мюзикл - жуырда Астанадағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымның жанында ашылған «Astana Musical» жаңа музыкалық театры ұжымының бірлескен еңбегінің жемісі.

Мюзиклдің либреттосын танымал қазақстандық ақын және сценарист Бақыт Қайырбеков жазды. Қойылым музыкасының авторы Қазақстанның еңбегі сінген қайраткері, дирижер Артур Оренбургский болса, режиссері – Еслям Нұртазин. Ақын, драматург Аннас Бағдат мюзиклді қазақ тіліне аударды.

Мюзикл  желісі бойынша еліміздің әр өңірінен консерваторияға оқуға келген төрт жігіттің басынан кешкен  қызықты оқиғалары, жастық шақ,   достық  пен махаббат жайы баяндалады.  Оқиға 60-70-ші  жылдар кезеңінде өрбиді. Мюзиклға сол жылдарда   әйгілі болған,  қазақ музыкасының «алтын қорына» енген: Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, «Дос-мұқасан» тобының әндері арқау болды. Әлемдік музыканың  жауһарлары Франкель, Битлз  репертуарының шығармалары  орындалады. Сондай-ақ,  жаңа стилистикалық бағытта  жазылған  композициялар да бар.

«Astana Musical» - еліміздегі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының негізінде құрылған тұңғыш мамандандырылған  мюзикл театры.  Спектакльде    жас актерлар  өнер көрсетеді. Жаңа театр замануи бағыттарға негізделіп, отандық мюзиклдердің бірегей репертуарының орталығына айналмақ. 

Өзгерту: 10.11.2016