Министрліктің жаңалықтары

19.05.2017

Ұлттық музейде жыл сайынғы «Музейдегі түн» акциясы өтті

19 мамыр, 2017. Астана. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музей күніне орай «Музейдегі түн» акциясы өтті.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Абай Сатубалдин: «Ұлттық музей биыл үшінші мәрте «Музейдегі түн» акциясын өткізіп отыр. Аталған акцияға деген келушілердің қызығушылығы да жыл санап артып келеді. «Музейдегі түн» тәрізді акцияларды ұйымдастыру арқылы халықтың төл мәдениетімізге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметін молайта аламыз» – деді.

Шара барысында танымдық бағыттағы тақырыптық экскурсиялар, «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қол күрес» сынды спорттық ойындар ұйымдастырылып, бие байлау науқаны басталарда жасалатын «Қымызмұрындық»  рәсімінен көріністер көрсетілді.Музей атриумында зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар сатылымға қойылған жәрмеңке ұйымдастырылды.

«Музейдегі түн» акциясы аясында Төрегелді Шарманов басқаратын Қазақ тағамтану акдемиясы әзірлеген бие сүтінен дайындалған шоколадтың таныстырылымы өтті.

«Музейдегі түнге» келушілердің назарына өнер жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Мұхаметәли Жүгінісов, Ринат Малцаков, Шахаризат Сейдахмет қатысқан концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Музейдегі түн» акциясына келген қонақтардың қатары қалың болды.  Келушілердің барлығы да «Музейдегі түн» акциясына оң бағасын берді. Әлемдік деңгейде аталып өтетін бұл акцияның Ұлттық музейде де ұйымдастырылуы бізді ерекше қуантты дейді қонақтар. Тұрғындардың қызығушылығын тудырған залдардың қатарында Алтын залы мен Заманауи өнер залы және Астана залы болды.

Ұлттық музей ашылғалы бері «Музейдегі түн» акциясы 3 мәрте ұйымдастырылды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. Жыл басында наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Наурыз – жаңғыру нышаны» атты акцияғада астаналықтар мен қала қонақтары  тарапынан қызығушылық мол болды.

Осы жылғы «Музейдегі түн» акциясына келушілердің саны 37 мыңға жуық.

Өзгерту: 19.05.2017