Министрліктің жаңалықтары

19.05.2017

Канныда Қазақстанның алғашқы ұлттық павильоны ашылды

19 мамыр, 2017. Канны (Франция). Отандық киноөндіріс тарихында алғаш рет 70-ші Халықаралық Канны кинофестивалінде Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды. Алғашқы қазақстандық павильон Фестивальдер сарайының жанындағы Le Village International кинонарығының аумағында орналасқан. Фестивальға қазақстандық делегация қатысуда.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі ұйымдастырушы комитетінің тікелей қолдауымен ашылған Қазақстанның Ұлттық павильоны фильмдерді, жобалар мен қызмет көрсетулерді ілгерілету бойынша кәсіби кездесулер мен сұхбаттар өткізуге мүмкіндік береді.

Әлемнің ең беделді халықаралық кинофестивальдерінің аясында қазақстандық павильонның тұсаукесері еліміздің киноөндіруші мемлекет ретіндегі беделін нығайтып, киноөндіріс саласында әріптестік пен болжамды ынтымақтастық аясындағы мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Отандық павильон бағдарламасында негізгі орынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанада 2017 жылдың 22-28 шілдесі аралығында өтетін Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің тұсаукесері алады.

Айтып кету керек, 2016 жылдан бастап Канныдағы әйгілі халықаралық кинофестивальдің бағдарламасына Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері белсенді атсалысып келеді. Нақты айтқанада, режиссура мамандығының студенттері Айдос Сейтжан («Туған» фильмі), Аян Найзабеков («Әке» фильмі), Асылхан Шәкенов («Однажды в маленьком городе» фильмі), Елжас Ертісбаевтың («Черный. Белый. Серый» фильмі) туындылары Канн фестивалінің «Short Film Corner» («Қысқа метр бұрышы») бағдарламасына енді. Қазақ ұлттық өнер университеті өз студенттерін Халықаралық кинофестивальдарға, соның ішінде Канныға жиі жіберіп тұрады. Сондай-ақ ҚазҰӨУ Канн кинонарығындағы Қазақстан алғашқы павильонының бас демеушілерінің бірі болып табылады.

19 мамырда Франция Ұлттық кинематография орталығының алаңында «Қазақстан ұлттық павильонының» ашылуына арналған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталовтың қатысуымен ресми қабылдау мен Айман Мұсақожаева, Димаш Құдайберген, өнер университеті шекті аспаптар камералық ансамблінің қатысуымен концерт өтеді. Кешке Канн кинофестивалі мен кинонарығының қонақтары, қатысушылары, Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің өкілдері, муниципалды билік және Көкшіл жағалау кинокомиссиясының өкілдері қатысады.

Канн фестиваліне қатысу халықаралық кинематограф қауымдастығымен мәдени байланыстардың одан әрі нығаюы, Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында Қазақстан Республикасының бай, дамыған киноөндіріс ретіндегі беделінің артуына қызмет етеді деп күтілуде. Павильон жұмысы ұлттық фильмдерді бірлесіп өндіру мен қаржыландыруға потенциалды әріптестерді тартуға, тәжірибе алмасу мен қазақстандық киноөндірістің жаңғыруына, туризмнің дамуына септігін тигізетін болады.

 

Өзгерту: 19.05.2017