Министрліктің жаңалықтары

14.06.2017

«Eurasian Dance Festival» Халықаралық балет өнері фестивалі

«Eurasian Dance Festival» Халықаралық балет өнері фестивалі

2017 жылдың 24-29 маусым күндері Астана қаласында «Eurasian Dance Festival» атты I Халықаралық балет өнерінің фестивалі өтеді.

Дүниежүзінің түпкір-түпкірінен жиналған заманауи хореографияның майталмандары бір сахнада өнер көрсеткелі жатқан аталмыш іс-шара балет өнері әлемінің маңызды оқиғасы болмақ. Астана қаласы бұл фестивальді өткізуге лайық қала деп табылды, өйткені би өнері сан түрлі халықтардың басын қосқандай, Астана қаласы да өз азаматтарын  «қазақстандық» деген бір ұлтқа біріктіреді. Бұл фестивальдің «Eurasian Dance Festival» деп аталу себебі Астана қаласының тек қана Қазақстанның географиялық және мәдени орталығы ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Еуразиялық континенттің жүрегінде орналасқанының айқын көрінісі болғандығында. 

Алғашқы Еуразиялық фестивальдің айқын ерекшелігі оның толықтай авторлық хореографияға бағышталуы мен фестивальдағы би өнерінің сан түрлі бағыттарының ішінен өзіндік стилін таба білген дара да дарынды жас хореографтардың қойылымдарының көрсетілуінде. Заманауи балет - бұл қазіргі заманның ең жылдам дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Алғашында Батыста классикалық балет өнерінің негізінде пайда болған бұл би стилі қазіргі таңда күрделі де, абстрактілі би өнерінің түріне айналды.

Фестиваль   көрермендер мен қатысушыларға әлемдік классиканың үздік қойылымдарымен қатар, балет өнерінің заманауи даму тенденцияларымен танысуына мумкіндік береді.

Айтулы іс-шараға әлемге аты кеңінен тараған, шет елдерде мыңнан астам қойылымдарын көрсеткен Оңтүстік Кореялық «Universal Ballet» би труппасы, американдық «Rock the Ballet» шоу балеті, оның басшысы, аты аңызға айналған Михаил Барышниковпен салыстырылған белгілі хореограф Раста Томас, «Астана Балет» театры, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры және әлем жұлдыздары қатысады деп күтілуде.

Фестивальдің ашылуы 24 маусымда «Астана Балет» театрында «Ұлы Дала Мұрасы» туындысы, сондай-ақ, Жер Ананың жаратылуын сүреттейтін бір актілі «Gaia» қойылымы мен «A Fuego Lento»  махаббат хикаясы қойылымымен ашылады.

25 маусымда «Астана Балет» МОБТ би труппасы М.Сервантестің аты әлемге танылған «Дон Кихот» қойылымын Бейбітшілік және келісім сарайында қалың көрерменге тарту етеді.

26-27 маусым күндері «Астана Опера» МОБТ сахнасында Сеул қаласынан келген «Universal Ballet» балет труппасы, 28 маусымда «Астана Балет» театрында американдық «Rock the Ballet» би труппасы Астана тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін паш етпек.

  Жобаның мақсаттары мен міндеттері:

 - әлемнің ең үздік шығармашыл тұлғаларын қазақ сахнасына жинау;

 - балет өнеріне қалың көпшіліктің қызығушылығын ояту және Қазақстан өнерін шет елге таныту;

- жас дарындарды сахнаға өз шығармашылық әлеуетін сынап көруге мүмкіндік беру арқылы жас таланттарды анықтау және қолдау;

- дарынды жас бишілердің әлемдік балет жұлдыздарымен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Фестиваль аясындағы барлық іс-шаралардың билеттерін «Астана Балет», «Астана Опера» театрлары кассаларынан немесе TIKETON және KONCERTYASTANY.KZ сайттарынан сатып алуға болады.

Өзгерту: 14.06.2017