Министрліктің жаңалықтары

14.06.2017

Ұлы Вердидің құпиялары

Ұлы Вердидің құпиялары

«Астана Операда» аса көрнекті композитор Джузеппе Вердиге арналған «Верди Верди жайында» бірегей авторлық шоуы ұсынылады. «ЭКСПО-2017» мәдени бағдарламасының шеңберінде танымал итальяндық драматург, актер әрі режиссер Массимилиано Финаццер Флоридің өнер көрсетуі 23 маусым күні театрдың Камералық залында өтеді.

Ұлы музыкалық данышпанның кейпіне енген Массимилиано Финаццер Флори Джузеппе Вердидің шығармашылық жолының ғажайып тарихынан қызықты түрде сыр шертетін болады. Көрермен қауымның итальяндық опера классигін жаңа қырынан тануға, оның құпияларын, жұмысы мен қызығушылық әдістерін білуіне зор мүмкіндігі бар. Осы кеште тыңдармандар қазіргі таңдағы Верди мен өткен жылдардағы Верди арасындағы қиял кездесудің куәсі болады. Шоудың музыкалық сүйемелдеуінде Дж. Вердидің аса танымал опералары, атап айтқанда, «Риголетто», «Аида», «Травиата», «Отелло», «Дон Карлос», «Макбет», «Набукко», «Фальстаф», сонымен қатар атақты Реквиемнің үзінділері орындалатын болады.

Музыка, әдебиет және философияның өзара байланысын ашатын «Верди Верди жайында» авторлық шоуының тұсаукесері Парма провинциясындағы (Италия) Фарнезе театрында 2016 жылдың мамыр айында өткен еді. «Астана Операдағы» қойылым халықаралық дебют болмақ.

- Джузеппе Вердидің ой-толғаулары мен сөздерінен құралған осы түпнұсқалық спектакльде мен композитордың өмірі жайлы толық әрі бірегей әңгіме құраймын. Көрермен онымен бірге сахна сыртында болып қайтып, драматургия мен актерлік шеберлік арқылы ұлы адамның өмірбаянын жақсырақ біле алады. Ал оның ішкі әлеміне жол серік болатын – музыка. Туындыларды таңдаған кезде мен бағдарламаға оның шығармашылығының негізгі үлгілерін қосып, алдын-ала кесіп-пішпеуге тырыстым – деді Массимилиано Финаццер Флори.

Көптеген халықаралық жоғары марапатттардың иесі, сонымен қатар өнер, ғылым, философия мен әдебиет саласындағы кинофильмдер, телебағдарламалар мен басылымдардың авторы, мәдениетті дамыту және алға тартуға бағыттталған іс-шаралардың ұйымдастырушысы бола отырып, Массимилиано Финаццер Флори 50-ден астам театр қойылымдарын жасап, жүзеге асырған. Оның гастрольдері Еуропа, Азия, Америка мен Австралияның ең беделді залдарында өткен.

Концертке қатысушылар: солист – сопрано және «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің әртістері (ішекті квартет). Фортепиано партиясы – Мәдениет қайраткері Елена Сахно.

Концерт ағылшын және орыс тілдеріндегі субтитрлармен сүйемелденеді.

Өзгерту: 14.06.2017