Министрліктің жаңалықтары

16.06.2017

А. Мұхамедиұлы: «Мәдениет пен спорт ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік береді»

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының халық алдында есеп беру кездесуі барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында басымдық берілген міндеттер айтылды.    

Ведомство басшысының берген ақпараты бойынша, Министрліктің алдына халықтың тарихи және мәдени ескерткіштерін регенерациялау бойынша міндет қойылды.

«Жеке менің басшылығыммен археология, тарих, этнография, өлкетану салаларындағы танымал ғалымдар мен белгілі сарапшылардың қатарынан құрылған «Сакральдық география» жобалау тобы жұмыс істеуде. Ұлттық музейдің жанынан Қазақстанның тұтас аумағындағы ескерткіш орындардың бірыңғай желісін зерттеу және қалыптастыру, Сакральдық объектілердің картасын әзірлеу бойынша «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды» - деді министр.

 «Туған жер» бағдарламасы аясында отандық туризмді насихаттаудағы басты мақсат азаматтардың бойында өз Отанына, жанұясына, табиғатқа деген махаббат арқылы туған Отанын, жерін мақтан тұтатын патриоттық сананы қалыптастыру болып табылады. Осы бағытта, сакральды география бойынша мәдени-танымдық бағдарламалар әзірлеу, сондай-ақ оны кеңінен ақпараттық ілгерілету, соның ішінде әлемдік аудиторияға таныстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсаттарда қол жетімді мультимедиалық өнімдер жасау, ғылыми-танымдық картиналар түсіру, арнайы мамандандырылған басылымдар, кітаптар, анықтамалар, энциклопедиялар шығару қарастырылған.

Министрлік америкалық «Castle film» компаниясымен бірлесіп танымал галливудтық актер және продюсер Керри Тагаваның жетекшілігімен сакральдық орындар мен көшпенділердің өмірі жайлы фильмнің түсіріліміне кірісті. National Geographic арнасымен бірге сакральдық нысандар туралы бірлескен телевизиялық жоба шығарылуда. «Арша Астана» түсірілім тобымен бірлесіп ғылыми-танымдық фильмдер сериясының өндірісі басталды.   

«Сонымен қатар, Қазақстанның киелі нысандары туралы энциклопедияның қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі 1-ші томын басып шығару, сондай-ақ «Қазақстанның Ұлттық атласы» және «Өңірлердің сакральдық ескерткіштері» кітаптарының серияларын әзірлеу жоспарлануда» - деп хабарлады Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жалпы алғанда, барлық жүргізіліп жатқан жұмыстар Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыру бойынша қолданып жатқан шаралармен үйлестірілген.

Өзгерту: 16.06.2017