Министрліктің жаңалықтары

12.08.2017

«Ермек Серкебаевқа арналады» әлемдік опера жұлдыздарының гала-концертін ұйымдастырушылар Астана жұртшылығын таңқалдырды

 «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Ермек Серкебаев атындағы Мәдениетті және өнерді қолдау қорының қолдауымен ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында «Ермек Серкебаевқа арналады» атты әлемдік опера жұлдыздарының Гала-концертін ұйымдастырды.

Гала-концерт атақты қазақстандық әнші, КСРО халық артисі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Концертті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, A'Studio тобының продюсері әрі музыканты, Ермек Серкебаевтың ұлы – Байғали Серкебаев ашты.

«Құрметті өнер сүйер қауым, осыдан тура 50 жыл бұрын, 1967 жылы Канаданың Монреал қаласында біздің Ер-ағамыз Қазақстан өнерін әлемге паш етті. Енді міне, 50 жылдан кейін ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Ермек Серкебаевты еске алуға арналған тамаша кештің куәгері болып отырмыз» - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«70-жылдары біздің танымал Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Италияға барғанда Ермек Серкебаев ағамыз «Сивильский цирюльник» операсынан Фигаро «Каватинасын» тамаша орындады. Музыка сыншылары Ермек Серкебаевтың орындау шеберлігін атап өтіп,  сол уақыттың үздік Фигаро орындаушысы деген баға берді» - деді министр.

Құрамы бойынша айрықша болып табылатын бұл концертке әлемге танымал әншілер өнер көрсетті, оның ішінде әлемнің үздік бас дауыс иесі, Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері, Метрополитен-опера (Нью-Йорк), Мариин театры мен Париж операсының солисі Ильдар Абдразаков, Мариин театрының солисі, Opera Awards (Лондон қ.) сыйлығының лауреаты Асмик Григорян, Үлкен театрдың жетекші солисі, Пласидо Домингоның «Опералия - 2016» конкурсының жеңімпазы Богдан Волков, Үлкен театрдың жетекші солисі Игорь Головатенко, Мариин театрының солисі Сергей Скороходов, Мәскеулік «Новая Опера»  театрының солисі Алексей Татаринцев, Үлкен театрдың солисі  Агунда Кулаева, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, «Большая опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисі Азамат Жылтыркөзов.

Ермек Серкебаевты еске алу кешінде әлемдік опера классикасының жауһарлары, Дж. Россини, Дж. Верди, Ш.Гуно,А.П. Бородин, К. Сен-Санс, Ж. Бизе, П.И. Чайковский, А. Дворжак, Г. Доницетти, Дж. Пуччини, А.Қ. Жұбанов, Л. Хамиди операларынан ариялар шырқалатын болады. Концертке Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Татарстанның халық артисі Ренат Салаватовтың жетекшілігімен «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі қатысты. Кештің қоюшы режиссері, әлемнің үздік және жарқын режиссерларының бірі  Василий Бархатов.

Өзгерту: 12.08.2017