Министрліктің жаңалықтары

08.09.2017

Әсет мұражайы ақын тойына әзір

Абайдың шәкірті, ақын, әнші, композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай Мақаншыда орналасқан ақын мұражайында жөндеу және залдарды қайта жабдықтау жұмыстар жүргізілді.

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының бір бөлімі болып саналатын мұражай ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып, дүлдүл ақын, асқақ әнші Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттап келеді. Биыл ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражайда жүргізілген реэкспозициялық жұмыстар нәтижесінде залдар кеңейіліп, экспозицияның бұрынғы бір залы енді үш залға қанатын жайды.

Мұражайдың бірінші залы Әсет ақынның өмірінен деректер, шығармашылығының бастауын көрсетсе, екінші зал ақынның Қытайдағы өмірінен сыр шертеді. Ал үшінші зал ардақты тұлғаның асыл мұрасымен толық таныстырады. Соңғы жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқасында мұражай қорына түскен материалдар көрермендер назарына тұңғыш ұсынылып отыр. Нақты айтсақ, Әсет ақынның ортасы, өміріне қатысты адамдар туралы материалдар соған жатады. Әсет өлең арнаған Жасболат болыс пен Таңғыт Еңсе қажыұлы туралы, дәмдес болған Дәмежан батыр және досы Ғафари қажы сияқты адамдарға қатысты деректер экспозициядан  орын алды. Сонымен бірге 1909 жылы Мамания медресесі ашылғанда ақын жазған хаттың көшірмесі, шығармаларының кейінгі жылдары қорға түскен қолжазбалары, ақын мұрасын бізге жеткізген қариялар және әсеттану туралы материалдар мұражай экспозициясында жан-жақты көрсетіліп отыр.

Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері Әсет мұражайының күрделі жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп, ақын мерейтойы қарсыңында аяқтап, Әсеттей ақиық ақынның мұрасымен танысамын деген көрермендерді қабылдауға дайын. 

Өзгерту: 08.09.2017