Министрліктің жаңалықтары

11.09.2017

Республикалық жыршылар және термешілердің конкурсы өтті

2017 жылғы 5-7 қыркүйек күндері Қарағанды қаласы «Шалқыма» концерттік залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, ЭКСПО -2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында, мемлекеттік және қоғам қайраткері, қазақтың ұлы үш билерінің бірі, қазақтың дара тұлғасы, елші – қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек би» атты Республикалық жыршылар және термешілер конкурсы өтті.

Конкурс дарынды жас өнерпаздарды анықтау, кәсіби шеберлікті жетілдіру, жыр және терме өнері арқылы мәдениеті арқылы қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге тәрбиелейтін мәдени орта жасау, ұлтымыздың азаткерлік рухының тарихи тек-тамырына мемлекеттік мүдде тұрғысынан баса мән беріліп, тарихи тұлғаларымызды болашақ ұрпақ тәрбиесін жетілдіру, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мен қолдау, ХІІІ – ХV ғасырдағы: Бұқар, Үмбетей, Қазтуған, Доспамбет, Ақтанберді, Шалкиіз т.б. жыраулар шығармашылығындағы адамгершілік, отаншылдық тақырыбындағы көрсетілген ұлтымыздың мәңгілік мұратын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Конкурстың бірінші кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлеріміз Доспамбет, Ақтамберді, Шалкиіз – Арқа өңірінің, Сүйінбай, Жамбыл, Қаблиса – Жетісу өңірінің, Нұртуған, Тұрмағамбет, Жиенбай – Сыр өңірінің, Абыл, Нұрым, Қашаған, Сәттіғұл – Маңғыстау өңірі жыршыларының жырларынан біреуін, сондай-ақ терме мен толғауды орындады. Екінші кезеңін атап айтсақ, үміткерлер өз қалауы бойынша Бұқар, Үмбетей, Қазтуған – Арқа өңірі жыраулардың жырларынан біреуін және батырлық жыр-дастандардың үзінділерінен біреуін орындады.

Конкурстың салтанатты ашылуы ү.ж. 5 қыркүйек күні Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі әншілері, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары – Дулат Ақанов, Гүлмира Тапай, Ришат Шәбденовтың қатысуымен өтті.

Сонымен қатар, конкурстың бірінші, екінші кезеңдері 5-6 қыркүйек күндері «Шалқыма» концерттік залында өтті.

7 қыркүйек күні сағат 11.00-де конкурстың салтанатты жабылуы, жеңімпаздардың марапаттауы мен Гала-концерті өтті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша еліміздің өңірлерінен келген 16 қатысушы арасынан «Жыр» және «Терме» номинациялары бойынша келесі үміткерлер жүлделі орындарға ие болды:

«Жыр» және «Терме» номинацияларына ортақ:

  • Қазыбек би атындағы Бас Жүлде (Гран при) және лауреат атағы  – 400 000 тг. - Сарсенбаева Майра /Қызылорда облысы/;

«Жыр» номинациясы бойынша:

  • Бірінші жүлде және лауреат атағы – 300 000 тг. – Фархат Оразов /Батыс Қазақстан облысы/;
  • Екінші жүлде және лауреат атағы – 200 000 тг. – Нарман - Қалуова Перуза /Ақтөбе облысы/;
  • Үшінші жүлде және лауреат атағы – 100 000 тг. – Бимбетова Шолпан /Қызылорда облысы/;
  • Дипломант – 75 000 тг. – Рақымбай Данияр /Алматы облысы/;

«Терме» номинациясы бойынша:

  • Бірінші жүлде және лауреат атағы – 300 000 тг. – Бақдаулет Толыбекұлы /Қазақ Ұлттық өнер университеті/;
  • Екінші жүлде және лауреат атағы – 200 000 тг. – Ысқақов Жұлдыз /Алматы облысы/;
  • Үшінші жүлде және лауреат атағы – 100 000 тг. – Қонысбаева Айнұр /Астана қаласы/;
  • Дипломант – 75 000 тг – Әділбаев Манаш /Маңғыстау облысы/;
  • Алғыс хаттар – 7 қатысушы, 50 000 теңгеден;
  • Қазылар алқасының құрамы мәдениет және өнердің, оның ішінде жыр, терме өнерінің көрнекті қайраткерлерінен құрылды.

Атап айтсақ, қазылар алқасының төрағасы – ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Арқа өңірі әншілік, жыршылық мектебінің көрнекті өкілі Аманжол Әлтаев.

Қазылар алқасының мүшесі – жырау, фольклор зерттеушісі, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры, Қызылорда әншілік, жыршылық мектебінің көрнекті өкілі Алмас Алматов.

Қазылар алқасының мүшесі - әнші, термеші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының педагог-доценті, Маңғыстау әншілік, жыршылық мектебінің көрнекті өкілі Айгүл Қосанова.

Қазылар алқасының мүшесі - ақын, жырау, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстан ардагерлер қауымдастығының Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері, «Ер Қосай» қоғамдық қорының «Қосай ата» медалінің иегері, «Ораторлар мұрасын зерттеу» жөніндегі зертхананың жетекшісі, Маңғыстау жыршылық мектебінің көрнекті өкілі Амандық Көмекұлы.

Қазылар алқасының мүшесі - Ақын, «Арқа» облыстық ақындар мектебінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Жұмағұлов Айтбай.

Өзгерту: 11.09.2017