Министрліктің жаңалықтары

11.09.2017

Ла Скала Астанадағы гастрольдерін аяқтады

Астанада үлкен жетістікпен атақты Ла Скала театрының гастрольдері өз мәресіне жетті. Миландық труппаның барлық 6 өнер көрсетуінде аншлаг болды, яғни 7 500 көрермен театр өнеріне тәнті болды. «Астана Операда» өткен Ла Скаланың гастрольдік спектакльдеріне алыс-жақын шетелден қонақтар келді. Швейцария, Сингапур, Латвия, АҚШ және басқа елдерден онлайн билеттер сатылып алынды.

Еске салар болсақ, «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында әлемдегі ең танымал опера театрының оркестрі, хоры мен солистері Дж. Вердидің «Фальстаф» операсын төрт рет көрсетіп, Л. ван Бетховеннің №9 симфониясын екі мәрте шырқады. Музыкалық сыншылар Ла Скаланың қазақстандық гастрольдеріне жоғары баға беруде.

Соңғы өнер көрсету алдында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сахна төрінен миландық театр труппасына, қазіргі заманның атақты маэстросы Зубин Метаға шексіз алғысын білдіріп, музыка сүйер қауымға шынайы өнермен қауышу қуанышын сыйлағаны үшін рахметін айтты. «Екі елдің мәдениетін гүлдендіруге бағытталған шығармашылық байланысымыз жалғасын табады деп үміттенеміз, себебі музыка тілі әмбебап – халқымызды біріктіретін достық көпірі іспеттес. Маэстро Зубин Метаға, директор Александр Перейраға және Ла Скала театрының барлық ұжымына денсаулық, шығармашылық табыс және амандық тілейміз», - деп қорытындылады ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Осы бір жарым апта бір күндей зымырап өте шықты. Аты аңызға айналған Ла Скала театры ұжымының өнер көрсетулері Қазақстанның астанасына барша әлемдік музыкалық қауымдастықтың назарын аудартты. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік БАҚ арасында үлкен резонанс тудырды. «Астана Опера» сахнасындағы Ла Скала әртістерінің ойынын Италия көрермендері ерекше көңілмен бақылауда болды: Rai ұлттық телеарнасы оқиға орнынан хабар таратты.

Әйгілі театрдың Қазақстанға келуі бойынша шығындарды Eni мұнай-газ компаниясы мен театрдың әлеуметтік серіктесі - «Samruk-KazynaTrust» қоры өз мойнына алды. Миландық спектакльдер жоғары өнердің керемет мерекесіне айналып, гастрольдердің өтуіне қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен әзірленген «ЭКСПО-2017» мәдени бағдарламасының көркін келтірді.

Өзгерту: 11.09.2017