Министрліктің жаңалықтары

11.10.2017

Операдағы рок

15 қазан күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында әуен құмар астаналықтарға XX ғасырдағы ескі бароккодан рокқа дейінгі түрлі жанр мен бағыттағы музыка ұсынылады. Кештің басты кейіпкері – театрдың симфониялық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетпек.

Тыңдармандар назарына орыс романтикалық музыкасының ерекше туындысы - Н.Римский-Корсаковтың «Шехерезада» симфониялық поэмасы ұсынылады, онда шығыс әуендері мен ырғақтары айқын да анық суреттеледі. Ерекше әсермен туындаған «Мың бір түн» сезімтал музыкалық ертегісі көрермендерді араб Шығыс елінің сиқырлы да жұмбақ әлеміне алып барады: олар Синбадпен бірге теңізге саяхат жасайды, Шехерезадамен бірге Бағдад қаласындағы көңілді мейрамға қатысып, айбарлы Шахрияр сұлтанның сарайында болып қайтады.

Вольфганг Амадей Моцарттың есімі көпшілік үшін классикалық музыканың символы болып табылады. Оның скрипка, фортепиано, флейтаға арналған концерттері Астанада жиі орындалады. Алайда бұл жолы әртістер валторнада ойнау шеберлігін көрсету арқылы көрермендерге тосын сый әзірлеген. Бір ай бұрын атақты итальяндық Ла Скала театрының оркестрі үрмелі аспаптар тобының концертмейстрлері өзінің қазақстандық әріптестеріне арнап шеберлік сабағын өткізді, сондықтан валторна тобының концертмейстері Марат Қонысбаевтың өнері шығармашылық есеп болып табылмақ. Қызықты жайт – ол өзінің музыкалық мансабын скрипкашы ретінде бастап еді.

Елорда тұрғындары мен қонақтары сүйіп тыңдайтын А. Вивальдидің «Жыл мезгілдері» және А. Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» әйгілі топтамалары орындалады. Жеке партияларды белгілі қазақстандық музыканттар, оркестр концертмейстрлері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен халықаралық байқаулардың лауреаты Айсұлу Байкенова (скрипкалар) орындайды.

Әлем классикасының жауһарларынан басқа «Астана Опера» Симфониялық оркестрі Queen («We are the champions»), The Comets («Rock around the clock») және басқа танымал рок топтарының әуендерін ұсынады.

Өзгерту: 11.10.2017