Министрліктің жаңалықтары

09.11.2017

«Мәдениеттерді жақындастыру орталығына» ЮНЕСКО орталығының мәртебесі берілді

Парижде (Франция) ЮНЕСКО Бас конференциясының 39-сессиясы аясында әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша комиссияның отырысы өтті, онда Қазақстан Республикасындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығына 2 санаттағы ЮНЕСКО орталығының мәртебесін беру шешімі бір ауыздан мақұлданды.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілдері, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның басқа мемлекеттерден келген мамандары да қатысты.

Қазіргі әлемдегі жағдай бізді мәдениеттер мен халықтар арасындағы үнқатысу жолында жедел қимылдауға мәжбүр етеді. Мәдениеттерді жақындастырудың тұжырымдамалық негізін құру маңызды халықаралық бастамаларды іске асырусыз мүмкін емес. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі уақтылы шешім қабылдады және Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.

Орталықтың негізгі басымдықтары Орталық Азия аймағында және Жібек жолында ғылыми зерттеулер жүргізуге, практикалық әлеуетін қалыптастыруға, халықаралық қоғамдастықпен ақпарат алмасуға, әріптестік пен өзара әрекеттестікті орнатуға бағытталған. «Қазақстан үшін бұл үлкен жетістік. Бұл мәртебені алу үшін бірқатар рәсімдерді өту керек. Біріншіден, бір немесе бірнеше мүше мемлекет мекеменің кандидатурасын ұсынады. Бұл ЮНЕСКО-ның Ұлттық комиссияларының жауапкершілігіндегі қызмет. Содан кейін өтініш беруші мекеме ЮНЕСКО Атқару кеңесіне ұсыныс дайындайды, Ұйымның Бас Конференциясының кандидатурасын ұсынады. Бас конференция бастаманы қарастырады және мәртебені беру туралы шешім қабылдайды», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың наурызында ««Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды.

Ғылыми құрылым мәдениеттерді жақындастыру тарихын зерттеумен айналысады. Бұл тақырып ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы аясында өте маңызды, өйткені Қазақстан тарихи тұрғыдан Еуразия құрлығында өте маңызды орын алып тұр.

Орталықтың мақсаты мұражайлық құндылықтарды, тарихи-мәдени мұраларды анықтау, жинақтау, сақтау, зерделеу және дамыту, ғылыми-білім беру қызметін жүзеге асыру, сондай-ақ ұлттық мұраны сақтау және пайдалану, оның ішінде негізгі нысандар Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасы болып табылады.

Өзгерту: 09.11.2017