Министрліктің жаңалықтары

13.11.2017

«Оралман» фильмінің еуропалық тұсаукесері Германияда өтеді

«Оралман» фильмінің еуропалық тұсаукесері Германияда өтеді

Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі үстіміздегі жылы қарашаның 9 - 19 күндері өтетін 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінің негізгі бағдарламасында бақ сынайды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды.

- Фильм Германияның фестиваліне қатысқалы жатқаны үшін қуаныштымын. Менің туған ауылым Алдабергенде немістер көп тұратын. Сыныптастарымның жартысы немістер еді. Олардың көбі 80-жылдардың аяғында тарихи отандарына оралды. Олар да атамекендерінде түрлі қиындыққа тап болды. Сондықтан да репатрианттар тақырыбы – бүкіл әлемде өзекті, - деді Сәбит Құрманбеков.

Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына және киносүйер қауымға арналған.  Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Бұл өз кезегінде кинофестивальдің ауқымы кең және Германиядағы ең ірі фестивальдердің бірі екенін дәлелдейді. Фестиваль шеңберінде режиссерлермен, актерлермен және продюсерлермен кездесулер ұйымдастырылады.

Фестиваль келесі аталымдар бойынша үздіктерді анықтайды: «Үздік фильм», «Арнайы жүлде», «Жетістіктері үшін арнайы жүлде». Негізгі конкурстық жүлдеден басқа фестиваль аясында кинотеатр иегерлері және Халықаралық кинобаспасөз федерациясы (ФИПРЕССИ) өздерінің марапаттарын табыстайды. Сондай-ақ, көрермендер көзайымы жүлдесі де беріледі.

Биыл фестивальдің бас жүлдесіне отандық картинадан басқа 22 елден 21 картина таласқа түседі. Олардың қатарында Франция, Аргентина, Дания, Эстония, Исландия, Үндістан, Иран, Израиль, Түркия, АҚШ, Германия  және басқа елдер бар.

Жеңімпаздар есімін 2017 жылы 19 қараша күні фестивальдің жабылу салтанатында жариялайды.

Айта кетелік, Башқұртстанда үстіміздегі жылдың желтоқсанында өтетін IV Халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалінің ашылу салтанаты «Оралман» фильмімен ашылады.

Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді.

Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «Қадам» ЖШС (кинокомпания) қатысуымен

Жанры: әлеуметтік драма

Режиссері: Сәбит Құрманбеков

Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтің қатысуымен

Қоюшы операторы: Марс Умаров

Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев

Композиторы: Айдос Сағат

Өзгерту: 13.11.2017