Министрліктің жаңалықтары

14.11.2017

Жанымды тербеген бір өзің...

Жанымды тербеген бір өзің...

«Астана Операда» камералық-вокалдық лириканың әлемдік жауһарлары шырқалмақ. 14 қараша күні театрдың Камералық залында «Романс сиқыры» топтамасынан «Жанымды тербеген бір өзің...» атты романтикалық концерт өтеді.

Концертке опера труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев, театр солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Галина Чеплакова, талантты жас тәлімгер солист Малика Минизини, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова қатысады. Сонымен қатар сирек кездесетін контртенор дауыс иесі Батыржан Смақов, «Россия-К» телеарнасындағы «Большая опера» бірегей жобасының қатысушысы Азат Мәлік, жас вокалистер Ұлпан Әубәкірова, Алмат Ізбамбетов, Азат Тұранел, Дариға Мұсаева және т.б. өнерпаздар көрерменге өз дарынын паш етпек. Оларға керемет аспапшылар – Аида Әбдіқадырова (флейта) мен Дана Әбдіқадырова (фортепиано) қосылады. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.

Осы кеште қазақ, орыс, итальян, испан, француз, австриялық, неміс тілдеріндегі танымал романстар мен әндер шырқалып, аспаптық миниатюралар орындалады. Тыңдаушылар назарына Е.Рахмадиевтің «Таң самалы», Н.Меңдіғалиевтің «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол», П.Чайковскийдің «То было раннею весною», Р.Глиэрдың «Коснулась я цветка», А.Рубинштейнның «Ночь», Н.Виетти-Джакоббидың «Купите фиалки» және Х.Вольф, Р.Шуман, Ф.Шуберттың тағы басқа шығармалары ұсынылады.

Танымал қазақстандық тенор Медет Шотабаев Н.Римский-Корсаковтың «Не ветер, вея с высоты», П.Чайковскийдің «Растворил я окно», «Хотел бы единое слово», С.Рахманиновтың «Сирень» романстарын, Пабло Соросабальдің «Хозяйка портовой таверны» сарсуэласынан «Не может быть» ариясы мен Ж.Массненің «Элегиясын» орындайтын болады.

- Орыс романстары – бұл мүлдем басқа әлем, олардың негізінде терең пәлсапалық мән-мағына жатыр. Оларды әндету оңай емес, қысқа уақыт ішінде тыңдаушыларға сезім мен толқудың пернесін ашып, туындыға арқау болған барлық драманы сахнада көрсете білу керек. Бұл кеште түрлі нақыштағы шығармаларды орындайтын боламын. Бір стиль мен тілден басқасына ауысу – оңайға соқпас. Испан композиторы П.Соросабальдің «Не может быть» ариясы – өте көркем әрі жанды шығарма. Маэстро Пласидо Домингоның жиі орындауы арқасында кеңінен мәлім болған. Осы туындыны орындау арқылы дауыстың бар мүмкіндіктері мен ауқымын, оның жоғары, төмен және орташа регистрлерін көрсетуге болады, - деді Медет Шотабаев.

Өзгерту: 14.11.2017