Министрліктің жаңалықтары

29.11.2017

Ел тірегі – Елбасы

Ел тірегі – Елбасы

1 желтоқсанда «Астана Опера» театрының Үлкен зал сахнасында Тұңғыш Президент күніне арналған «Ел тірегі – Елбасы!» мерекелік концерті өтеді. Майра Мұхамедқызы, Салтанат Ахметова, Жанат Шыбықбаев, Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева және тағы басқа көптеген қазақстандық опера, балет жұлдыздары музыкалық кеште өнер көрсететін болады.

- Қазақстандықтар 90-жылдардың бас кезінде қиын-қыстау заманды өткерді, бірақ, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың соңынан еріп, тек қана алға қадам бастық. Қазір елімізде тұрақтылық орын алған: кәсіпорындар жұмыс істеуде, мектептер, ауруханалар салынып жатыр, экономикамыз дамуда, мәдениетіміз бен өнеріміз көркеюде. «Астана Опера» театры Тұңғыш Президент күнін әрдайым ерекше ынтамын атап өтуде. Осынау ерекше күні сүйікті көрерменімізге әзірленген ауқымды бағдарламамызды қуана-қуана сыйлағымыз келеді, оған барлық труппа - симфониялық оркестр және жақында ғана Италияға гастрольдік сапармен барып келген керемет солистер, тамаша хор қатысатын болады. «Астана Опера» ұжымы атынан барша қазақстандықтарға зор денсаулық, молшылық және амандық тілеймін, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера труппасының меңгерушісі Байғали Момбеков.

Көзің жауын алар декорация мен керемет бейне әсерлер пайдаланылатын жарқын музыкалық қойылымға ұлттық және батыс еуропалық опера ариялары мен дуэттері енген, сонымен қатар балет нөмірлері және симфониялық оркестрдің өнер көрсетулерімен кезектесетін болады. Мерекелік концерттің шымылдығын Айтыс пен қазақ операсының жауһары М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» туындысынан алынған мереке би ашады, жақында ғана астаналық көрерменнің жүрегін жаулаған Ж.Бизенің «Кармен» операсының ариясы шырқалады, сондай-ақ тыңдаушылар назарына патриоттық рухты асқақтататын Отанға арналған әндер ұсынылады. Көрермендерді А.Хачатурянның «Гаяне», Л.Минкустың «Баядерка» мен «Дон Кихот», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеттерінен үзінділер күтуде.

Кеш Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған «Жерім менің» әнін Майра Мұхамедқызы, Мейір Байнеш және барлық концертке қатысушылардың, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Жәмиля Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ, Жан Тапин, Жанат Шыбықбаев; Башқұрстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова; халықаралық байқаулардың лауреаттары – Айзада Капонова, Мәдина Исламова, Бейімбет Таңарықов; «Астана Опера» балет солистері, балалар студиясының хоры, ҚазҰӨУ скрипкашылар ансамблі және т.б. әртістердің орындауында аяқталады.

Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресей Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Еске салар болсақ, 2011 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР заңына толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Құжатқа сәйкес 1 желтоқсан Тұңғыш Президенті күні болып жарияланды. Осылайша, бұл мереке елімізде 2012 жылдан бастап аталып келеді.

Өзгерту: 30.11.2017