Министрліктің жаңалықтары

04.12.2017

«Тілдің күші халықтарды қалыптастырады»

2017 жылғы 30 қараша күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Тілдің күші халықтарды қалыптастырады» атты ағайынды Гриммдердің өмірі және шығармашылығына арналған көрменің ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш көрме Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған іс-шаралардың қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылып отыр.

Германия Елшілігі тек неміс қана емес еуропа мәдениетіне де үлкен әсерін  тигізген ағайынды Гриммдердің өмірі мен шығармашылығы туралы көрмеге қызығушылық танытушыларды «Күлше қыз», «Қызыл телпек», «Ұйқыдағы ару» сынды әлемге танымал ертегілердің иллюстрациялық суреттерінен шабыт алуға шақырды.

Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Абай Сатубалдин:

«Қазақстан мен Германия арасында экономикалық қана емес, мәдени қарым-қатынастар да тұрақты дамып келеді. Биылғы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына бірнеше көрмелер мен конференциялар өтті. Ағайынды Гриммдер шығармашылығына арналған «Тілдің күші халықтарды қалыптастырады» атты бүгінгі көрменің де қорытынды шара ретінде ұйымдастырылып отырғанында үлкен мән жатыр. Өйткені, ағайынды Гриммдер ертегілерге өнер туындысы ретінде қарап, өз ұлтының бүгінгі мәдениетін қалыптастыруға сүбелі еңбек еткен тұлғалар болып табылады», - деп көрменің маңызын атап көрсетті.

Ағайынды Гриммдер Германиядағы Ұлттық бірегейліктің қалыптасуына және тілдің дамуына зор үлес қосты. Олар «халықтық поэзия» мен «халықтық тілдің» маңыздылығына баса назар аудара отырып, көптеген халықтардың ұлттық рухының жандануына ықпал етті.

Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Рольф Мафаэль:

«Мен осы көрмені ұйымдастыруға атсалысқан барша ұйымдар мен мекемелерге үлкен алғысымды білдіре отырып, оның ішінен Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық музейді ерекше атағым келеді. Неігізінде бұл көрменің негізгі идеясының туындауына Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы себепкер болды. Президент өз мақаласында дәстүр мен рухани мәдениеттің сақталуы – ұлттық бірегейліктің негізі деп атап көрсеткен болатын. Дәл осындай Ұлттық мемлекет қалыптастыру жолымен еуропаның көптеген мемлекеттері жүріп өтті. Оның ішінде Германия да бар. Ал, Германияның Ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың тұп тамырында ағайынды Гриммдердің ертегілері жатыр. Міне, біз сіздің елге Германия халқының Ұлттық бірегейлігін қалыптастырған данышпандарымыздың көрмесін әкеліп отырмыз», - деп сөзін аяқтады.

Ұлттық музейдің кіші мәжіліс залында журналистер үшін Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Рольф Мафаэль мен ағайынды Гриммдер қоғамының басқарушы директоры Бернхард Лауэрдің қатысуымен пресс-конференция өтті.

Көрме 2018 жылғы ақпан айының 25-не дейін жалғасады.

Өзгерту: 04.12.2017