Министрліктің жаңалықтары

09.02.2018

«Астана Балет» театрында «Саломея» спектаклінің премьерасы өтеді

«Астана Балет» театрында «Саломея» спектаклінің премьерасы өтеді

«Астана Балет» театрының репертуары отандық балетмейстердің тағы бір көркем туындысымен толыспақ. Бұл жайлы театрда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Ақпанның 16 мен 17 күндері Оскар Уайльдтің пьесасы бойынша қойылған «Саломея» балетінің премьерасы өтеді. 

Көркемдік тұжырымдамасы мен хореографиясының авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри. Сценография мен костюм суретшісі – Ольга Шаимшелашвили. Жарық суретшісі – Денис Солнцев. Балетмейстерддің ассистенті – Айжан Жүнісова.

«Өмірде екі-ақ нағыз трагедия болады: бірі – қалағаныңа қол жеткізген шақ, екіншісі – қол жеткізе алмай қалған шақ» - деген еді, адам баласының болмысы жайлы Оскар Уайльд. Адам жанының білгірі - Ирод патшаның өгей қызы Саломея жайлы көне библиялық әпсананы азғындық туралы интеллектуалды драмаға айналдырған-тын. Түпнұсқада иудей патшайымы Жеті көрпе биін билеп, өгей әкесін алдап-арбап, анасының нұсқауымен Иоанн пайғамбардың басын алдырады. Уайльд бұл сюжетке тың оқиға қосады: пайғамбарға ғашық болған Саломея, оның құшағына түсуді аңсайды. Алайда, Иоанн бойжеткеннің сезімін қабыл алмаған еді. Соған қарамастан, жас ару қалай да дегеніне жетуге бел буады. Ал, қол жетпес дүниеге ұмтылған ақымақ үшін де, оның айналасындағы жандар үшін де, мұның соңы трагедияға ұласары белгілі.

Оқиғаға қатысты тың әрі таң қаларлық көзқарас, балетмейстерді спектакль шығаруға жетелейді. Балет хореографиялық тұрғыдан Шығысқа тән графикалық пластика мәнерімен жасалған. Сонымен қатар, орындау техникасының алуан-түрі қолданылған: пуантамен және жалаң аяқ билеу.

«Мен үшін ең маңыздысы адами сезім мен құштарлықтың сұрапыл ауанына енуге тырысу еді. Мен ішкі қуаттан туған эстетикалық би шығарғым келді. Сол себепті, музыка, қимыл, эмоцияның тұтастығымен қоса, әртістермен ойымыздың бір жерден шығуы маңызды еді. Қуанышыма орай, дәл солай болды», - дейді, хореография авторы Мукарам Авахри.

Пайғамбар Иоанның бейнесін сомдайтын театрдың жетекші солисті Фархад Буриевтың пікірінше, көрермен қауым «Саломеяны» баршаға мәлім әпсана ретінде қабылдамауы тиіс. Мукарам Авахридің хореографиясы бұл пьесаны заманауи екпінді әрі сезімтал реңке бөлеген. Бас кейіпкерлердің кереғар бейнелері арқылы көрермен адам жанының құпиясына бойлай алады. Бәлкім, өзін танудың да кілтін табар.

«Жұмыс барысында хореография авторы өзінің түпкі ойын әртістерге жеткізе білді. Алайда, бәрін жайып салған жоқ. Әр әртіс өз кейіпкерінің болмысын тануға өзі күш салды. Өенр күші осында жатса керек», - деді ол.

Балеттің музыкалық сүйемелдеуі – қазіргі түрік композиторы Фазил Сайдың скрипка концерті. Ол өзінің туындыларында академиялық дәстүрді шығыс әуендерімен үйлестіре білген. Сыншы Джулиан Хэйлоктың айтуынша, осының арқасында нағыз сенсация орын алып, «елітіп әкетер сезімталдық пен тосын ырғақ әуелеп тұрады».

«Бұл спектакльде әртістер өздерін еркін сезінгенін қалаймын. Мен хореографияға екпін салған жоқпын. Мен үшін экспрессия, ішкі қуат пен эмоция маңыздырақ. Себебі, музыка адам бойындағы әлеуетін ашуға түрткі болады», - дейді хореография авторы.

Жалпы тұжырымдамаға сәйкес, сахнаның безендірілуінде минимализм мен монохромдық басым. Сахна қозғалтқыштары мен жоғары көтерілетін бөлшектері тік құрылымды құрып, мұны автор қоғамның бөлшектенуін суреттейтін метафора ретінде қолданады. Жарық та қойылымдағы қайшылықты күшейтіп, бара-бара шиеленіс үдей түседі: бір қауіптің барын сезінесің.

Қойылымға труппаның барлық әртістері қатысады. Солисттер мен кордебалет үнемі байланыста. Көрермен оқиғаға тікелей араласып отырғандай күй кешіп, қайталанбас жарқын сезімге бөленеді.

Спектакльдің шарықтау шыңы – жас Саломеяның биі. Бұл көрініс суретшілер, мүсіншілер мен композиторлардың туындылары бойынша көпшілікке таныс.

«Мен үшін Саломея өте күрделі бейне. Сұлулық мен құштарлықтың көрінісі. Ол ешкімді маңына жуытпады. Сонымен қатар, нәпсісіне ерік берген жас ару қайсар мінезді болғанымен, жаны нәзік. Күн өткен сайын біз көркемдік ой-мақсатымызға жақындай түстік. Яғни, мінсіз сұлулықты танып, оның сипатын ашуға тырыстық», - деді, Саломея бейнесін сомдаған, театрдың солисті Дарина Қайрашева.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында, осы кештің бірінші бөлімінде хореограф Рикардо Амарантенің Х.Таварестің музыкасына қойған «Gaіa» атты бір актілі спектаклі көрсетілетіні де айтылды. Бұл - табиғаттың бес құдіретінің күресі мен тұтастығы жайлы баяндайтын терең әпсана. «Еегер «Саломея» - экстаз болса, керісінше, «Gaia» - әр әртістің даралығын ашуға көмектесетін сағым іспетті», - деп атап өтті, қатысушылар.

«Саломея» спектаклінен бөлек, тағы бірнеше көлемді дүние шығармақшымыз. Әзірше, мұны нақты айтпай-ақ қояйын. Алда танымал америкалық хореограф Николо Фонтемен шығармашылық байланысты жоспарлап отырмыз. «Eurasian dance festival» халықаралық балет фестивалін өткізу, шет елге турне, Қызылорда, Ақтау, Талдықорған және Алматы қалаларына гастроль ұйымдастыру ойда бар. Бұл шаралардың бәрі ерордамыздың 20 жылдығына орайластырылып отыр», - деді «Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаев.

Өзгерту: 09.02.2018