Министрліктің жаңалықтары

12.03.2018

Ұлықбек Есдәулет Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды

12 наурыз, 2018. Алматы. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушыларының кезекті XV Құрылтайы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, құрылтай делегаттары, арнайы шақырылған қонақтар, Астана мен Алматының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Жазушылар Одағы  еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ мүшелерінің еліміздің мәдени өмірінің дамуы мен моральдық және рухани құндылықтарды нығайтуға, жастарды тәрбиелеу ісіне қосып отырған үлесі мол.

Құрылтайды Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин ашты. 

Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа құрамасы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа Төрағасы, бақылау-тексеру комиссиясын сайлап, ағалар алқасының құрамы бекітілді.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы болып ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет сайланды.  Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасарлары болып халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов, ҰҒА-ның мүше-корреспонденті Жақып Бауыржан сайланды. Қазақстан  Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Дәурен Қуат,  Сейдахмет Құттықадам, Ғалым Жайлыбай, Несіпбек Айтұлы, Қасымхан Бегманов, Есенғали Раушанов, Әлия Бөпежанова, Бақытжан Қанапьянов, Жүсіпбек Қорғасбек, Ғалым Қалибекұлы болды. Қазақстан жазушылар одағының ағалар алқасының құрамына Марфуға Айтқожина (Алматы), Оразақын Асқар (Алматы), Күләш Ахметова (Тараз), Төлен Әбдікұлы (Астана), Тарази Әкім (Астана), Мұрат Әуезов (Алматы), Ақұштап Бақтыгереева (БҚО), Қабдеш Жұмаділов (Алматы),  Шерияздан Елеукенов (Алматы), Дулат Исабеков (Алматы), Ғаббас Қабышұлы (Алматы),  Сейіт Қасқабасов (Астана), Серік Қирабаев (Алматы), Мұқтар Мағауин (АҚШ), Темірхан Медетбек (Алматы), Шерхан Мұртаза (Алматы), Әбдіжамил Нұрпейісов (Алматы), Бексұлтан Нұржекеұлы (Алматы), Қойшығара Салғара (Астана), Медеу Сәрсеке (Семей),

Олжас Сүлейменов (Алматы), Исраил Сапарбай (Алматы), Марал Ысқақбай (Алматы), Мұқтар Шаханов (Алматы) және т.б. кірді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жазу­шыларға ұдайы қолдау білдіріп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын шығармашыл қызметкерлер мен мәдениет қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы берiледi. Сонымен қатар, екі жылда бір рет Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тұрақты түрде табысталып келеді. 

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар жазушы ҚР Президентінің Жарлығымен әртүрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Елімізде жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың кітаптарын шығару ісі игі дәстүрге айналған.

2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі «Мәдениет туралы» Заңға кітап шығару бөлігінде тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізді. Бұл түзетулер талай жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан қазақстандық авторларға қаламақы төлеу ісіне қатысты. Аталған Заң қолына қалам ұстаған жазушыларға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік, жаңа серпіліс болды.

Сондай-ақ, еліміздің облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық кітапханаларын жаңа кітаптармен қамту мақсатында 2017 жылдан бастап кітап таралымы 5 000 данаға дейін ұлғайтылып, қаламақы беру процесі түбегейлі өзгерді.

Бүгінде республикалық мәдениет ұйымдары мен Жазушылар одағы арасында тығыз байланыс орнатылған. Кітапханаларда Одақпен бірлесе форум, биеннале, кітап көрмелері, әдеби сазды кештер, марафондар, кездесулер, дөңгелек үстелдер секілді іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады.

 

 

 

 

Өзгерту: 12.03.2018