Министрліктің жаңалықтары

20.03.2018

Сиқырға толы «Пер Гюнттің саяхаты»

Сиқырға толы «Пер Гюнттің саяхаты»

Норвегияның атмосферасы, ертегі кейіпкерлері, бас қаһарманмен бірге ғажайып қиырға, жер асты патшалығына қызықты саяхат және басқа да көптеген шытырмандар - осылардың бәрі Эдвард Григтің «Пер Гюнттің саяхаты» атты балаларға арналған музыкалық жобасының тұсаукесерінде жас көрермендерге жол тартады. «Балаларға арналған классика» топтамасының концерті 30 наурызда - көктемгі демалыс күндері ұсынылады.

- «Астана Опера» Камералық залының балаларға арналған репертуары жаңа жобамен толықты. Бұл концерт «Балаларға арналған классика» топтамасының жалғасы болып табылады, оған К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы», С.Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» атты бағдарламалары енеді. Норвег композиторы Э.Григтің музыкасына жазылған «Пер Гюнт саяхатының» негізгі оқиғалар желісіне Генрик Ибсеннің пьесасы арқау болды. Неге біз осы кейіпкерді таңдадық? Алдымен, Григтің музыкасы ерекше жаңа әрі көпшілігімізге бала күнімізден таныс. Композитордың өзі балаларды жақсы көрген, Ибсеннің пьесасы үлкендерге арнап жазылған, бірақ біз жас көрермендерімізге лайықтап жасадық, - деп түсіндірді музыкатанушы Сәуле Мәулетова.

Генрик Ибсеннің пьесасы да, Эдвард Григтің музыкасы да ну ормандар, тылсым тау жоталары, жіңішке қатпарлы теңіз шығанақтары – фьорд мекені болған солтүстіктегі сәулетті Норвегия елін жырлайды.

Сюжет бойынша Пер Гюнт – шытырман оқиғаларды іздеуші әрі қиялшыл жан. Ол ұзақ жылдар бойы дәулет, атақ-даңқ пен бақыт іздеумен жат жерлерді кезіп жүреді. Тағдырдың тәлкегімен ол шөлге де, жерасты патшалығына да тап болды. Жиһанкез үйіне қайтып оралғанда, оны тапжылмай күткен сүйікті адал жары Сольвейгтен басқаның бәріне ұмыт болып, ешкімге керексіз қалған. Соңғы көріністе Э.Григтің норвег биі шырқалады, себебі адам қай жерде өмір сүрсе де, қай жерлерді кезсе де, туған жері – бәрінен де қымбат.

- «Пер Гюнт» – бірмезетте қүрделі әрі қызықты туынды, драматургияға бай және музыкалық бейнелер саны орасан. Ең алдымен, бұл симфониялық туынды, сондықтан жас көрермендерімізді Симфониялық оркестрмен кездесу күтеді. Бұл ғаламат туындыны балалар аудиториясының барынша жеңіл қабылдауы үшін жоғары технологиялық заманымызға сай форма жасадым. Ол симфониялық музыканың, бейнепроекцияның және кейіпкерлер – Тау патшасы, эльфтер және тролльдердің қатысуымен театрландырылған іс-қимылдар қосындысы болмақ. Сондай-ақ жобамызға «Астана Опера» театры балалар студиясының оқушылары да қатысады. Ал басты міндетіміз – жас көрермендерімізді симфониялық музыкамен таныстырып қана қоймай, асқақ музыкаға және театрға деген шынайы махаббаттарын тәрбиелеу, - деп қорытындылады қоюшы режиссер Наталья Кагадий.

Дирижер – Руслан Баймурзин, Режиссёр – Наталья Кагадий, Музыкатанушы – Сәуле Мәулетова, «Астана Опера» Камералық залының жетекшісі - «Мәдениет қайраткері» Маржан Жәкенова.

Концерттің басталуы сағат 15.00-де.

Өзгерту: 20.03.2018