Министрліктің жаңалықтары

15.05.2018

Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары

Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары

2018 жылғы 22 мамыр, сағат 19:00-де Әзербайжан тарихы ұлттық  музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесін ашады. 

Қазақстан мен Әзербайжан арасында бұрыннан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген дәстүрлі достық сипатындағы екі жақты қарым-қатынас қалыптасқан.

Жыл өткен сайын қос мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс  барлық бағыттарда және оң нәтижелермен дамып келеді. Әрі, аталмыш екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара ықпалдастықтың, көршілік қарым-қатынастың озық үлгісі болып табылады.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылады.

Көрменің негізгі экспонаты - 1969 жылы Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедиция тапқан «Алтын адам». Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген ретімен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скифтік-сібірлік аң стильінің ескерткіштеріне жатады. Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан барлығы 4800 әшекей тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған болып саналады. Сол сияқты көрмеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уақытқа жататын күмістен жасалған әйелдер әшекейлері таныстырылады.

Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының маршрутына ТМД, Азия, Еуропа және Америка елдері кіреді. Жүзеге асыру мерзімі: 2018-2021 жылдар.

Сонымен қатар 2018 жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Халықаралық көрме жобасы Шэньси провинциясы Тарихи музейінде Сиянь қ. ҚХР), Гданьск Ұлттық музейінде (Гданьск қ. Польша) және Корея Ұлттық музейінде (Сеул қ. Корея) өткізіледі. 2019 жылы аталмыш көрмені Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мемлекеттерінің музейлерінде өткізу жоспарланып отыр.

2020 жылы АҚШ, Италия, Австрия, Франция және Германия музейлерінде өткізу жоспарланған. 22 мамыр күні сағат 17:30-да ұйымдастырлып жатқан көрме негізінде ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары А.К. Сатубалдин; т.ғ.д., профессор З.С. Самашев; Әзербайжан тарихы ұлттық музейі директоры, академик Велиханлы Наиля Мамедали қызы; Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Габиблейли Иса Акбер оглу; Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғылыми хатшысы, академик Ахундова Наргиз Чингиз қызы сынды екі жақты тұлғалардың қатысуымен пресс-конференция өткізу жоспарлануда.

 «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Өзгерту: 15.05.2018