Министрліктің жаңалықтары

15.05.2018

Батыс жауһарлары

15 мамыр, 2018. ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Батыс жауһарлары» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Аталған шара ҚР Ұлттық музейінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ашылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының құрылғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов: «Әбіш ағамыз: «Қазақ даласындағы күмбез-кесенелер қазақ руханиятының қорғаны деп білеміз» деп атап айтқан болатын. Осындай киелі орындарды тізімдеп, жүйелеумен айналысқан  «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы ашылғалы қазақ руханияты үшін үлкен еңбек етті. Қазақстанның батыс аймағындағы жәдігерлерді топтастырып, орталықтың бір жылдығына орай көрме ұйымдастыруы сол еңбектің бір көрінісі болмақ. Қазақстанның барлық аймақтары да бір-біріне ұқсамайтын рухани байлыққа ие. Батыстың байлығын Астана жұртшылығына насихаттап, көрме ұйымдастыру арқылы тарихи түсінігі мол көпшілікке зор мүмкіндік сыйлап отыр. Бабалар мұрасын батысқа барып көргеннен көрі, Ұлттық музейден тамашалау әлдеқайда оңай болмақ» деді.

Көрменің мақсаты – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру. Қазақстан – аумағы жағынан үлкен, рухани тарихы бай ел. Еліміздің батыс бөлігінің табиғатын, тарихын, қасиетті жерлерін, дәстүрлі қоғамдық-саяси өмірінде, мәдени-рухани даму жолында маңызды орын алған тұлғалар мен нысандарын құнды жәдігерлер арқылы көрсету, насихаттау. «Батыс жауһарлары» көрмесі экспозиция мазмұнына сай 4 тақырыпқа бөлінген:

«Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали: «Былтырдан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біраз жұмыстар атқарылды. Қасиетті жерлердің тізімін анықтау бойынша қиын да қызықты жұмыс істедік. Көпшілік барып тағзым ететін киелі орындарды тізімдеу оңай-ақ, бірақ барлығын жүйеге келтіру қиынға соқты. Ал биылғы жылы сол тізімге енгізілген орындарды насихаттау болып отыр. Жерлестеріміз бер шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттыратындай киелі орындар туралы ақпарат таратуымыз қажет. Бүгінгі көрме осы істің бастамасы деуге болады. 18 мамыр күні өтетін «Музейлер түні» акциясына жиналатын көпшілік еліміздің батыс өңіріндегі асыл мұраларды да тамашалап, танысса деген тілегіміз бар» деп өз пікірін білдірді.

  1. Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтарға қатысты жәдігерлер.
  2. Діни және ғибадат орындарына қатысты жәдігерлер.

III. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті жәдігерлер.

  1. Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты жәдігерлер.

Көрме 30 мамырға дейін жалғасады.

Өзгерту: 15.05.2018