Министрліктің жаңалықтары

17.05.2018

Астанада халықаралық музей күні аталып өтіледі

2018 жылғы 18 мамырда сағат 18:00-24:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Халықаралық музей күні» мерекесіне және Астананың 20 жылдығына арналған «Музейлер түні» акциясы өтеді. Астаналықтар мен қала қонақтары кешкі сағат 18:00-ден бастап Ұлттық музейге тегін кіре алады.

Биылғы «Музейлер түні» акциясының бағдарламасында «Artpuzzle»  –  келушілер арасында  командалық  ойын; «Өзіңді суретші сезін...»  – суретшілердің қатысуымен өтетін перфоманс; «Қазақстан заманауи өнерінің тарихындағы тұлғалар» – танымдық лекциялар циклы; Реставрациялық жұмыстар бойынша мастер-кластар; «Музей жұмбағы», «Тарих сыры»,  «Музей түнінің білгірі» сынды ойындар мен викториналар; «Шеңбер», «Бәйге», «Асық ату» т.б қазақтың ұлттық ойындары; Бетперделер мен костюмдер дефилесі; «Сенің бейнең...» – портрет салу бойынша мастер-класс және «Домбыра думан» (Домбыра пати) сынды шаралар бар.

Сонымен қатар келушілерді Ұлттық музейдің барлық залдары бойынша тақырыптық және шолу экскурсиялары, түрлі мәдени-танымдық шаралар күтеді. Музей қорындағы деректі фильмдер, видео лекциялар мен  перфоманстар да музей қонақтарының назарына ұсынылады.

Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.

«Музейлер түні» акциясына астаналықтар мен қала қонақтарының қызығушылығы ерекше. Ұлттық музей «Музейлер түні» акциясын осыған дейін 4 мәрте ұйымдастырды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет ұйымдастырылды. Оның алғашқысы наурыз мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген атаумен өтсе, екіншісі, Халықаралық музейлер күніне арналды.

Өзгерту: 17.05.2018