Министрліктің жаңалықтары

07.06.2018

Астанада «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» көрмесі аншлагпен ашылды

2018 жылғы 6 маусым күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде  Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» атты көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мемлекеттік Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова, сонымен қатар ресейлік және қазақстандық өнертанушылар қатысты.

Көрмеде Константин Коровин, Абрам Архипов, Константин Юон, Петр Кончаловский, Илья Машков, Аристарх Лентулов, Павел Кузнецов, Игорь Грабарь, Михаил Нестеров, Исаак Бродский, Татьяна Яблонская, Юрий Пименов, Дмитрий Жилинский, Виктор Попков, Таир Салахов және тағы басқа ХХ ғасыр өнері тарихындағы маңызды есімдер таныстырылған.

Елу көркем сурет туынды ХХ ғасырды тұтастай қамтыған десе де болады: ең ерте суреттер 1900 жылдарға, соңғылары 1980 жылдарға жатады. Экспозицияға Абрам Архиповтың «Шаруа әйел», Константин Коровиннің «Бауда. Гурзуф», Аркадий Рыловтың «Жасыл шу», Илья Машковтың «Мәскеу азық-түлігі: нан», Александр Герасимовтың «Балет әртісі Лепешинскаяның портреті», Федор Решетниковтың «Тағы да екілік», Татьяна Яблонскаяның «Таңертең», Юрий  Пименовтың «Болашақ көшедегі той» сынды әйгілі еңбектері кірген.

Көрменің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

«Ресей мен Қазақстан экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени байланыста да үлкен жұмыстарды бірлесе атқарып келеді. 2017 жылғы ЭКСПО Халықаралық-мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған Эрмитаж көрмесі, Астана қаласының 20 жылдың мерейтойының аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» атты көрмесі де сол ынтымақтастықтың нәтижесі деп білемін», - деп екі елдің арасындағы достастыққа тоқталды.

Экспозицияланатын суреттердің көпшілігін есімдері орыс бейнелеу өнерінің ұлттық дәстүрін алып жүруші Мәскеу көркем сурет мектебімен байланысты шеберлер жасаған. Суретшілердің дербес мәнеріне, өздеріне шабыт беріп отыратын бағыттарына, темпераментіне, көркем сурет тобына қатыстылығына қарамастан дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа, шеберден-шеберге  беріледі. «Жылжытушылар серіктестігі», «Орыс суретшілер одағы», «Қиық балта», «Революцияшыл Ресей суретшілерінің ассоциациясы» сынды атақты бірлестіктерді Мәскеу мектебінің шеберлері құрған.

Мемлекеттік Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова: «Осы көрме туралы ұсыныс түскен күннен бастап біз қатты ойландық. «Қандай жұмыстарды апарамыз?» деген басты сұрақ болды. Біз өз арамызда ойлана келе ХХ ғасырға тән сурет өнерінің жауһарларын апаруды дұрыс деп таптық. Себебі, ХХ ғасырда Қазақстан мен Ресей халқы бір тудың астына біріккен мемлекет болатын. Осылайша біз Қазақстандық көрермендердің жүрегіне жол тапқымыз келді. Бүгінгі картиналардың төрттен үш бөлігі біздің галереяның тұрақты экспозициясының туындылары болып табылады. Ал, тұрақты экспозицияны шет елге шығару музей үшін үлкен еңбек екенін музейлік қызметкерлер жақсы біледі», - деп көрмеге әкелінген туындылардың Третьяков галереясы үшін қаншалықты маңызды екенін баса айтты.

 Экспозициядағы басты орын Татьяна Яблонскаяның жарыққа, үмітке, жасампаз күшке толы «Таңертең» суретіне берілген. Бұл картинаның Қазақстанмен байланысты өзіндік тарихы бар. Бұл жұмыста Татьяна Яблонскаяның Лена атты үлкен қызы бейнеленген. Ол кезде Лена 13 жаста. Аталмыш картинаның репродукциясы журналдарда, мектеп оқулықтарында басылған. Лена қыз бейнеленген «Таңертең» картинасы Алматылық қазақ Арсен Бейсембиновтың қабырғасында ілініп тұрыпты. Ол суреттегі бұрымды қызға ғашық болған. Арсен ер жетіп, Мәскеуге барып, Строганов училищесіне түседі. Міне, осы училищеде Арсен өзінің суреттегі ғашығы Ленамен танысқан. Осылай, қазақ жігіті Арсен Бейсембинов өзінің қабырғасында кішкентай кезінен ілініп тұрған, көрмей ғашық болған қызы Ленаға үйленеді.

ҚР Ұлттық музейіндегі «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» көрмесінің ашылу салтанатына дәл сол «Таңертең» картинасының кейіпкері Елена Бейсембинова да қатысты.

Ол 13 жасар өзі бейнеленген картинаның алдында тұрып журналистерге: «Мен өз анамды мақтан тұтамын. Ол ғажайып суретші. Оның осы суретті салып, бұл сурет бүкіл республикаға танылғанының өз себебі бар деп ойлаймын. Өйткені, бұл суретте сол кезеңдегі бүкіл мемлекет халқының көңіл-күйі бейнеленген. Соғыстан кейінгі жылдар, аяғынан жаңа тұрып келе жатқан экономика, халықтың жағдайы. Міне, суреттің негізгі мазмұны осындай. Халықтың жарқын көңілмен жарқын болашаққа ұмтылуы бейнеленген бұл суретте», - деп ағынан жарыла сұхбат берді.

Көрме 2018 жылғы 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Өзгерту: 07.06.2018