Министрліктің жаңалықтары

07.06.2018

Нұрсұлтан Назарбаев архив мәселелері бойынша Заңға өзгеріс енгізді

2018 жылғы 16 мамырда Елбасы архив саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. 

Заңмен «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының түсініктемлік аппараты кеңейтілді және нақтыланды.

Заңмен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының  бастамасы бойынша ақылы тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлерін өткізуден түскен ақшаны мемлекеттік архивтерге басқаруға құқық беру бөлігінде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 70-бабына толықтыру енгізілді.   

Заңмен сондай-ақ тақырыптық, генеалогиялық сұрау салулар, архивтік құжаттарды ретке келтіру, депозитарлық сақтау сияқты және басқа да мемлекеттік архивтер көрсететін ақылы қызметтер тізбесі бекітілді. 

Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бірыңғай нормативтік актілерде қағаз және электрондық құжаттарды ресімдеуге, сақтауға және пайдалануға қойылатын талаптарды бекіту көзделген.   

Электрондық құжат айналым мен электрондық архивтерді дамыту мақсатында «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасы Заңына түзетулермен электрондық құжат айналымы мен электрондық архивтер мәселелері бойынша уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту көзделген.   

Заңмен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына жеке тұлғалар жүгінгенде жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН), заңды тұлғалар – бизнес сәйкестендіру нөмірлерін (БСН) көрсету міндеттілігі туралы толықтыру енгізілген. 

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес банкроттық басқарушының таратылатын ұйымның архивтік құжаттарын ретке келтіруді ұйымдастыру міндеті бекітілген. 

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы» және «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заң жобасын әзірлеген кезде жетекші шет елдердің  заңнамасы мен архивтік істі дамытудың халықаралық тәжірибесі зерделенді. 

Қабылданған Заң мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына не мемлекеттік кірістердің қысқаруына, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Өзгерту: 07.06.2018