Министрліктің жаңалықтары

12.06.2018

Еуропа мен Азияның танымал суретшілері Астанаға келді

12 маусым, 2018. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ғимаратында «Нұр келбетті Астана» халықаралық көркемсурет фестивалі көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.

Оған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев қатысып, баршаны келе жатқан айтулы мерекемен құттықтады. Көрмеде отандық суретшілермен қоса, әлемдік қылқалам шеберлерінің бірнеше күндік жұмыс нәтижелері ұсынылды, өнер туындыларының жалпы саны - 56. Ару Астананы өзгеше қырынан танытып, көркін аша түскен дараланған таланттарға іс-шара ұйымдастырушылары ерен еңбектері үшін алғыс білдіріп, арнайы сертификаттармен марапаттады. Салтанатты мерекеге атсалысып, өз әсерімен бөліскен итальяндық суретші Джованни Томасси Феррони: «...Астана менің жүрегімді жаулап алды. Оның өзге ірі қалалардан айырмашылығы - архитектуралық ғажайыптардың алуан түрлілігінде. Біраз уақыт өте, осы қалаға қайта оралып, жаңа өнер туындыларын дүниеге әкелу ойымда бар. Қазақ елі сынды қонақжай халыққа алғысымыз шексіз» - деді. Шығармашылық көзқараспен барлық Астананың ең көрікті жерлерімен айтулы тамаша табиғаты бейнеленген өнер туындылары баршасына рухани жан ләззатын сыйлады. Жаһандық және отандық қылқалам шеберлерінің туындылары ҚР Ұлттық музейі қабырғасында әлі жиырма күн бойы көрмеленетін болады. Ендеше, өнерсүйер қауымды Астананы өзгеше қырынан тамашалауға шақырамыз.  

Өзгерту: 12.06.2018