Министрліктің жаңалықтары

11.06.2018

Классиканың жаңа дауыстары

Классиканың жаңа дауыстары

«Астана Опера» театрының Камералық залында керемет жас аспапшылар триосы алғаш рет өнер көрсетпек. Классикалық музыканың тамаша шығармалары тыңдаушылар назарына 13 маусым күні «Таңдаулы классика» концерті аясында ұсынылмақ.

Бұл кеште дарынды музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің әртістері – скрипкашы Әсел Жақиянова мен виолончелист Ботагөз Қалиева, сонымен қатар пианист Жанна Здорнова елорда тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін ұсынады.

- Аталған концерт аясында біздің триомыздың тұсауы кесіледі, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Мұндай музыка ойнау біздің күнделікті ісімізден ерекшеленеді, біз үшін сонысымен де қызық. Әрбір аспаптың рөлі мен маңызы зор, сөйте тұра олар өзара үндесуі тиіс. Бірнеше айдан бері концертке дайындық жұмыстары жүргізілуде. Танымал шығармалармен қатар сирек орындалатын туындылардан тұратын бұл бағдарламаны құруға біз айтарлықтай уақыт жұмсадық, көп көңіл бөлдік. Мәселен, А.Пьяццолланың триоға арналған «Революциялық тангосы» Астанада алғаш рет шырқалмақ. Сөзсіз, толқыныс та, шығармашылық құлшыныс та бар. Тыңдарманға осы бір музыканың әсемдігін жеткізе білу, оны орындау кезіндегі сезімдеріміз әрі эмоцияларымызбен бөлісу біз үшін өте маңызды, - деді Әсел Жақиянова.

Әртіс бірлесіп шығармашылық жасау туралы ойдың достық әңгіме барысында туғанын атап өтті.

- Ботагөз Қалиевамен бірге «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрінде жұмыс жасаймыз, ол Қазақстандағы үздік виолончелистердің бірі, бірнеше рет Италия, Германия, Испания, Жапония, Ресей т.б. елдерде өнер көрсетті. Пианист Жанна Здорнова екеуміз Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектеріміз, ал қазіргі уақытта М.Глинка атындағы Новосібір мемлекеттік консерваториясында бірге оқып жатырмыз, - деп пікірімен бөлісті Әсел Жақиянова.

Ауқымды концерттік бағдарламаға романтик-композиторлардың шығармалары, сондай-ақ құштарлыққа толы танго енді. Ф.Мендельсон-Бартольдидің №1 фортепианолық триосы, ре минор, оp.49, 1-бөлім, Ф.Шуберттің Скрипка мен фортепианоға арналған сонатасы, ля мажор, оp.162, 1-бөлім, И.Брамстың №1 виолончель мен фортепианоға арналған сонатасы, ми минор, оp.38, 1-бөлім, Ф.Крейслердің «Сыған каприччиосы», А.Пьяццолланың триоға арналған Revolucionario («Революциялық танго»), П.Чайковскийдің триоға арналған «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Маусым» (Баркарола), С.Рахманиновтың виолончель мен фортепианоға арналған «Вокализ», ор.34, № 14 және А.Скрябинның Поэмасы, ор. 32, № 1 және № 2 шырқалады.

Өзгерту: 12.06.2018