Министрліктің жаңалықтары

02.07.2018

Қазақстандықтар алғаш рет домбыра күнін атап өтті

Қазақстандықтар енді шілде айының алғашқы жексенбі күнінде ұлттық домбыра күнін атап өтетін болады. Биылғы жылы бұл мереке бірінші шілде күніне орайлас келді. Елімізде маусымның ортасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен бекітілген тағы бір мереке күні пайда болғанын айрықша атап өту маңызды.

Осыған орай, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен Астана және Алматы қалаларында домбыра күніне орай бұқара халыққа арналған мерекелік шара болып өтті. Атап айтар болсақ, бүгін Астана қаласының «Қазақ Елі» монументі ескерткішінің алдында екі мың домбыра ұстаған өнер иелері бір мезгілде «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке Сылқым» және «Сарыарқа» сынды бірнеше танымал күйлерді орындады. Күйлерді орындауға танымал музыканттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, олардың қатарында ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Бекболат Тілеухан, Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Қазақстан еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, дрижер Арман Жүлдебаев және басқа күйшілер қатысты.

Сондай-ақ, сахнаға Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінің, «Отырар Сазы» фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрінің, Астана қаласы ұлттық аспаптар Мемлекеттік академиялық оркестрі әртістері және тағы өнер иелері шығып, өз өнерлерін көрсетті.

Мереке аясында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы астаналықтарды тағы да бір таң қалдырды. Ол алғаш рет домбырамен халық күйін орындады және домбыраны жаңадан үйренушілерге шеберлік сыныбын өткізді. Министр өз сөзінде домбыра қазақ халқының өмірінде ерекше маңызы бар екендігін айрықша атап айтты.

«Барша қазақстандықтарды осынау қасиетті мереке – ұлттық домбыра күнімен құттықтағым келеді. Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, оның жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізе білген сенімді серігі. Ұрпақтан ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, ұлы даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда жыл сайын домбыра күні атап өту туралы қойған жарлығына шын жүректен қуаныштымын. Бүгін қасиетті домбыраны қолына алып, осы мерекені атап өту үшін үлкен-кіші қалаларда халық алаңға күймен шықты. Тек қана Астанада 2000 домбырашылар бір мезгілде бірнеше шығармалар орындаған таңғажайып мерекені Елбасының өзі де тамашалады. Бұл әлі бастамасы ғана! Жылдар өте бүкіл қазақ халқы осы мерекеге бәрі домбыра ұстап, шаттық күйін шертеді деп кәміл сенемін!», – деп мәлімдеді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өзгерту: 04.07.2018