Министрліктің жаңалықтары

01.07.2018

Астанада халықаралық балет фестивалі өтті

24-30 маусым аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Eurasian Dance Festival» ІІ Халықаралық балет өнерінің фестивалі өтті. Бұл фестиваль елорданың 20 жылдығы аясында және «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының негізгі мақсат-міндеттерін жүзеге асыру мақсатында «Астана Балет» театрында өткізілді. Бұл туралы бүгін «Астана Балет» театрында өткен баспасөз мәслихатында театр директоры Валерий Күзембаев мәлімдеді.

Астанадағы Еуразиялық балет фестивалі әлемдік балет жұлдыздары үшін де, жас дарындар үшін де дәстүрлі әрі қызықты шараға айналды. Балет өнеріндегі заманауи бағыттар мен түрлі стильдерде жұмыс істейтін қазіргі балетмейстерлердің ізденістері елордамызда тоғысты.

Фестиваль қатысушылары мен көрермен қауым классикалық қойылымдармен қатар, балет өнерінің дамуындағы тың тенденциялармен де танысты. Фестивальге Қытай ұлттық балетінің балет труппасы, Испанияның аңызға айналған «Castro Romero» ұжымы, Голландия ұлттық балеті, Португалия ұлттық балеті, Словения ұлттық балеті, «Астана Опера», Абай атындағы МАОБТ, «Астана Балет» театрының ұжымдары мен Үлкен театр (Ресей) солистері қатысты.

Сонымен қатар, фестиваль аясында «Астана Балет» театрының сахнасында тұңғыш рет әлемдік балет жұлдыздарының Гала-концерті өтті. Оған, осы кешке арнайы шақырылған, әлемнің үздік театрларының әйгілі әртістері қатысты:

Иван Васильев – Михайлов театры, Санкт-Петербор,

Анастасия Сташкевич – Үлкен театр, Мәскеу,

Фридеман Фогель мен Мария Эйхвальд – Штутгарт мемлекеттік балеті,

Майя Махатели (Голландия ұлттық балеті)

Филиппа де Кастро мен Карлос Пинильос – Португалия ұлттық балеті,

Бақтияр Адамжан, Мадина Баспаева мен Еркін Рахматулаев – Astana Opera, Фархад Буриев, Риза Канатқызы – Астана Балет.

Танымал балет шеберлерінің гала-концертінің бағдарламасына заманауи хореографтардың нөмірлері, ХХ ғасырдағы әйгілі балеттердің үзінділері, сонымен қатар, әлемдік классикалық хореографияның жауһарына айналған дуэттер мен сололар енген.

Сонымен қатар, театр 23 және 24 маусымда көрермендер назарына «Жизель» классикалық балетінің тұсаукесерін ұсынды. «Жизель» балетін ұсынады. Виллистар жайлы көне поэтикалық аңыздың ізімен Генрих Гейне жазған туындының негізінде екі актілі балетті бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте қоймақшы. Виллистар дегеніміз, тұрмысқа шықпаған, сүйіктілері теріс айналғандықтан құсадан қайтқан бойжеткендер. Шаруа қызы Жизель де солардың біріне айналды. Оның жарық әрі әсем әлемі шайқалғанда, қыз бала қорлыққа шыдамай, сүйіктісінің теріс айналғанын біліп, құсадан көз жұмды.

Түнде, көрінен көтерілген виллистар қыршыннан қиылған өмірлері үшін кек алады. Алдына кездескен ер адамды биге шақырып, ажал құштырады. Бірақ, Жизельдің граф Альбертке деген сезімі зұлымдықтан да күшті болып шықты. Ол өзін алдаған графты кешіріп, оның жанын сақтап қалады. Альберт тірі қалғанымен, баянсыз махаббаты жайлы ой жүрегіне мәңгі сызат түсіреді.

«Астана Балет» театрының осы қойылымында байырғы балет жаңа қырынан ашылды. Романтизм шыңы саналатын осы спектакль-аңыздың тек биік рухы мен поэтикалық өрнегі ғана өзгеріссіз қалды.

Өзгерту: 04.07.2018