Министрліктің жаңалықтары

16.07.2018

Бурабайдағы «Біржан-Сара» операсы ақмолалық көрермендердің көңілінен шықты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Бурабай» Ұлттық саябағындағы Абылай хан алаңында ұлттық классика жауһары - Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы қойылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп тамашалаған қойылым ақмолалық көрермендердің көңілінен шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жауһар туындының жаңа музыкалық-сахналық редакциядағы тұсаукесері осы жылдың көктемінде «Астана Опера» сахнасында өткен болатын. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асырылып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл жолы аталмыш туындының Бурабай баурайында ашық аспан астында өткізіліп отырғандығы жайлы өзінің ойымен бөлісті. "Опера жанры музыка жанрындағы ең биік шыңы. Ол дүниежүзіне дəлелденген нақты анық дүние. Бізде өзіміздің ұлттық операларымыз бар. Олардың арасында мысал ретінде Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсетілген "Біржан-Сара", "Қыз Жібек" қойылымдары, "Абай" жəне "Амангелді" операларын атап өтуге болады. Бұл жолы "Біржан-Сара" операсын Бурабайдағы Абылай хан алаңында, яғни, Біржанның туған жеріне халыққа əкеліп қойып отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл жерде жергілікті тұрғындар, олардың миллиондаған ұрпақтары аталарының өнерін тамашалай алады. Біз бұл опера мүлдем басқаша форматта қойылып отыр.  Біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан əрі жалғастыра беретін боламыз", -деді  Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде.

Open Air форматында қойылған лирикалық-драмалық шығармада ақын, əнші-композитор Біржан сал мен дарынды айтыскер ақын Сараның айтысы туралы шынайы оқиға баяндалады. Төрт бөлімнен тұратын Біржан мен Сара операсы көрермендерді бірден баурап алды. Тыңдаушыларын елең еткізер сезім күшімен, лиризмімен, музыка тілінің дәстүрлі әуенділігімен, динамикалығымен, екі әншінің жеке бастарындағы трагедияны әлеуметтік-тарихи құбылыс пен тартыс деңгейіне көтере білген драмалық сюжеттегі жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, би көріністері, қосыла әндететін дуэттердің әрқайсысын көрермендер зор қошеметпен қабылдады. "Аспан астындағы театр. Оқжетпес бұл күні ерекше сұлулыққа енгендей. Бурабайдың кербез табиғатына  тепе - тең келетін жер жоқ-ау! Бурабайдағы дала операсы Біржан бабамыздың туған өлкесі өз ұланымен қайта қауышқандай болды. Осындай сұлу табиғат аясында шынайы өнерді тамашалағанға не жетсін", дейді "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұлов. Иә, қазақ халқы қашанда өнерді аса жоғары бағалаған. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Құлақтан кіріп, бойды алатын ән мен күйдің құдіреті өз алдына ерекше екені даусыз. Ал, опера деген одан ерекше дейді тағы бір көрермен. "Жалпы бұл тарихи опера маған өте қатты ұнады. Үлкен әсер алдым. Мен ойлағаннан әлдеқайда жоғары деңгейде өтті десем де болады. Мұндай операны көрмегелі көп болыпты. Сахнаға шыққан əртістердің өнеріне тәнтімін.  Драмалық сюжеттегі жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, би көріністері ерекше бір сезімге бөледі. Алдағы уақытта осындай операның жиі болып тұрғанын қалаймын. Өйткені, бұндай қойылымнан мол рухани азық аласың", - дейді Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл. Айта кетейік, аталмыш операға барлығы 400-ге жуық əртіс қатысты. Операның бастапқы идеясы шығармашылық тұлғалардың еркіндікке деген күресі, махаббат пен бақытқа деген ұмтылысы болып табылады. «Біржан-Сара» операсының жаңа музыкалық-сахналық редакциясының авторы - қоюшы режиссер, PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы суретшілер - Софья Тасмағамбетова жəне Павел Драгунов. Басты рөлдерде: Біржан - халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Байнеш, Сара - Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Жанбота - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Жиенқұл - Талғат Галеев, Қожағұл - Шыңғыс Расылхан, Серік - Рамзат Балакишиев, Естай - Бейімбет Таңарықов. Сондай-ақ, қойылым тобы: бас хормейстер - Қазақстанныің еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дəуітов. Қоюшы балетмейстер - Мукарам Авахри, техникалық директоры - «Астана Опера» театрының көркемдік-өндірістік кешенінің жетекшісі Виктор Караре.

www.inform.kz

Өзгерту: 16.07.2018