Министрліктің жаңалықтары

27.07.2018

«Оқу-әдістемелік құралдардың қазіргі ахуалы және тіл үйретудегі жаңа тенденциялар» атты республикалық онлайн семинар

2018 жылдың 25 шілдесі күні Астана қаласында өткен Республикалық онлайн-семинарға қатысушылар мемлекеттік тілді оқытудағы жаңа тенденцияларды талқылады. Отандық сарапшылар оқыту бағдарламаларын әзірлеу және оқытушылардың біліктілігін арттыруға қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлағанындай «Оқу-әдістемелік құралдардың қазіргі ахуалы және тіл үйретудегі жаңа тенденциялар» атты республикалық онлайн семинар Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында оқу-әдістемелік құралдарды жетілдіру, мемлекеттік тілді оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында өткізілді.

Онлайн-семинарды ашу барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов Министрліктің профильді Комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тілдерді дамытудың бірнеше бағыттары бойынша, соның ішінде мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және стандарттауды іске асыру мақсатында жұмыс жасап келе жатқанын атап өтті.

Аталған шараға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, Астана, Алматы қалалары мен өңірлердегі Тілдерді дамыту басқармаларының өкілдері, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының, кәсіби-техникалық және жоғары оқу орындарының оқытушылары, әдіскер-ғалымдары, барлығы 270 жуық адам қатысты.

Шара барысында мемлекеттік тілді оқытудың жаңа тәсілдері бойынша кең пікір алмасу болды.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Айдос Абдықалықов Қазақ тілін оқытуда ұлттық стандарттардың рөлі туралы толық айтып берді. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Арай Жүндібаева әріптестерімен Қазақ тілін оқытуда қолданылатын кейс және технология түрлерімен бөлісті. Қызылорда облысының Тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлім басшысы Әсел Бақытова мемлекеттік тілді оқытуға арналған әдістемелік құралдардың мазмұны мен сапасы туралы мәселе көтерді.

М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті қазақ және орыс тілдері департаментінің координаторы Қарлығаш Дүсіпбаеваның ойынша оқылым дағдысын қалыптастырудың креативті жолдарын қолдану қажет. Өз баяндамасында тілді оқытудың жаңа креативті коучинг әдісін қолданудың тиімділігін де атап өтті.

Мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымын және оқыту процесін ынталандыру қажет. Жаңа педагогикалық және андрагогикалық модельдер ересектерге ағылшын тілін оқытудың әдісі болуы қажет деп санайды -
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Айнұр Баекеева.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Нұрлыхан Айтова тілдерді оқыту және үйретудің негізіне психо-нейролингвистика жетістіктері қойылуы тиіс екеніне сенімді.

Онлайн-семинар қатысушыларының ұсыныс-пікірлері мемлекеттік тілді оқытудың методологиялық мәселелеріне мониторинг жасау үшін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жолданатын болады.

Өзгерту: 27.07.2018