Баспасөз хабарламалары

18.06.2018

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына пресс-релизі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының 6-тармағын іске асыру үшін әзірленді.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы  қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылардың міндеттемелерін айқындау жолымен мемлекет қорғауындағы жер учаскесінде орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау туралы бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы бірқатар жауапкершіліктер тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шегіндегі жерлерді пайдалану режимін қамтамасыз ету бөлігінде күшейтілетін болады.

Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтауды қамтамасыз ету, ескерткіштердің алғашқы қалыптарының, тарихи және мәдени маңыздылығының жойылуын және қирауын болдырмау мақсатында тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу шарттарын және тарихи-мәдени мұра объектілерінде археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу ұсынылады.

Жиынтығында «Тарихи-мәдени мұралар объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдау және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану мәселелері бойынша түзетулер енгізу алдағы уақытта еліміздің тарихи-мәдени мұрасының тиімді қызметі мен дамуы үшін заңнамалық базаны қамтамасыз етеді.

 

Өзгерту: 19.06.2018