Мақалалар мен сұхбаттар

16.05.2017

Еліңді тану жеріңді танудан басталады

Еліңді тану жеріңді танудан басталады

"Егемен Қазақстан" газеті. 2017 жылғы 15 мамыр

«Nomad Explorer» ұйымдастырған «Үстірт құпиясы» экспедициясы осының айғағы

Толығырақ: https://egemen.kz/article/elinhdi-tanu-zherinhdi-tanudan-bastalady
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!

«Nomad Explorer» ұйымдастырған «Үстірт құпиясы» экспедициясы осының айғағы.

Бұдан бір апта бұрын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған саяхатқа қызығушы отан­дастарымыз Маңғыстау өңірінің табиғаты мен тарихын тану мақсатында экспедицияға шығып, киелі өңірге келді. «Nomad Explorer» – «Үстірт құпиясы» атты экспедицияның ұйымдастырушысы әрі жетекшісі – белгілі кәсіпкер Марғұлан Қалиұлы Сейсембаев. Ол туған жердің әсем табиғаты мен терең тарихын көріп-білем деген әрбір тұрғынды осы экспедицияға өз еріктерімен қатысуға шақырған болатын.

Шараның алдында қатысушылардың саны 250 адамға, ал көлік саны 57-ге жетті. Олардың арасында еліміздің әр аймағынан жиналған жиһанкездер мен ең үздік фотографтар және белгілі тұлғалар бар. Тіпті Австралия, Ресей, Қырғызстан, Вьетнамнан келген арнайы қонақтар да болды. Келген қонақтардың санының көптігіне қарамастан, ұйымдастыру жұмысы жоғары деңгейде өтті. Әр өңірдің қонақтарын шатастырмау мақсатында арнайы түске бөліп топтастырылды. Оларға облыс туралы ақпар-кітапшалар таратылды. Мұндай ауқымды шараға Ералы Тоғжанов басшылық ететін Маңғыстау облыстық әкімдігі де қол ұшын созып, барынша қолдау көрсетіп, экспедицияның ашылу салтанатына қатысты. 30 сәуірден басталған «Үстірт құпиясы» экспедициясы мамырдың 6-сына дейін созылды.

Бір апта ішінде автокеруен Маңғыстаудың ең танымал жерлерін көріп шығу бағытында 1450 шақырымды жүріп өтті. Оның 70% соқпақты қара жолдың үстімен өтті. Айта кетелік, бұл – М.Сейсембаев ұйымдастырып отырған екінші экспедиция. Ең алғашқы шарасы былтыр «Ұлытау мұрасы» деген атаумен еліміздің алтын қазығы – Ұлытау өңірінде өткен еді. Оған 60 шақты адам қатысса, «Үстірт құпиясына» төрт есе көп адам қатысты.

Экспедиция облыс аумағының үш ауданына қарасты 14 табиғи-тарихы нысандарды аралап шықты. Бұл табиғаты мен тарихы ұштасқан Маңғыстау ескерткіштерінің бір бөлігі ғана. Ақтау қаласынан солтүстік бағытқа – Түпқараған ауданына қарай бағыт алған автокеруен сапарын теріскей жағадағы Тамшалы, Жығылған жерінен бастады. Одан әрі қарай ортағасырлық Сұлтан-үпі жерасты мешітіне зиярат етіп, Солтүстік Ақтау сілемдерін қақ жарып өтетін Қапамсайда бірінші түнін өткізді. Ол жерде жергілікті топ қонақтар үшін киіз үй тігіп, қонақасы берді. Ауыл ақсақалдары саяхатшыларға батасын беріп, ақ жол тіледі. Ертесіне таң ата осы маңнан 5 шақырым жердегі тағы бір тарихы маңызы бар Шақпақ ата жерасты мешітіне зиярат жасап, Маңғыстау ауданы территориясына қарай жол тарттық. Жол бойы табиғаттың салған мүсіндерін тамашалай отырып, Торыш құдығының маңындағы «Шар тәрізді тастар алқабына» келдік. Еуразия аумағында теңдесі жоқ бұл тылсым аймақ әлем зерттеушілерінің назарын өзіне аудартуда, себебі олардың осындай дөп-дөңгелек қалыптағы тылсым түзілісі жұмбақ күйінде қалып отыр. Бұл жерден эстетикалық қуат алған саяхатшылар әрі қарай Шерқала-Ақмыш бағытына бет алды.

 Қазақстанның табиғи жеті кереметінің бірі Шерқаланы білмейтін жан жоқ шығар. Дәл осы Шерқаланың жанында тарихи құндылығы жоғары Қызылқала қалашығы жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл – Ибн-Сина, Бируни, Истахри, Махмуд Қашқари, Рашид-ад-дин, Ибн Фадлан, Якуб Ар-Руми және т.б. ортағасырлық түркі, араб, парсы ғалымдарының деректеріндегі «Маңғышлақ» қалашығының орны дейді. Аумағы 20 гектар жерді алып жатқан бұл археологиялық нысан өзінің ауқымды зерттеу жұмыстарын күтуде. Екінші күннің соңы Айрақты шоқысының етегінде өтті.

Орта ғасырдан бері көшпенді­лердің қонысы болған бұл жерлер Тарас Шевченконың картиналарында бейнеленіп әлемге танылды. Т.Шевченконың замандасы болған әйгілі саяси тұлға, суретші Бронислав Залесский сол табиғат жаратылысына тамсанып: «...Ақтау таулары ұзыннан созылып жатқан жота, ол бірнеше жеке-дара топқа бөлініп, алып ғажайып тылсым қамалдар мен қалалар, зәулім сарайлардың қирандыларына ұқсайды... Ал түнде Айдың жарығында бұл жер тіпті басқа кейіпке ауысып, одан да әсерлі болады...» депті.

Араға 166 жыл салып, Ақтау жотасына аяқ басқан арамыздағы поляк ұлтының бүгінгі бір өкілі Лукаш Росчик те дәл сондай әсерде болды. Үшінші күннен бастап ең ұзақ та, қауіпті сапарға шықтық. Себебі, алдымызда сусыз Үстірт қыры тұрды. Үстіртке көтерілер тұста Тұзбайыр сорына қондық. Тұзбайыр соры мен шоқылар миллиондаған жылдар бойы осы өңірді басып жатқан Тетис мұхитының сарқыншағы. Оның дәлелі – аппақ борлар мен шоқы етегінде шашылып жатқан акулалардың тістері. Әрі қарай сол Үстірт ернеуін жағалай отырып өлкенің оңтүстік жағына қарай бағыт алдық. Ол жерде республикалық маңызы бар Үстірт қорығы орналасқан.

Экспедиция Боз­жыра алқабына тоқтап, екі күн түнеді. Боз­жы­раны барша қазақстандықтар жақсы білгенімен, әнші, композитор Батырхан Шөкеновтің «Сағым дүние» әнінің клипі арқылы әлемге танылған еді. Бұл маңдағы тағы бір шоқы – ұлттық валютамыз теңгенің жақында ғана айналымнан шығарылған ескі нұсқасында бейнеленген еді. Келген қонақ­тар осы маңға жақын орналасқан Бекет Ата жерасты мешітіне барып зиярат жасады.

Сапар­ластарымыздың әрқайсысы сөзбен жет­кі­зе алмас әсер алды. Экспедицияға қатыс­қан әлемге әйгілі скрипкашы, профессор, Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мыр­забекованың алған әсері сонша, толқып, ерік­сіз көзіне жас келді. «Маңғыстаудың әрбір табиғи тамашаларын көрген сайын, «Бұл шын мәнінде Қазақстан ба?» деп ойладым. Өмірімде еліміздің барлық қалаларында болғаныммен, қала сыртынан шықпаған екем. Бұл сапардан соң елімізге, қасиетті жерімізге деген махаббатым бұ­рынғыдан да арта түсті» – деп, сезімін жа­сыра алмады.

Бозжыра етегінде ас пісіру, спорт және өнер бағытында байқаулар өтіп, өт­кен жылғы «Ұлытау мұрасы» экспедициясына арналған ақпараттық кітаптың тұсаукесері болды. Үстіртте біраз демалған саяхатшылар қайтадан Маңғыстаудың ойына түсіп, Түйесу құм массивтерін жарып өтіп қарт Каспий жаға­лауындағы Тоқмақ мүйісіне барып тоқтады. Каспийдің жағалауы қай заманда да адамзатты тартып тұрған. Соның бірі – осы Тоқмақ мүйісі. Соңғы қазба жұмыстары бұл мүйісте энео­лит (төртінші мыңжылдықтың соңы мен үшінші мыңжылдықтың басы) заманында, яғни бес мың жыл бұрын өмір сүрген адамзат қоныстарын тапқан еді. Самал жел соққан қарт Каспий жағалауында соңғы түнін өткізген экспедиция, ертеңіне Қазақ елінің ең төменгі нүктесі – Қарақия ойпатына қарай бағыт алды.

Әлемде бесінші орынды, ТМД-да бірінші орынды иемденетін бұл алып ойпаттың ернеуінде аялдаған экспедиция мүшелері сапардың аяқталғанын сезіп, киелі Маңғыстауды қимастан біраз кідіріп қалды. Алдымызда ақ маржан қала Ақтау тұрды. Кештетіп экспедиция керуені қалаға кіріп, бірден облыс әкімдігіне қарай бет алды. Мұнда саяхатшыларды облыс әкімі Е.Тоғжанов күтіп алды. Ол қонақтардан сая­хаттан алған әсерін сұрап, экспедицияның қорытынды брифингіне қатысты.

– «Nomad Explorer» экспедициясы Маңғыс­тауға қадам басқаннан-ақ қуана қабылдадық. Өйткені, елдің байлығы мұнай ғана емес, елдің ең басты байлығы – кіндік қанымыз тамған туған жер. Бұл экспедиция Маңғыстаудай киелі өлкеге аяқ басқаны орынды деп ойлаймын. Сіздер қысқа уақыт ішінде қаншама елге барып, жерін көріп, көріп қана қоймай, бүкіл әлемге танытып, насихаттап жүрсіздер. Сапар сәтті болғаны жүздеріңізден белгілі. Ауыр жол болса да, жақсы әсер алып, рухани толығып келген боларсыздар. Бекет Ата жерасты мешітінің өзі неге тұрады? Біздің өлкеде өткізген әрбір сағат есіңізде қалар деген ойдамын, – деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.

– Бір аптадан аса уақытқа созылған экспе­дицияның нәтижесін айтпай кетуге болмайды. Маңғыстаудың табиғатын дүние жүзіне таныту осындай шаралардан бастау алуы тиіс. Табиғаттың жаратқан дүниесі адамның қолынан ешқашан келмейді. Осы бар байлығымызды көрсете алмай келеміз, бұл – біздің ең басты кемшілігіміз. Ал экспедицияның ең биік мақ­саты да осы, – деген сенім білдіріп, атқарылған жұмысқа оң баға берді экспедиция басшысы Марғұлан Қалиұлы.

Жеті күнге созылған «Үстірт құпиясы» экспедициясы Маңғыстау облысын шарлап өтті. Жол барысында саяхатшылар облыстың табиғи ландшафтық келбетінің өзгеруімен қатар, тарихи байлығының да терең әрі сан алуандығына көз жеткізді, оларға қол ұшын тигізді, рухтанып, қуаттанды.

Осы орайда «Үстірт құпиясы» экспедициясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойға тұспа-тұс келіп, сонда жүктелген міндеттердің орындалуының айқын бір көрінісіндей болды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында туған ел, туған жер туралы керемет ой қозғалды. Қазақ даласын аралаған сайын адам бойына патриоттық сезім ұялайды. Маңғыстаудың тылсым табиғаты, тау-тасы, құмы мен сияқты экспедицияға келген барлық қатысушыларға ерекше әсер етті. Біз өзімізге үлкен жаңалық ашқан­дай болдық. Шөлейтті далада жүріп-ақ, көп сырға қанық болдық, – дейді «Nomad Explorer» ұйымдастыру комитетінің мүшесі Қайсар Тұрсынғожа.

Еліңді тану жеріңді танудан басталады, туған жерді тану – рухани жаңғырудың қазығы. Ал бұл экспедиция – соның бастауы ғана. Экспедиция нәтижесі ретінде бірнеше деректі фильмдер мен фото альбомдар жарыққа шығады. Жыл өткен сайын туған жерді тануға қызығушылық артып келеді.

«Nomad Explorer» экспедициясы осымен тоқтап қалмай, келесі жылы еліміздің шығысы – Алтай өңіріне де ауқымды саяхат ұйымдастыруды жоспарлауда. Отандастарымызға осындай танымдық экспедицияларды жиі ұйымдастырып, бір-бірімізбен етене жақындасайық, табиғатты тани түссек, бұл қазақ баласының қазақ даласын толық танып, шексіз сүйіп өсуіне жасалған мүмкіндік болар еді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»,

Бекболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ,

өлкетанушы, геолог, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени

қорығының қызметкері Маңғыстау облысы

Өзгерту: 16.05.2017