Мақалалар мен сұхбаттар

20.04.2017

Жанат Сейдуманов: Адами капитал сапасын кітапхана арттырады

Жанат Сейдуманов: Адами капитал сапасын кітапхана арттырады

"Егемен Қазақстан" газеті. 2017 жылғы 18 сәуір

Нарық заманында кез келген сәтте бәсекеге төтеп бере алатын басты қару – білім. Жалпы, әлеуметке сол қажетті білімін ұсына алатын қоғамдық институт – кітапхананың өзі осы нарық заманына қаншалықты бейімделген? Ағыл-тегіл ақпараттан талғай сіміруді үйрене бастаған оқырманға бүгінгі кітапханалар не ұсына алады? Біз бұл сұрақтарды еліміздегі ең қоры бай кітапхана, небір игі жақсының табаны тиген қара шаңырақ – Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Тұрарұлы CЕЙДУМАНОВҚА қойған едік.

– Жанат Тұрарұлы, бүкіл бір елдің тарихи, мәдени, әдеби мұрасын өз қор­ғауына алған, ғалым атаулының рухани ортасына айналған кітапхананы қазір­гі қоғам қаншалықты қажет етіп отыр?

− Құдайға шүкір, қазір Қазақстанда жалпы көпшілікке қызмет ететін 11423 кітапхана болса, соның 4109-ы үлкен кітапханалар қатарына кіреді. Ал еліміз­дегі кітап қоры 279 млн дана кітапты құраса, оның 79 млн-ға жуығы сол ірі кітап­ханалар еншісінде. Сонымен қатар, қазіргі күні ел бойынша 32 кітапхана сай­ты бар. Бұл цифрлар нені көрсетеді? Яғни, кітапхана – қалың оқырман үшін айрық­ша сұранысқа ие рухани орда болып қала бермек.

– Сіз басқарып отырған Ұлттық кітапханада қандай жаңашыл бастамалар енгізілуде?

− Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына енген бұл ғимараттағы қордың 88 па-йызы – ғылыми әдебиеттер, тек 12 па-йызы ғана әдеби кітаптар. Демек, түрлі жеке­леген сала мамандары іздеген оқу­лық­­тарын Ұлттық кітапханадан таба алмақ. Екіншіден, біз еліміздегі барлық кітапханалар үшін әдістемелік орта­лықпыз. 46 мыңдай оқырманы бар бұл үлкен кітапхана қорында 6 млн 700 мыңға жуық кітап қоры сақтаулы.

– Өзіңіз айтып өткен жұмыс мазмұн­дарына кеңінен тоқтала кетсеңіз...

– Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының 791 мүшесі болса, соның ішінде, 38-інің ғана Халық жазушысы деген атағы бар. Сол Халық жазушыларын бүгінгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен арнайы стенд жасаумен ғана шектелмей, кітапхана алдында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Абай даңғылы тұсынан сол жазушылардың әрқайсысы туралы қысқаша деректермен қоса, жеке орындықтар қойылған аллея ашсақ дейміз. Жазушылардың туған күндері, басқа да атаулы күндері қандай да бір іс-шараларды, жазушы өмірінен сыр шертетін фотосурет, кітап көрмелерін сол жерде өткізе аламыз. Сонда әрі-бері өткен жүргіншілер де ыңғайлы орында демалып қана қоймай, жазушылар туралы мағлұмат та ала отырмақ.

1971 жылы салынған, өз уақытында ең озық ғимарат саналған кітапхананың астындағы екі қабатты кітап қоймасына шамамен, 3,5 млн кітап сыяды деп жоспар­ланғанмен, қазір 6 млн 670 мың кітап тұр. Орын жоқ. Алдағы уақытта айналасын алыстан көз тартатындай етіп кеңей­тіп, қос қапталдан жапсарлас екі үлкен ғимарат салсақ дейміз. Ұлттық кітап­хананы қайта құрудың эскиздік жобасын жасап, офис, кітап сақтау қоймасы, көрмелер залы, қонақ үй салу жолдарын қарастырып отырмыз.

Біз былтыр «Өзің оқы да, басқаға бер» қағидасына негізделген «буккроссинг» кітап дүңгіршегін ашып, үш мыңдай кітап қойдық. Өтіп жатқан жүргіншілер көшеде тұрған тегін кітаптардың бәрін үйіне алып кетіп жатты. Негізі, буккроссинг деген не? Адам ол жерден ұнаған кіта­бын алып кеткенімен, орнына басқа кітап әкеліп қою тиіс. Бірақ бізде ол мәде­ниет әлі қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен, бастысы, алған кітабының ең болмаса бес бетін оқыса, сол да жетістік. Қазір буккрос­сингтерді ауруханаларда ашу ісін қолға алудамыз. Мысалы, 4-ші ауруханада ашып та қойдық.

− Кітапхананың ішкі жұмыс сапасында қандай жаңалықтар бар?

– Кітапханаға келген оқырман іздегенін біздің электрондық базадан таба алмаса, біз оны еліміз ғана емес, бүкіл әлем бойынша басқа кітапханаларға сұраныс жіберу арқылы тауып бере аламыз. Себебі, біздегі қордың 80 пайызы Кеңес Одағы тұсынан жиналған, егемендік уақытынан бері жинаған қорымыз 20-ақ пайыз. Ал бізге келетін оқырмандардың 70 пайызы ізденіс жолындағы студенттер...

 – Кітапхананы тек студенттер ғана емес, жалпы кез келген жастағы оқыр­ман­дар көптеп келетін ортаға айнал­ды­руға мүмкіндіктер бар ма?

– Әлбетте. Мәселен, соңғы жарты жыл­дықта кітапханамызда Оқырман клубы, Қаржылық сауаттылық клубы, Н.Тілендиев клубы, Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп Маркетологтар клубы сияқты 11 клуб аштық. ПЕН-клубымызда халық­аралық отырыстар, кітап тұсаукесерлері, түрлі қайырымдылық шаралары өтіп тұрады. Ермек Тұрсынов клубынан қазақ­тың классикалық кинотуындыларын тегін көрсетіп қана қоймай, көрермендер пікірталасын ұйымдастырып отырамыз. Сол клубта республикалық өнерпаз жас­тар, белгілі әншілер оқырмандар үшін тегін кештер өткізіп тұрады.

 – Еліміздегі барлық кітапханалар ісі дамуының негізгі алғышарты қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Адам капиталының сапасы мықты елдерді бай мемлекет деуге болады. Ал енді адам сапасын кім жақсартады? Ол үшін адам өмір бойы үздіксіз білім жинауға ұмтылуы керек. Ал адамның өзін-өзі жетілдіру институты, ол – кітапхана. Ал сол кітапхананың қоғамдағы орны нақты, заңды түрде айқындалуы, дамуы үшін нормативтік-құқықтық кеңістігі болуы керек. Бүкіл дамыған мемлекеттерде солай. Өкініштісі, біздің саланың арнайы кәсіби заңы жоқ. Арнайы заң болмаса, сала қалай дамымақ? Біз «Мәдениет туралы» Заңның 24-бабындағы кітапхана туралы қысқаша мәлімет бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның өзі Ұлттық кітапхана мен Ака­де­миялық кітапханаға арналған. Ал еліміздегі өзге кітапханалар дамуы үшін «Кітапхана және кітапхана жұмысы туралы» деген арнайы заң болуы тиіс. Қазір сондай заң жобасын әзірлеп, депутаттарға ұсынып жатырмыз.

– Қазақстан кітапханалары мен әлем­­дік кітапханалар арасында байланыс ор­натып, тәжірибе алмасу ісі қан­ша­лықты жолға қойылған?

− Тек тәжірибе алмасып қана қоймай, шетелде қазақ әдебиетін насихаттау мақса­тында халықаралық әлемдік кітапханалық қауымдастыққа кірсек деген ниетіміз бар. Мысалы, алыс шетелдердің көбісі әдебие­тіміз бен мәдениетіміз түгілі, Қазақ­станның қандай ел екенін біле бермейді.

Соңғы жарты жылда Ұлттық Кітапхана мен Академиялық кітапхананың өз азамат­тық ұстанымы ретінде Анкарада, Бей­жіңде, Ресейде кітап бұрышы түріндегі Қазақ әдебиеті орталықтарын ашуды қолға алдық. Енді 28-29 сәуірде Дубайда және Мысырда ашпақпыз. Сол орталықтарда мәдени-көпшілік шаралар, кітаптардың тұсаукесерлері, жазушылармен кездесу сияқты іс-шаралар өткізіліп тұрмақ, сөйтіп өзге елдердің қазақ мәдениетімен, дәстү­рімен, тарихымен танысып тұруына мүмкіндік жасалмақ.

 – Сонда Қазақ әдебиеті орталығын ашқаннан шетелдіктерге қандай пайда түспек деген сауал туындайды...

 – Біздің сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалалар қорымызда 123 араб кітабы бар. Көп адам араб тіліндегі кітаптарды дінге, Құранға қатысты деп ойлайды. Бірақ ондай кітаптар 69 ғана. Ал қалғандары тіпті, Арабияның өзінде де жоқ сирек кітаптар, математикалық оқулықтар. ХVIII ғасырда өлеңмен жазыл­ған үш томдық кітаптың екінші томы бізде сақтаулы. Оны білген арабтар, әрине, ең алдымен, біздің мәдениетімізді насихаттауды емес, өз әдеби мұраларына қол жеткізу мақсатында бізге көмек беріп, Сирек қордағы көне әдебиеттерді қал­пына келтіру үшін қажетті сканерін бізге жеткізіп берді. Ондай сканер әлем бойынша 6-ақ кітапханада бар.

 Соның арқасында мамыр айына дейін барлық араб тіліндегі кітаптардың көшірмесін жасап, ғылыми өңдеуге жібермекпіз.

 Алдағы мамыр айында түркі және араб әлемдеріне байланысты қолжазбалар туралы бір үлкен халықаралық ғылыми конференция өтеді. Мысалы, Ыстанбұлда Сүлеймения деген үлкен кітапхана бар. Сонда қазақ халқы туралы өте көп қолжаз­балар бар. Соның ішінде Ахмет Ясауи туралы қаншама қолжазба бар десеңізші?! Түркиядағы қазақтардың да қолында үркіншілік жылдары өздерімен бірге алып кеткен қаншама кітап, қолжазбалар бар.

 Жақында Мысырдағы ең үлкен кітап­ханадан Қазақстанға, қазақ халқының тарихына қатысты сирек кездесетін көптеген қолжазбалар мен кітаптарды көріп қайттым. Солардың бәрін зерттейтін үлкен бір ғылыми зерттеу орталық болу керек. Ол әлбетте, осы – Ұлттық кітапхана.

 – Осыншама қыруар еңбекті зерттеп қана қоймай, цифрлық жүйеге енгізу қиямет-қайым жұмыс емес пе?

 – Елбасы тапсырмасында көрсе­тілгендей, баспа басылымдарын цифр­лау және электрондық кітапханаларды қалыптастыруды стратегиялық бағыт етіп алған кітапхана цифрлау бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізуге кірісіп те кетті. Бір қиыны, әр кітапхананың әр түрлі бағдарлама қолдануында болып отыр. Мәселен, сіз Атыраудағы бір ауылда отырып, біздің кітапханаға кіре алмай­сыз. Немесе біздің кітапхана арқылы ауылдағы кітапхана базасына кіру­ге мүмкіндік жоқ. Біз осыларды ескере келе, өзіміз жасаған «веб-РАБИС» атты қолданбалы бағдарламаны республикалық кітапханаларға енгізу бастамасын ұсын­дық. Яғни, Қазақстандағы үлкен кітап­ханалар қорларын ортақтастыратын бір ғана электрондық желіге қоссақ, кез келген оқырман кез келген кітапхана база­сына тегін кіріп, қажетті ақпаратқа қол жеткізетіндей мүмкіндікке ие болар еді. Ал оны жарты-ақ жылда жүзеге асыруға болады. Көп қаржы да кетпейді, есептеуімізше, небәрі 149 млн теңге керек.

 – Өзіңіз айтып өткен игі істердің бәрін жүзеге асыру үшін мықты мамандар қажет екені түсінікті. Кітапханада кадрлар саны жеткілікті ме?

 – Өкінішке қарай, еліміздегі 11423 кітапханада 30-40 мың адам жұмыс істесе, соның 62 пайызының ғана кәсіби білімі бар.

 Бізде де кадр тапшылығы бар. Қол астымда 280-дей адам жұмыс істесе, соның 38 пайызының негізгі білімі жоқ, әр түрлі саладан келгендер. Бүгінде бізге білікті маман табу үлкен проблемаға айналды! Мысалы, жоғарғы оқу орнында 4 жыл оқып келген түлек кітапханада қайта­дан бәрін басынан бастап үйренуіне тура келеді.

 Саладағы үлкен қиындық – кітапхана мамандығын 4 жыл оқытатын бакалавриа­т болғанымен, магистратура, PhD док­тор­лығы жоқ. Жақында ғана кітапханашы мамандығын оқытатын оқу орындарының басшыларымен кездестім. Магистратура оқыту үшін арнайы кафедра және грант болуы керек. Оған министрліктің рұқсаты керек. Кітапханашылар арасынан осы уақытқа дейін бір-ақ адам ғылым кандидаты атанған. Кафедра ашу үшін доктор, профессор сияқты ғылыми дәреже болуы, диссертациялық кеңестегі кем дегенде 5-6 адам сол мамандықтың білгірі болуы керек. Ал біздегі кітапханашы маман­дығында ондай ғылыми атақтар мүлдем жоқ. Биылдан бастап енді мамандарымызды Ресейге жіберіп оқыту ойымызда бар.

 Адам капиталының сапасы жоғары болғанда ғана қоғам, мемлекет жақсы дамиды. Ал бай болудың бір-ақ жолы бар. Ол – білім. Кез келген уақытта білім бере алатын қоғамдық құрылым қажет. Ол үшін кітапханаларды сондай институтқа айналдырсақ жеткілікті.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ

Өзгерту: 16.05.2017