Мақалалар мен сұхбаттар

03.12.2015

Елдігімізге сын болатын елеулі кезең

Елдігімізге сын болатын елеулі кезең

"Егемен Қазақстан" газеті. 3.12.2015 ж.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған кезекті Жолдауын зор ықыласпен, ерекше ынтамен тыңдадым. Мені ең алдымен бұл жолғы Жолдаудың қазіргі аса күрделі де аумалы-төкпелі заманның құбылыстарына қарай дұрыс жол, адас­тырмас амал табуға бағытталғаны қатты қызықтырды. Ал жіті танысып шыққаннан кейін оның шын мәнінде де біздің жаңа жаһандық жағдайға қарай бейімделіп, төніп келе жатқан қатерден қалай шығынсыз шығып кетуімізді тереңінен ойластырған нағыз құнды құжат болғанын жазбай таныдым. Сондықтан оның «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталуының өзінің астарында үлкен мағына бар екеніне көз жеткіздім.

Бүгінгі әлемнің кейінгі кезде қиын қыспақтардың қысталаңына түсе бастағаны рас. Оның алуан түрлі объективті де, субъективті де себептері бар. Бірақ, тап қазір бізді толғандыратыны оның себептері емес, салдарлары болса керек. Елбасы өзінің бәріміз біраздан бері асыға күткен Жолдауында, міне, мәселенің осы жағына байыпты барлау жасапты. Қазіргі дүниеде жаңа қатерлер мен мүмкіндіктердің қатар өрбіп келе жатқанына назар аударған Мемлекет басшысы сол қиындықтың құрсауынан қалай құтылуға болатынын ұғынықты тілмен жан-жақты талдап көрсетеді. Жолдаудағы тағы бір көңіл бөлерлік тұс, онда әдеттегідей бұл жолы да айналада болып жатқан барлық жағдайға байланысты ойлар мен топшылаулар ешбір бүкпесіз ашық көрсетіліпті. Бізге ондағы осы шынайылық пен шындықтың жүзіне тура қараушылық та айрықша ұнап отыр.

Президенттің өзі атап көрсеткендей, ғалам осылай ғалам болғалы өзінің басынан осыған ұқсас алуан сипатты аласапыран уақытты кешкен, сансыз соқтықпалы соқпақтардан өткен, талай дағдарыстар мен тоқыраулардың шылауында шырмалған. Бірақ соның бәрінен, түптеп келгенде, аз шығынмен шығатын жол, қиындық атаулыны жеңетін тетік табылып тұрған. Ал біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі қаншама өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Мұндай тығырықтардан әлемдегі қандай да бір ел болмасын жүріп көрген. Әлі де көріп келе жатыр. Тіпті, ең алпауыт деген елдердің өзін қазіргі заманғы экономикалық-қаржылық дағдарыстар айналып кетіп жатқан жоқ. Мұның үстіне, сол елдердің арасында ара-тұра орын алып жататын текетірестер мен өзара ерегістердің қалған дүниеге кері әсерлерін тигізетіні тағы анық.

Елбасы біздің осындай ортада өмір сүріп жатқанымызды, оның тұрмыс жағ­дайымызға әсері болмай қоймайтынын жасырмай айтты. Жай сөз ете салған жоқ, сол қысталаңда қоса қабат құрдымға кетіп қалмас үшін «бәріміз — біріміз үшін, біріміз — бәріміз үшін» деген қағиданы берік ұстануымыз керек екенін қадап айтты. Бұл біздің бәріміздің елдігімізге елеулі сын болмақ. Сондықтан жауапты сәтте бірлігіміз бұрынғыдан бетер жарасып, еліміздің игілігі үшін ерінбей тер төгуіміз керек. Елбасы жеткізген осы тұжырымдардың бәрі туған Отанымыз — Қазақстанды жылдан жылға жаңғыртып, жайната беруге апарып саяды.

Осы жерде Президент Жолдауындағы позитивті ахуал мен жоғары рухты оп­тимизмді байқамай кету де мүмкін емес. Өзінің сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан табылу деген ұлы мақсаттың жолынан таймайтынын атап көрсетті. Мұның түпкі межесі Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету екенін де асқақ үнмен жеткізді. Осының бәрі біздің ойымызға құнар, бойымызға жігер беріп, ертеңгі күнге деген сенімімізді серпілте түсті. Ал сенім бар жерде бәрінің болатыны тағы аян. Адам өзіне өзі сенбесе, ешқандай тірлік істеп қажеті жоқ. Себебі, сенімнің шеті сетінеген жерге сәттілік те үйлеспейді.

Өзінің болашақты осылайша бар бая­нымен болжай білуі арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы бізді де қиындықпен қаймықпай күресуге керемет жігерлендіріп отыр. Ал алмағайып әлем мейлінше жылдам қарқынмен қауырт өзгеріп келеді. Оны көрмеу, пайымдамау мүмкін емес. Осы тұста бұрынғы аста-төк ысыраптың заманы кеткенін де бізге Мемлекет басшысы жақсы ұғындырып берді. Расында, көрпеге қарай көсілетін кезең туды. Бардан да, жоқтан да үнемдейтін мерзім жетті. Уақыт көші ілгері қарай жылжыған сайын осы үнемнің үзірі арта түспек. Сондықтан осы бастан бәріне бейімделіп, қиындықтарды жеңе білуге күш жұмылдыруымыз керек.

Елбасы атап көрсет­кендей, біздің хал­қымыз ешқашан дәл қазіргідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден аса білім беру ошағының салынуы соның нақтылы айғағы. Мемлекет қандай кезде де халықтың әлеуметтік жағдайына қарауды естен шығарған емес. Біз осының тағы бір нақтылы көрінісі ретінде жаңа жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда — 28 пайызға, білім беру саласы қызметкерлерінікі 29 пайызға артатынын алға тарта аламыз.

Ал біз өз кезегімізде, Елбасының мін­деттеп өткеніндей, қоғамымызға еңбекқор, бастамашыл, белсенді жастарды тәрбиелеп шығаруға атсалыса береміз. Қазіргі ахуал бізден бұл міндетті орындауды еселеп арттыруды талап етеді. Біз шынында да жаңа заманға сай білімді де бәсекеге қабілетті, өмір мен өнерден өз орындарын таба білетін темірқанат түлектерді көптеп дайындап тұруымыз керек. Қазіргі ғылым мен инновацияның күні туған заманда тек ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым ізденген адам ғана алда жүреді. Мұны біздің Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушы-профессорлар ұжымы өте жақсы түсінеді. Сондықтан біздің ұстаздарымыз үнемі өз біліктіліктерін арттырып отырады.

2015 жылғы рейтинг бойынша 15 оқытушымыз ТОП-150 үздік оқыту­шылар қатарына енді. Осындай ортада білім алып жатқан студенттеріміз де республикалық байқауларда әрдайым биік деңгейлерден көрініп келеді. Биылғы жылы олар елі­міз бойынше өткен өнер сайыстарынан 102 жүлделі орын алды. Жалпы алғанда, 60-тан астам көркем, деректі, анимациялық фильм өмірге келді, 15-тен аса спектакль қойылды, 40-тан астам театрлық қойылымдар ұйымдастырылды. Академияның қызметкерлері мен студент­тері 800 концертке қатысты, 5 жеке концерт берді. Бұған қоса, олар спектакль, фильм, жарнамалық ролик, бейнебаяндарда 200-дей рөлдерді сомдады. «Бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіріп, насихаттау мақсатында 20-дан астам шара өткізілді.

Әлбетте, мұның бәрі оқу ордасында руханиятты көтеру бағытында атқарылған ұшан-теңіз жұмыстардың бір парасы ғана. Біздің мақсатымыз оларды тізбелеп айтып шығу емес, бүгінгі күні алдымызға қойылып отырған биік міндеттердің үдесінен шығу үшін академияда қажетті жағдайлардың бар екенін көрсету ғана болып отыр. Ал осы орайда, біз Елбасының: «Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз», — деген сөзіне толық сенеміз. Және сол сенімді жүзеге асыру үшін өз саламызда қолымыздан келетін барлық шараларымыз бен міндеттерімізді орындаймыз.

Елдігімізге сын болғалы тұрған елеулі кезеңнің еңсесін көтере түсу баршамыздың ендігі кезектегі басты борышымыз болмақ.

Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА

Т.Жүргенов атындағы  

Қазақ ұлттық өнер академиясының

проректоры, профессор.

Алматы.

Өзгерту: 03.12.2015