Мақалалар мен сұхбаттар

18.11.2015

Дін мен дін еместі ажырату

"Егемен Қазақстан" газеті. 18.11.2015 ж.

 

Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫМЕН әңгіме

− Сізбен әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған орталықтың тыныс-тіршілігіне арнағымыз келеді. Алдымен дін сала­сындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда іргелі жұмыстар атқарып отыр­ған орталықтың негізгі қызмет бағыт­тарынан хабардар етсеңіз.

— Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы еліміздің дін саласындағы уәкі­летті органының жұмысына ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында құрылып, 2007 жылдан бері қызмет атқа­рып келеді. Еліміздегі дін саласындағы ғы­лыми-қолданбалы зерттеулер, діни ахуал мониторингі, дінтану сараптамасы осы орталықта жүргізіледі. Дін мәселелеріне, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім мен дінтану сараптамасына қатысты ақпараттық-анықтамалық және әдістемелік материалдар, зерттеу еңбектері, талдау жұмыстары әзірленеді.

Республика көлемінде құрылып, әрбір өңірде жұмыс істеп келе жатқан дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарына тікелей қатысу және әдістемелік көмек көрсету де біздің орталықтың міндетіне жатады. Бұдан тыс, мемлекеттік мекемелерде сұраныс бойынша діни ахуалдың өзекті мәселелеріне қатысты дәрістер оқу, оқыту семинарлары мен түрлі пішімдегі іс-шаралар ұйымдастыру, соның ішінде жастар мен әйелдер аудиториясына қатысты мақсатты жұмыстар жүргізу орталық жұмыстарының елеулі бір бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар, ресми сайтымыз бен әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Жоғарыда аталған бағыттар бойынша көптеген басылымдар әзірлеп, аумақтық дін істері басқармалары арқылы ел көлеміне таратамыз. Өткен жылдың өзінде ғана екі тілде қатар әзірленген «Дінтану негіздері" пәнінің оқытушыларына арналған әдістемелік құрал, мектеп директорларына, оқу орындарының басшыларына, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторларға арналған «Қазақ­стан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар» атты қосымша құрал, «Дін саласындағы өзекті мәселелер жөніндегі 20 сұрақ-жауап» сериясының бес шығарылымы, «Дінтанушы-сарапшының үстел кітабы», «Дінтану сараптамасын жүргізу әдістемелері" атты әдістемелік құрал, «Қазақстандағы діни ахуал мәселелері" атты зерттеулер жинағы, «Имамға көмекші" үстел кітабы және «Дінтанулық зерттеулер» жинағы секілді жиырмадан астам іргелі еңбектер жарық көрді.

− Сөзіңіз аузыңызда, өткен жылдың соңында өткен брифингте сіз «Ханафи әдебиеттері" сериясының кішігірім таныс­тырылымын жасаған едіңіз.

− Иә, бұл серия біздің 2011 жылы Дін істері агенттігі құрылған кезеңнен бастап, үш жыл бойы жасаған еңбегіміздің елеулі жемісі болатын. Серияға енген он бес кітапты еліміздің түкпір-түкпірінен түйірлеп жинап, кейбірін аудартып, редакциялап, кейбірін қайта баспаға даярлап, серияның аты мен логотипін ойлап тауып, дизайнына дейін негізгі идеяларды жүзеге асыру өзіме нәсіп болды.

Серияға енген әрбір кітаптың өзіндік дайындалу тарихы бар. Мысалы, Имам Ғазалидің «Бақытқа жету әліппесін» («Кимйаи-саадат») кезінде оңтүстіктің белгілі ақыны, марқұм Тұрсынәлі Айнабековтің аударғанын кездейсоқ бір мәліметтен оқып қалдым. Содан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының мамандары арқылы марқұмның отбасымен байланысып, қолдарындағы жалғыз нұсқаның көшірмесін алдық. Мәтінді қайта тергізіп, толығымен қайта редакцияладық. Мұрагерлерімен бас­па арқылы келісімшарт жасасып, қайта басу құқығын алып, бұрын осы кітапты жариялаған «Қасиет» баспасына сілтеме жасай отырып, жарыққа шығардық.

Ал Ғазалидің «Жан тәрбиесі" кітабын Оңтүстік өңіріне жасаған кезекті сапарымда діни кітаптар дүкенінен кезіктірдім. Осы кітаптың алғысөзінен ғұламаның «Аллаға махаббат» атты еңбегінің де қазақ тіліне аударылғанынан хабардар болдым. Аудармашысы өзіміздің замандасымыз, исламтанушы ғалым, көптеген исламдық еңбектерді отандық оқырманға таныстырған Жалғас Сәдуақасұлы болып шықты. Сол кісімен байланысып, қос кітаптың аудармасын қайта баспаға даярлаттық.

Әбу Ханифа имам Ағзамның «Ең үлкен фикһ" («Фикхул акбар») және «Өсиеттер» («Уасият») кітаптарының аздаған аударма нұсқаларын салыстыра келіп, замандас авторымыз Ризабек Батталұлының аудармасына тоқталдық. Автор сол кезеңде Египет Араб Республикасында оқуда болатын, сәті түсіп, Каирге барған сапарымызда жолығып, аударманың электрондық нұсқасын алып, жарыққа шығардық.

Мұхаммед ибн Мұхам­мед Шымыр би (Алты­бармақ) баба­мыздың екі томдық «Мұ­хаммедтің пай­ғамбарлық дәлелдері" («Маъа­рижун-нубууа») кі­та­бы мен Сопы Аллаяр­дың «Әлсіздердің табан­дылығы» («Саъбатул ажи­зин») кітабын отандық автор, исламтанушы Зәріпбай Оразбайдың аударғанынан өзімізге дінтану сараптамасына келіп түскен «Қазыналы Оңтүстік» сериясының басылымдары ар­қы­лы хабардар болдық. Ол кісіні сонау Қа­зығұрт төріндегі мекеніне іздеп барып, көне кітаптардың інжу-маржандарын жинақтаған жеке кітапханасымен танысып, аталған ең­бектерді қайта даярлауына мұрындық болдық.

Белгілі татар ғалымы Ахмад Һади Мақ­судидің «Ислам ғибадаты» («Ъибадатул-ис­ламия») атты еңбегін кезекті зерделеу жұмыстары барысында «Нұр-Астана» мед­ре­сесі ұстаздарының кітап қорынан кезік­тірдік. Бүкіл Орталық Азия, Қазақстан және Татарстан медреселерінде 100 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз қолданылып ке­ле жатқан тілі жатық, мазмұны толымды бұл оқу құралын ұстаздар араб әліпбиімен жазыл­ған көне түрікше нұсқасынан дәріс үстін­де қолма-қол аударып, түсіндіріп келеді екен. Осы қиындықтың кілтін табу мақса­тында аталған медресенің сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі Хасан Аманқұловпен кеңесе отырып, кітапты медресе ұжымының күшімен қазіргі әліпбиге көшіртіп, баспаға даярладық.

Қазіргі бірқатар белгілі дінтанушылар Ершат Оңғаров, Еркінбек Шохаев, Мұхитдин Исаұлының кітаптары, сонымен қатар, өзімнің «Дін. Дәуір. Дәстүр» атты еңбегім де осы серия аясында жарық көрді.

Кітаптардың соңғы дизайндық үлгісін әзірлеуге «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Хик­мет» телестудиясының мамандары көмек­тесті. Серия басылымдары «Әлеуметтік маңы­зы бар әдебиет түрлерін шығару» бағдар­ла­масы аясында екі мың данамен «Бас­палар үйі" баспасы арқылы жарыққа шығып, ел аумағындағы барлық кітапханаларға таратылды. Аумақтық дін істері басқармаларына, ме­шіттер мен медреселерге Дін істері коми­теті арқылы жолданды. Еліміздегі бар­лық дінтану кафедраларына осы жылы орталық­пен жасалған меморандумдар барысында өз қолыммен табыстадым.

− Жаңа жобаларыңыз жайлы бірер сөз айта кетсеңіз.

− Үстіміздегі жылы «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары: теориясы мен тәжірибесі" атты ақпараттық-анықтамалық материал, «Өңірлердегі діни ахуалды зерде­леудің тәжірибелік мәселелері" атты әдіс­темелік ұсынымдар, «Мемлекет, қоғам және дін» атты мемлекеттік мекеме қыз­мет­керлеріне, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелеріне, дін қызметкерлеріне арнал­ған көмекші құрал, «Өңірлерде БАҚ өкіл­дерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі әдістемелік құрал», «Қа­зақ­стандағы зиярат орындары: жай-күйі, руха­ни-танымдық маңызы және өзекті мәсе­лелері" атты талдамалық материал әзірленді.

Қазір радикалды идеологияға арбалған топтармен мақсатты жұмыстар жүргізу жөніндегі әдістемелік құрал, дінтану кафедралары оқытушыларына арналған ақпараттық-танымдық жинақ, әйелдер аудиториясымен жұмыс жүргізу жөніндегі ақпараттық-әдістемелік құрал, «Дін сала­сындағы өзекті мәселелер жөніндегі 20 сұрақ-жауап» сериясының және «Дінта­ну­лық зерттеулер» жинағының жаңа шы­ғарылымдары дайындалуда. Діни ахуалды тікелей зерделеу мақ­сатында еліміздің бар­лық аймақтарына жап­пай іссапарлар ұйымдас­ты­руды жүзеге асырудамыз.

Үстіміздегі жылы Қа­зақ радиосымен бірлесіп «Дәс­түрлі құндылықтар» атты хабарды эфирге шығарғалы отырмыз. «Қазақстан дін­танушылары» атты арнайы каталог құрастыру ойы­мызда бар. Сонымен қатар, жылдық жоспарға сәй­кес әрбір қыз­мет­кердің же­ке ғылыми-зерт­теулері жүзеге асырылады, олардың нәтижесі жыл соң­­ын­да ұжымдық жинақтар түрінде жарық кө­реді.

− Елімізге радикалды идеологияның енуіне тосқауыл қоюдың пәрменді бір тетігі ретінде дінтану сараптамасы аталады. Сіз кезінде Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасын басқардыңыз. Қазір өзіңіз басқаратын орталық дінтану сараптамасымен тікелей айналысады. Осы үдерістің бүгінгі жағдайына тоқталып өтсеңіз.

− Қазақстандағы дінтану сараптамасын жүргізу тәжірибесі 2007 жылдан бастау алатыны белгілі. Бүгінге дейін жалпы саны 26 000-нан астам нысан дінтану сараптамасынан өткен болса (оның ішінде аталым саны — 7000-ға жуық, қалғаны — қайталанған нысандар), соның негізгі бөлігіне — 5000-ға жуық нысанға біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығында сараптама жүргізілді. Соның ішінде 462 нысанға теріс қорытынды беріліп, олардың ел аумағына енуіне тосқауыл қойылды.

Дінтану сараптамасы жылдар бойғы қажырлы еңбек пен орасан зор күш-жігер нәтижесінде бүгінгі деңгейге жетті. Бұл деңгей — нормативтік-құқықтық тұрғыдан толығымен қамтамасыз етілген, сарапшыларды біліктілігіне сәйкес іріктеу үдерісі қалыптасқан, сараптама жүргізу тәртібі толық айқындалып, әдістемелік тұрғыдан бел­гілі бір дәрежеде жетілген, сараптамадан өткен нысандардың толық мәліметтер базасы жа­сақ­талған, құжаттамалық қамтамасыз ету тәрті­бі жолға қойылған деңгей болып табылады.

Қазір орталық тарапынан жылына орта есеппен 1000-1100 нысанға сараптама жүр­гізіледі. Дінтану сараптамасын жүргізу жөнін­дегі әдістемелік құрал жыл сайын жетіл­діріліп, қайта шығарылып отырады. Орта­лық сарапшыларға арналған оқыту семи­нарын өткізіп, сертификаттар табыстау­ды дәстүрге айналдырған. Әділет министр­лігінің Сот сараптамасы орталығы секілді әріптес мекемелермен қарым-қатынас жолға қойылған, меморандумдар негізінде бір­лескен шаралар жүргізіліп, ақпарат және тәжірибе алмасылып отырады.

− БАҚ-тарда сіз басқаратын орталық өткізген іс-шаралар жайлы жиі жарияланып жатады. Мұндай жұмыстардың барлығы алдын ала жоспарлана ма, әлде сұраныспен жүргізіле ме?

− Жылдық жоспарда іс-шаралардың саны емес, оларға қатысу көзделетіні көрсетіледі. Жыл бойы еліміздің барлық аймағынан ақ­параттық-түсіндіру топтарының жұмы­сына қатысып, дәрістер оқу және топ мүше­леріне арналған оқыту семинарларын өткізу жөнінде сұраныстар көптеп түседі. Тақы­рып­тық бағытына қарай мұндай шараларға орталық мамандарын іріктеп жіберіп отырамыз.

Кей жағдайда жекелеген өңірлерде бір­неше маманның қатысуымен екі-үш күндік семинарлар өткіземіз. Мысалы, мамыр айында Қарағанды облысының Сәтбаев қа­ласында «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және ішкі тұрақтылық мәселелері" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және осы тақырыпта мемлекеттік қызметкерлерге, дін қызметкерлеріне, ақ­па­раттық-түсіндіру топтарының мүше­леріне, «Дінтану негіздері" мұғалімдеріне арналған үш күндік семинар өткіздік.

Өңірлердегі діни ахуалды зерделеу мақсатындағы қызметтік іссапарлар барысында өзіміз де екі жақты тиімді болуы үшін мақсатты түрде оқыту семинарларын қоса жүргіземіз. Сонымен қатар, Дін істері комитетінің жоспарлы ақпараттық-түсіндіру шараларына да қатысып, ел аймақтарын жиі аралаймыз. Ал мемлекеттік органдарға жыл басында жасалған кесте негізінде арнайы сұраныстар бойынша барып, тақырыптық дәрістер өткіземіз. 2015 жылдың тоғыз айындағы есеп бойынша осындай 88 іс-шараға атсалыстық.

− Ал өзіңіз айтып өткен өңірлердегі діни ахуалды зерделеу қалай жүзеге асырылуда?

− Еліміздегі шынайы діни ахуалды талдап-таразылау үшін әрбір өңірдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып зерделеу өте маңызды. Бұл орайда, бұған дейін де дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзіндік тәжірибесі жинақталған, өңірлердегі діни ахуалды зерделеу әдістемесі де жасақталған. Үстіміздегі жылы біздер осы тақырыптағы әдістемелік ұсынымдарды тәжірибелік тұрғыдан жетілдіріп, қайта әзірледік. Қазіргі зерделеу жұмыстары осы жаңа әдістемеге сәйкес жүзеге асырылуда.

Бұл жерде бірінші кезекте өңірлердегі діни ахуалды тікелей қадағалайтын жергілікті әкімдіктер жанындағы дін істері басқармалары мен Дін мәселелері жөніндегі зерттеу мекемелерінің қызмет нәтижелері, олар жүргізген әлеуметтанулық зерттеулер қорытындысы назарға алынып, шынайы ахуалмен сәйкестігі салыстырыла тексеріледі. Сонымен қатар, тұрғын халықпен, діни бірлестіктер өкілдерімен, діндарлар қауымымен, еңбек ұжымдарымен, студент жастармен, мектеп оқушыларымен, мемлекеттік қызметкерлермен, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерімен, «Дінтану негіздері" пәнінің оқытушыларымен кездесулер өткізіліп, фокус-топтық талдау жұмыстары жүргізіледі. Сауалдамалар алынып, сұрақ-жауап пішіміндегі шаралар ұйымдастырылады. Жергілікті баспа және электрондық БАҚ жарияланымдары зерделенеді. Осы жұмыстардың нәтижелеріне талдау жасала отырып, жергілікті діни ахуалдың нақты жай-күйі жайлы қорытынды шығарылады. Болжам ғана жасалмайды, болашақ бағыттар да белгіленеді, қай салада басым жұмыс жүргізіп, нендей шараларды жетілдіру қажеттігі айқындалады. Осындай нәтижелерге сүйене отырып, қазіргі кезеңде дін саласындағы зерттеулер әдістемелік тұрғыдан да, тұжырымдамалық негізде де жаңа деңгейге көтерілді деуге болады.

− Әңгімеңізден нардың жүгін көтерген ұжымды басқарып отырғаныңыз бай­қа­лады. Күрделі де күрмеулі дін саласының маманына ең қажетті нәрсе не дер едіңіз?

− Қабілет пен қасиетті қатар атар едім. Бұл салада жалаң біліммен ғана қарулану жеткіліксіз. Кей мамандардың меңгерген білімі мен жаттаған ақпараты дін дүниесімен, діндарлар әлемімен бетпе-бет келгенде кәдеге аспай қалып жатады. Қоғам өмірінің қажеттілігі мен шындығы, рухани құндылықтардың бастау-бұлағы, өркениеттер негізі, руханият өзегі болған дінді сырттай оқып-түсіну қиын. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана зерттеп-зерделеуге, күрмеуін тарқатуға, шешуге болады. Дін мен дін еместі ажыратып алу үшін де талдағыштық қабілет қана емес, сезгіштік, тіпті, сезімталдық қасиет, руханилыққа бір табан жақын болмыс қажет.

Осындайда мына бір хадис ойға оралады. Мұхаммед пайғамбардан бір бәдәуи: «Қиямет қашан болады?» — деп сұрайды. «Аманатқа қиянат жасалса, қияметті күте бер», — дейді пайғамбар. «Ал аманатқа қай кезде қиянат жасалады?» — деп сұрағанда, «Әр іс өзінің иесіне тапсырылмаса, аманатқа қиянат жасалғаны», — деген екен Мұхаммед пайғамбар. Дін саласында да әрбір іс өз маманына тапсырылғанда шешімін таппақ.

Осы хадисті әрі қарай талдап-түсіндірген атақты ислам ғалымы Ибн Хажар әл-Асқалани «Әр іс өз иесіне қандай жағдайда тапсырылмауы мүмкін?» — деген сұраққа: «Білім азайған кезде», — деп жауап берген екен. Біз үшін де маңыздысы дін саласындағы шы­найы білімді тереңдету болмақ. Соқ­пақ­тар­дың сорабын, сауалдардың жауабын табатын жасампаз буын сонда бой түзейді.

− Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».

Өзгерту: 17.11.2015