Мақалалар мен сұхбаттар

29.05.2015

Ономастика мәселесінде ойластырар тұстар бар

"Егемен Қазақстан" газеті. 29.05.2015 ж.

 

Ономастика – бүгінгі қазақстандық қоғамда саяси және әлеуметтік жүгі салмақты, елдің кез келген азаматын, соның ішінде республиканың байырғы тұрғындарын селсоқ, енжар қалдыра алмайтын мәнді де маңызды мәселеге айналып келеді.

Осы ономастикамен үнемі қатар тұратын, еншісі ешқашан бөлініп көрмеген тағы бір мәселе – көрнекі ақпарат екені тағы да айқын. Бұл екеуін қазіргі кезде тәуелсіздік талаптарына сәйкестендіру қажет­тігі де аз айтылып жүрген жоқ.

Отан­дастарымыздың арасында осыған қатысты түйткілді тұстар мен шешімін тауып үлгермеген жәйттер ауызға жиі оралса, кеше Орал қаласында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті өткізген «Ономастика және көрнекі ақпарат» мәселелері атты республикалық дөңгелек үстелдің басты арқауына да осы түйінді мәселелер өзек болды. Оны ашып сөйлеген комитет төрағасының орынбасары Серік Сәлемов қазіргі кезде ономастика мен көрнекі ақпарат мәселелеріне бірінші кезекте мемлекет құраушы ұлт мүдделі болуы керектігі жөнінде ой қозғады.

Сонымен бірге, ол тіл мәдениетін жақсарту жөніндегі жұмыстарға жаңаша серпіліс қажеттігіне тоқталды. Бұдан кейінгі кезекте дөңгелек үстелге қатысқан Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, республикалық ономастика комис­сиясының мүшелері, жарнама саласының басы-қасында жүрген мамандар, үкіметтік емес ұйымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, талқыланып отырған мәселеге қатысы бар министрлік сарапшылары өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Парламент Сенатының депутаты, ел Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Жабал Ерғалиев мәселенің мәнісін әріден қозғап, тұтастай қазақстандық қоғамдағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі көтеру туралы әңгімеледі.

«Тіл – ұлттың жаны, рухы, ойы мен санасы. Бүгінде мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі күрделі кезең артта қалды. Қазіргі күні бұл жөнінде арнайы заң бар. Тек соның орындалуын назарда ұстауға тиіспіз. Бұл ретте өзге этнос өкілдеріне кінә тағудың ешқандай қажеті жоқ. Мәңгілік Ел болуға керекті басты алғышарттардың бірі – тіл, ел және жер. Осы ойды санамызға сіңіре алсақ, тіл мәселелеріндегі түйткілді тұстар өздігінен шешілер еді», деді депутат.

Бұдан әрі сенатор жарнамалар мен іс қағаздарының қазақша нұсқасы мен мәтініне, яғни аудармасына көңіл толмайтынын айта келіп, оның түп-төркіні өз тілінің уызына жарымағанынан орын алатынын бейнелі түрде жеткізді. Яғни, ана тілін үйретуді бесіктен бастау жөніндегі тәрбие алға шығуы керектігі жөнінде ой қорытты.

Дөңгелек үстелде сөз алған белгілі абайтанушы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситеті гуманитарлық ғылымдар институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов қазіргі күні жарнама – идеологиялық құралға айналып отырғанын айта келіп, осы таптырмайтын теңдесі мені баламасы жоқ ішкі саясаттық мәні бар тетікті тиімді түрде пайдалана білу жөнінде сөз сабақтады.

«Бұл жөнінде шетелдіктердің оң тәжірибесінен үйренгеннің де артықшылығы жоқ. Оның қажеттісін алып, оған ұлттық дәстүрлерімізді сақтауға және оны ұдайы ұстануға бағытталған мәтіндерді жазуымыз керек. Біздің қазіргі дертіміздің бірі – ежелгі дәстүрімізден қол үзіп бара жатқанымыз. Оны оралтуға жарнаманың ықпалдық күшін пайдалану артықтық етпейді. Бүгінгі күні жарнамаға да өз ұлтымыздың мүддесі мен көзқарасы тұрғысынан келуге нақты қадамдар жасай алсақ, бұдан бәріміз де ұтамыз», деп түйін жасады ғалым.

Орал қаласында өткізілген ономастика және көрнекі ақпарат мәселелеріне арналған басқосуда оған қатысушылар бірін бірі толықтырып, байытып отырды. Соның бірі жер-су атауларының түп төркінін зерделеуден бастау алады. Қазақстанның батыстағы қақпасы Орал Ресейдің Саратов, яғни түркі тілінен аударғанда Сарытау аймағымен қолтықтасып, қойындасып жатыр. Ата-бабаларымыз о бастан Еділ мен Жайықтың аралығын емін-еркін жайлаған. Осы кеңістікте жер-су атаулары көне түркі, татар және қазақ тілдерінде сақталып келген. Бұл жөнінде 1845 жылы жиырмаға да тола қоймаған жас өрен Николай Чернышевский толыққанды реферат жазып, 365 түркі тілдес жер-су атауларын анықтаған.

«Мұндай түркілік тұрпаттағы топонимдер Ресейдің Краснояр, Астрахань және Волгоград өңірлерінен де көп табылады, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов. – Ал біз кей жағдайларда төл-топырағымыздағы ежелгі атауларды әлі қайтарып бере алмай келеміз. Мұндай жағдай тәуелсіздік талаптарымен еш сәйкеспейді. Өзгесін айтпағанда, Сарыарқаның кіндік тұсында Степногорск деген қала атауы әлі күнге дейін өзгермей тұр. Түгін тартса майы шыққан бұл шұрайлы да құнарлы жер о баста паң Нұрмағамбеттің жайлауы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді».

Дөңгелек үстелде белгілі батыс­қазақстандық ғалым Мұрат Сабыр тіл, ономастика және көрнекі ақпарат туралы бағдарламалар қабылданған кезде оның орындау тетігі де қоса көрсетілуі керектігі жөнінде пікір білдірсе, «Мемлекеттік тілді» дамыту қоры корпоративтік қорының директоры Азат Шауеев соңғы жылдары ақпараттық технология мен әлеуметтік желілердің көмегі арқылы тілдерді үйренудің тың тәсілі енгізіліп жатқаны жөнінде әңгімеледі. Ал «Айқын» республикалық газетінің бас директоры Нұртөре Жүсіп соңғы кезде ономастикалық кеңістікте қалыптаса бастаған жаңа атаулар және оның күрделі мәселелері жөнінде сөз қозғады.

Дөңгелек үстелге құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысып, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәселелерін тексеру жұмыстарының жәй-күйіне қатысты тиісті түсініктер берді. Бұл орайда, Қарағанды облысындағы тілдерді дамыту басқармасы мысалында әңгіме өрбіткен Әсет Аманжоловтың пікірі де салмақты болды. Осы тұста дөңгелек үстелді жүргізіп отырған С.Жақсылықұлы мұндай тәжірибеге өзге өңірдегілер де назар аударуы керектігін ескертті.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Серік Сәлемов басқосуда көтерілген ой-пікірлер мен ұсыныс-тілектердің ешқайсысы аяқсыз қалмайтыны жөнінде түйін жасады. Оның бәрі жан-жақты сарапталып әбден илеуі қанғаннан кейін Президент Әкімшілігіне ұсынылмақ. Сонымен бірге, дөңгелек үстел материалдарының басты қорытындылары негізінде тұжырымдама әзірленіп, арнайы жинақ шығарылмақ.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

 Батыс Қазақстан облысы



Өзгерту: 29.05.2015