Мақалалар мен сұхбаттар

22.04.2015

«Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатына» байланысты табылған құжаттар

 

Әр елдің өз тарихы бар. Тарихта адамзат баласының басынан көптеген оқиғалар өтті. Бірақ, ел тарихындағы Ұлы Отан соғысының беттері ерекше. Сол бір жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін күйретуші күш — соғыс жалынының өшкеніне биыл 70 жыл толып отыр. Бұл сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, ерлігімен, туын жықпай, намыс үшін туған жердің топырағын таптатпай, жауының тауын шағып, туын жағып, жеңістің таңбасын басқан күн.

Барды жоқ ететін, тауды жер ететін осынау қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радио-телехабарлар, деректі фильмдер ата-бабалар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығынан» табылған, Қазақстанда 1943 жылдың 7 ақпанда газет беттерінде жарияланған «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хатының" алдында еліміздің түкпір-түкпірінде қол жинау науқаны жүргізілгенін растайтын баға жетпес құнды құжаттар — осының бір дәлелі іспеттес. Күні бүгінге дейін басылым беттерінде осы хатқа 2 631506 адамның қол қойғандығы туралы айтылып келеді. Хатты жариялаудан бұрын мәтінін халыққа таныстырып, қол жинауға байланысты іс-шаралардың жүргізілгені жайлы бұған дейін айтылған айтылмағаны бізге беймәлім.

Орталықтағы барлығы 281 атаудан тұратын газет қорын ретке келтіру барысында аталған хатты қолдап, 10 тігіндіден тұратын қол қойылған құжаттар (хаттамалар, қаулылар және қолдар тізбесі) табылды. Бұл құжаттар республикамыздың Гурьев, Орал, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан жинақталған екен. Жалпы саны 45535 адамның қолы бар, оның ішінде Гурьевтен 17511, Оралдан 4613, Қызылордадан 7602, Шығыс Қазақстаннан 15809 қол жинақталған.

Орталықтағы бұл құжаттар — Қазақстан тарихы үшін аса бағалы байлық. Құжаттардың жазылу мерзіміне қарасақ, халықтан қол жинау науқаны 1943 жылдың қаңтар айынан басталған. Хаттың мәтіні газеттік форматта көптеген тиражбен шығырылып, халыққа таныстырылған. Бұл шара барысында әрбір жиын бойынша халықтың хатпен танысқандығы жайында түрлі хаттамалар (протокол) толтырылған. Хаттамалардың соңында бос орындар қалдырылып, оған колхоз, совхоз тұрғындарының, әр түрлі жұмыс орнындағы қызметкерлердің аты-жөндері жазылып, қолдары қойылған. Жазулар кириллица, араб, латын, корей әріптерімен берілген. Осы тұрғыдан қарағанда хаттамалар мен қаулылардың тілінен, жазылу стилінен, құрылымынан сол жылдардың өзіндік ерекшелігін көреміз. Сонымен қатар сол елді-мекендердің тұрғындарының құрамы, жиналысқа қанша ер, қанша әйел адам қатысқандығы жөнінде нақты саны көрсетілген. Майдандағы ұл-қыздарына, туысқандарына күш-жігер беріп, рухтандыру мақсатында халық бұл науқанға мектеп оқушыларынан бастап, зейнет жасындағы қарттарға дейін бір кісідей ат салысқан. Соның бір дәлелі ретінде Гурьев облысының Мақат советінде жазылған мына бір хаттамаға назар аударсақ (құжаттағы мәтін еш өзгертусіз берілді):

 

Протокол

 

1943 жылы 11 январь күні Мақат советіндегі Киров колхозының колхозшыларының көпшілік жиналысы болды.

Қатысушылар 46. Пом. начальник отд. № МТС Ж. Қуатов

Протокол пред. — Алпысбаев

Секретар — Кобенов

 

Күн тәртібі

1) Қазақ халқының фронттағы қазақтарға жазған хатын талқылау

2) Ұйымдастыру

 

Тыңдалды

Мәселе Қазақ халқының фронттағы қазақтарға жазған хатын жолдас Қуатов оқып өтті.

 

Сөйлеушілер:

І. Алпысов М. (пред. к-з) өз сөзінде: — Менің жасымның келіп қалғанына қарамастан, бұдан былай неміс армиясын СССР территориясынан қуып шыққанға дейін к-з. көпшілігіне, оның өндірісіне өз басшылығымды барған сайын арттырамын. К-зды қуатты, к-зшыларды ауқатты ету үшін кірісемін.

ІІ. 62 жастағы қарт Джылкыбаев С. былай дейді: — Мен өз басым жазылған хатты қуанышпен қарсы ала отырып, жұмысты күндіз-түні аянбай істеймін.

ІІІ. 14-15 жастағы қыз бала Нургазиева М. өз сөзінде: — Мен 42 ж. 8 ай ішінде к-зшылардың алдыңғы қатарынан саналып 362 еңбек күн қаратсам, ал биыл 43 жылы одан да асыра еңбек істеймін деді.

ІV. Красноармейка Шалғынбаева: — Менің күйеуім 8-9 ай фронтта содан бері бір күн проголсыз жұмыс істесем, бұдан былай да істеймін.

  1. Кобенов, Алпысбаев 43 ж. егіс дайындығы мен мал қыстауы жұмысын ойдағыдай орындаймыз.

 

Қаулы

Қазақ халқының фронттағы қазақтарға жазған хатын оқып төм. қаулыға келеміз:

1) Герман фашистерін совет жерінен қуып шығу үшін қазақ халқының жазған хатын қуанышпен қарсы аламыз. Бұл үшін өзіміздің түрлі саяси шаруашылық жұмыстарымызды мезгілінен бұрын орындаймыз.

2) 43 ж. егіске дайындығымызды І/ІІ дейін 100% орындаймыз.

3) 43 ж. мал төлін аман сақтау жолында күрес жасай отырып, мал өсіру планын асыра орындаймыз.

4) К-здағы и к-зшыларымыздың борыштарынан 100% құтыламыз.

 

Тағы бір мысал:

 

Протокол

1943 жылы 8 январь күні шахта строй жанындағы «Шахта» атты орта мектебінің оқытушылары мен оқушылар коллективінің біріккен жалпы жиналысы болды. Күн тәртібінде қойылған мәселе «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын» талқылау.

Баяндама жасаушы: Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшысы жолдас Сұлтанов.

Қатысқан адамдар саны: 135

 

Тыңдалды

Баяндамашының баяндамасын жиналған жолдастар қуанышпен қарсы алып, майдандағы жауынгерлерге алғыс айтып, бар ынталарымен тыңдады.

Жас өспірім патриоттар майдандағы туысқандарына риза болып, алғыс айтып отырды. Жас пионерлер мен комсомолдар қызметкерлері баяндамашының сөзіне ерекше көңіл аудара келіп, майдандағы Қызыл ерлерге тылдағы өндірісіміздегі жұмысты жақсартып, Германияның қан құмар армияларын тез араның ішінде талқандауға Қызыл армияға жәрдем беруге сағат сайын, минут сайын дайын екенімізді көрсете келіп, төмендегі қаулыға келеді:

 

Қаулы

Майдандағы жауынгерлерге жазған хатты жақсы түсінгеннен кейін мектеп коллективі төмендегі пункттерді орындауға міндетімізге аламыз.

1. Өндірістік планды 100% орындап, майданның мүддесіне сай жұмыс жасап, партия мен үкіметтің қойған міндеттерін мүлтіксіз орындап отырамыз.

2. Жас патриоттарды коммунистік рухта тәрбиелеп, саналы тәртіп сақтап, сапалы білім береміз.

3. Мемлекеттік тәртіпті сақтап, өндірістік жұмыстың сапасын арттырамыз. І оқу тоқсанында бастауыш кластарда сабақтың үлгерімі 85,5% болса, екінші тоқсанда тағы да бастауыш кластардың үлгерімін орта мектептің кластарының сабақ үлгерімімен қосып есептегенде 75,7% болды. Ал, кемшіліктерді алдымыздағы ІІІ-IV оқу тоқсанында қайталамай, оқу үлгерімін 100%-ке жеткіземіз.

4. 1942 оқу жылында мектебімізде 144 ударник, отличник болса, ІІІ-IV оқу тоқсанында ударник, отличниктер санын 200-ге жеткіземіз.

Мектепте тазалық сақтап, үздіксіз жұмысты жүргізіп отыру үшін, біз оқытушылар коллективі мен оқушылар толығыменен қамтамасыз етуге жәрдемдесеміз.

Оқытушылар мен оқушылар арасындағы І-жарты жылдықтағы алған міндеттерімізді социалистік жарыстың қорытындыларын ІІ-оқу жылының жартысына толық даярлықпен кірісіп, арамыздағы Социалистік жарысты бұрынғыдан да күшейтіп, әр айдың бірінде қорытындылап тұрамыз.

Оқушылар мен оқушылар арасындағы, кластар мен кластар арасындағы социалистік жарыстың осы күнге дейін болып келген кемшіліктерін қайталамай, алдымыздағы ІІІ-IV оқу тоқсанының ішінде социалистік жарыстың қарқынын күшейтіп, класс пен кластардың арасындағы, оқушылар мен оқушылардың арасындағы социалистік жарысты он күн сайын қорытындылап отырамыз.

Жиналыс бастығы: (Елмұқанбетова)

Жиналыс хатшысы: (Джумагельдиев)

 

Қиын-қыстау заманда қиындыққа мойымай, тарих тезінен жоғалып кетпей, күні бүгінге жеткен қолтаңбаларды көргенде еріксіз тебіренесің. Әркім шамасы келгенше тапқан қағаздарына, тіпті кейбірі кітап парақтарына, сауатының жеткенінше түрлі таңбалармен болсын қол қоюға тырысқан. Осыған қарап-ақ, сол кездегі жағдайдың қаншалықты ауыр болғандығын аңғару қиын емес.

Еліміздің алыс аймақтарынан жинақталған бұл құжаттардың Алматыға жеткізіліп, күні бүгінге дейін сақталуы таңғаларлық жағдай. Алдағы уақыттарда басқа өңірлерден осындай құжаттардың табылып қалуы ғажап емес.

«Ер есімі - ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған ата-бабалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ал осы тарихтың теңдессіз байлығы іспеттес бұл құжаттарды болашаққа жеткізу — бүгінгі ұрпақтың міндеті.

 

 

Пайдаланылған деректер тізімі:

1. Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығындағы газет қорының каталогы. 248, 354 бб.

 

Кеңесбекова Ақмарал,

Тұрсынбек Нұрдина

Құжаттану және мұрағат ісі

жөніндегі ғылыми-техникалық

ақпарат орталығының қызметкерлері

Өзгерту: 22.04.2015